Қазақ даласының ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев талай марғасқа азаматтарға дос болып,  қолдау көрсеткен. Қазақ халқының тарихын зерттеуде еңбегі ерен археологтың бірі – Хасан Алпысбаевқа да геолог ғалымның шарапаты тиген.

 

Бұл туралы редакциямызға арнайы хабарласқан Павлодар қаласының тұрғыны Гауһар Ергебаева айтты. Қарияның сөзіне сүйенсек, атасы Тоқсанбай Ергебайұлының Кәкіш, Қабиден және Алпысбай деген аға-бауырлары болған.

— Менің атам 4 ағайынды болған. Хасан — Алпысбай атаның ұлы. Ол танымал археолог, ғалым Алексей Окладниковтің шәкірті болған. Біз Хасан Алпысбаевтың Қазақстанға қай жылы келгенін білмейміз. Өйткені 1930 жылы ашаршылық кезінде біз Хасанды қайтыс болды деп ойладық. Сол уақытта менің атам 5 қызы мен екі ұлын алып Сібірге барады. Ал Алпысбайдың әйелі Сібірге барудан бас тартады. Сөйтіп, олар ұлы мен қызын алып Оралға кеткен. Өкініштісі, ашаршылық кезінде әйелі екеуі көз жұмады. Ал Хасан мен қарындасын нағашылары балалар үйіне тапсырған. Содан біз бұл балаларды көз жұмды деп ойладық. Хасан Алматыға келгеннен кейін өзінің Павлодарда туғанын естіп, атамды тауып алады. Іштегі өкпе-ренішін айтып табысады.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Ленинградқа барған сапарында археологиялық жұмыстармен Алексей Окладниковтың орнына Хасан Алпысбаевты таныс-тырады. Сол кезде Хасанның шеберлігіне таң қалған Сәтбаев: «Бір қазағымыз осындай жапон да бола алмады ғой» деп айтыпты. Мұны естіген Хасан: «Қаныш Имантайұлы, мен — жапон емес, қазақпын» деп айтыпты. Бұл сөзді естіген Қаныш Сәтбаев орнында тұрып қалыпты. Кейін Хасаннан өмірбаянын сұрап алады. Ол қарындасының соғыс кезінде балалар үйінен көшеге шығып кеткен уақытта қаза тапқанын, қайда жерленгенін білмейтінін, өзінің жалғыз екенін айтқан. Оқуды жақсы оқығанын көрген А.Окладников өзіне көмекші қылып алғанын жеткізген. Қаныш Имантайұлы елге оралған соң оны Қазақстанға алдыратынын, үймен қамтитынын  айтқан. Сөйтіп, Хасан Алпысбаев туған жеріне оралған. Мұны біз білмедік. Өзі туған жері Баянауыл екенін кішкентайынан білген екен.

Хасанның бірінші әйелінен қызы мен ұлы бар.  Бірінші жолдасы Баянауылдан екен. Біз оны көрмедік. Ал екінші рет үйленгенде біз тойға бардық. Екінші жолдасынан қызы бар, — дейді Гауһар Сапарғалиқызы.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Хасан Алпысбаев — Қазақстанның көне тас дәуірінің алғашқы зерттеушілерінің бірі. Тарих ғылымдарының кандидаты, кеңестік қазақ тарихшысы, археолог. Бөріқазған және Тәңірқазған сияқты ескерткіштерді ашқан. Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің тарих факультетін «археология» мамандығы бойынша 1950 жылы тәмамдады. Университетті бітіргеннен кейін Оңтүстік түркімен архео-логиялық кешенді экспедициясында, 1954 жылдан 1957 жылға дейін КСРО Ғылым академиясының палеолит секторында аспирантурада оқыды. Содан кейін Солтүстік Қазақстан және Іле археологиялық экспедицияларының стационарлық және маршруттық отрядтарының құрамында жұмыс істеді. 1957 жылдың қыркүйегінен өмірінің соңына дейін Хасан Алпысбаев Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында археологиялық экспедицияларына белсенді қатысып, палеолит отрядтарының далалық және ғылыми жұмыстарын басқарды. Оның жетекшілігімен Қаратау жотасының солтүстік беткейлерінде палеолит дәуірінің бірқатар тұрақтары ашылды.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.