Бүгінде тұрмыстық қалдықтардың экологиялық ахуалды күрделендіріп тұрғаны жасырын емес. Сондықтан оны сұрыптап жинау әрі қайта өңдеу маңызды. Бұл ретте оқушылардың бойында қоқысты жинау, реттеу мәдениетін қалыптастыру бағытында арнайы сынып сағаты өтті.

Лицейдің 7 «Б»-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылған «Қалдықтарды табысқа айналдырайық» сыныптан тыс тәрбие сағаты барысында күнделікті өмірде аса мән бере бермейтін, бірақ маңызды бағыттардың бірі саналатын тұрмыстық қалдықтар тақырыбы қозғалды. Оларды қайта пайдаланудың ұтымды жолдары қарастырылды.

Оқушылармен бірлесе отырып, қалдықтарды қайта өңдеу туралы бейнежазбаларды тамашалап, тәжірибеде ұштастырдық. Шәкірттер аталған мәселе төңірегінде жобалар дайындап, ойларын ортаға салып, ұсыныстарын қорғап шықты.

Атап өтерлігі, лицейімізде экологиялық қорғау шараларының бірнеше түрі қарастырылған. Олардың қатарында пластик қақпашаларды жинау, қоқысты сұрыптау, қалдық қағаздарды жинау сынды жұмыстар бар. Қоқысты кәдеге жарату арқылы экологиялық тазалықты сақтап, оны табысқа айналдыруға болатынын да көрсетеміз.

 

Нұрайым ҚҰРМАНБАЕВА,

Павлодар қаласы дарынды қыз балаларға арналған
«Білім-Инновация» лицей-интернатының тәрбиешісі.