Құтқарушылар — ерекше мамандық иелері. Жаз айларында олардың көмегіне жүгінушілер саны арта түседі. Адам өміріне араша түсіп, құтқару кез келген адамның қолынан келе бермейді. Мұнда жүректі де білікті жігіттер ғана қызмет етеді. Десек те, жұмыстың сапалы орындалуы материалдық-техникалық жабдықтауға да байланысты. Бұл ретте, шешімін күткен түйінді мәселелер бар.

Жақында құтқарушылар тағы бір адамды ажал аузынан аман алып қалды. Куәгерлердің айтуынша, ер адам жағажайда ішімдік ішіп, жалғыз демалған. Оның суға бата бастағанын камерадан байқаған төтенше жағдай қызметкерлері дабыл қағып, құтқарушылар тағы бір мәрте адамның өмірін сақтап қалды.

— Құтқару қызметі күні-түні жұмыс істейді. Бұл – ұжымдық жұмыс. Бір адамды құтқаруға бес құтқарушы қатысады. Тапсырмалар алдын ала беріледі. Ауысымдағы үш сүңгуірдің бірі аға құтқарушы ретінде жұмысты басқарса, екіншісінің сүйемелдеуімен үшіншісі терең суға түсіп, батқан адамды іздеуге кіріседі, — дейді құтқарушы Михаил Тисленко.

Бүгінгі таңда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел құтқару жасағында 96 маман жұмыс істейді. Жалпы, өңірімізде 42 жағажай бар. Қазіргі уақытта арнайы тексеруден өткен жиырма-дан астам жағажай жұмыс істеп тұр. Биылғы шомылу маусымына 195 ерікті құтқарушы-қоғам белсендісі көмекке дайын.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Павлодар қаласы бойынша жедел құтқару жасағы алдын алу жұмыстарын да белсенді жүргізеді. Бұл күні құт-қарушылар «Жігер» балалар мен жасөспірімдер клубының 50 тәрбиеленушісіне құтқару қызметі жөнінде мол мағлұмат берді. Құтқару желеттері мен құралдарын қолдану тәсілдерімен таныстырды. Осыдан соң жағажайға барып, сүңгуір киімін киген құтқарушы сақтық арқанымен суға түсіп, бірнеше минут су астында болып, құтқарушылардың әрекетін тәжі-рибе жүзінде көрсетті.

— Балалар құтқарушы аға-ларының жұмысымен жақын танысты. Олар құрал-жабдықтарды қолдарымен ұстап, киіп те көрді. Құтқарушылардың қызметі туралы мағлұматтарды мұқият тыңдады. Бұл күн балалардың жадында сақталады. Болашақта осы балалардың арасынан да құтқарушылар шығуы мүмкін, — дейді «Жігер» балалар мен жасөспірімдер клубының педа­гогы Айжан Ахмерова.

Құтқарушы болып қызметке орналасу үшін үміткер алдымен психологпен әңгімелеседі. Сынақтан өтсе, үш айлық оқу курсында оқып, емтихан тапсыруы қажет. Мамандардың айтуынша, үміткер үшінші санатты құтқарушы болуы үшін 16 сағат, екінші санатқа өту үшін 300 сағат, бірінші санатқа өту үшін 1000 сағат су астында болуы қажет.

— Жалпы, біздің жұмысымыз ауыр. Сондықтан бұл салада адам тұрақтамайды. Жылына он адам келсе, оның біреуі ғана қатарда қалуы ықтимал. Бір-екі жыл істеп, жұмыстан шығып кетеді. Физикалық жағын айтпағанда, адамға психологиялық жағынан көп салмақ түседі, — дейді он бес жылға жуық тәжірибесі бар құтқарушы Михаил Тисленко.

Балалар ересектердің қара-уынсыз су айдындарына бармауы қажет. Жалғыз жүрген жасөспі-рімдер ювеналдық полицияға тапсырылып, ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

— Кейбір демалушылар шомылуға арналмаған жерлерде, көзден тасада отырып, ішімдік ішіп демалуды қалайды. Бұл құтқару жұмысын едәуір қиындатады. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында арнайы жабдықталмаған орындар көп. Мұндай жерлерде шомылу – өте қауіпті, — дейді құтқарушы Дәурен Әділханов.

Павлодарлық құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасы сын көтермейді. Соңғы 6-7 жыл бойы жаңартылмаған. Гидрокостюмдер, қайықтар, тыныс алу аппараттары, арнайы көліктер базасы қайта жарақтандыруды қажет етеді. Әр құтқарушыда жеке-жеке болуға тиіс гидрокостюмдерден әзірге екі кезекші, екі қосалқы костюм бар. Басшылыққа ұсыныстарын жеткізген құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтар жақында жаңар-тылады деген сенімде.

Т.ӘБІЛДА.