Биыл балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ертіс ауданының Құрметті азаматы Мүбәрак Жаманбалиновтың туғанына – 100 жыл. Жерлесіміздің мерейтойы қарсаңында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада арнайы жиын өтіп, «Ертіс Жаманбалиновты оқиды» жобасы таныстырылды.

 

Шараға зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, мәдениет және БАҚ саласының қызметкерлері, М.Жаманбалиновтың ұрпақтары қатысты. Мерейтойға жиналған қонақтарға Ертіс балалар өнер мектебінің қазақ ұлттық аспаптар ансамблі күйден шашу шашты. Ауқымды жиын Мүбәрак Жаманбалинов туралы естелік бейнебаянды тамашалаудан басталды.

Ертіс орталықтандырылған кітапхана жүйесі аудандағы мектептерде «Ертіс Жаманбалиновты оқиды» жобасын ұйым-дастырып, оның аясында оқушылар ақын өлеңдері мен шығармаларын жатқа оқудан жарысқан. Әу баста акция негізінде бастау алған шара 6 жыл қатарынан ұйымдастырылып үлкен жобаға айналғанын атап өткен жөн. Мазмұнды шарада жүзден жүйрік деп танылған балалар өнерлерін ортаға салды. Бұл ретте №2 Ертіс жалпы орта мектебінің 4-сынып оқушысы  Еркеназ Мадиярқызы «Балақан мен долана», №4 Ертіс жалпы орта мектебінің 3-сынып оқушысы Аяулым Төлеген «Екі қол» өлеңдерін жатқа оқыды.

Жиында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан шараның маңыздылығына тоқталып, мерейтой қарсаңында атқарылатын ауқымды жұмыстарды атап өтті.

– Ел үшін қызмет еткен тұлғаларды ұлықтау бүгінгі ұрпақтың қарызы мен парызы деп білемін. Өңірде халқымыздың беткеұстар қайраткерлерін насихаттау шарасы жыл сайын жалғасын табуда. Биыл өңіріміздің мәдениеті мен әдебиетіне еңбегі сіңген ұлы тұлғалар – Шоң би Едігеұлының 270 жылдығы, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдығы, Әлкей Марғұланның 120 жылдығы, Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзиннің 105 жылдығы, Шәкен Аймановтың 110 жылдығы, Суат Әбусейітовтің 95 жылдығы, Сүлеймен Баязитовтің 80 жылдығы және т.б. мерейтойлар аталып өтуде. Сондай-ақ, әдебиет әлеміне 1950 жылдары келген балалар ақыны, қазіргі Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің меншікті тілшісі болған тіл жанашыры, еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған жерлесіміз Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдық мерейтойы. Оның «Айнабұлақ», «Ертіс лебі», «Кішкентай достарға», «Балғын гүлдей балақан» атты өлеңдері сол кездегі балалардың сүйікті шығармалары болды. М.Жаманбалинов ақын, жазушы ғана емес, қайраткерлігімен де танылған тұлға. Баршамызға ақынның мерейтойы құтты болсын. Болашақта көп жоспар бар. Ақынның мерейтойы қарсаңында аудандық балалар кітапханасына, Ертіс ауданы орталығындағы көшеге Мүбәрак атамыздың есімі берілсе деген  тілегіміз бар. Бұл жұмыстар мерейтой қарсаңында жүзеге асырылады деген ойдамыз, – деді М.Тауасқан.

Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері Мүбәрак Жаманбалинов туралы естеліктерімен бөлісті. «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Ғалымбек Жұматов ақынның балаларға арналған өлеңдерінің әлі де мазмұнды екенін, ұрпаққа берері мол қазына екенін атап өтті. Оның сөзінше, Мүбәрак Жаманбалинов мектепте мұғалім болып қана қоймай, облыстық газетке қалам тербеп, жазушылық қырымен де танылды. Ертіс ауданын елге танытқан да осы ақын.

ҚР Мәдениет қайраткері, журналист, Павлодар облысының Құрметті азаматы Ғалия Балтабай Мүбәрак Жаманбалиновтен тәлім алғанын айтып, мақтан етті.

– 7-сыныпта оқып жүргенімде әдебиет сабағы өтіп жатқан кезде кабинетімізге Мүбәрак Жаманбалинов келді. Ол кісі: «Әдебиетке жақын балалар бар ма екен? Соларды көруге келдім» деді. Сыныптағы оқушылар 45 минуттың ішінде «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында шығарма жаздық. 14 оқушының ішінде екі баланың шығармасы ұнады. «Осы балалардан түбінде журналист шығады» деп мақтап кеткен еді. Сол екі оқушының бірі мен едім. Әдебиет пәнінің мұғаліміне өзі ұнатқан екі оқушыны қамқорлығына алып, жазуға машықтауды тапсырды. 8-сыныпты тәмамдаған соң мен Ертіс ауданына келдім. 9-11-сыныпты оқып жүрген кезімде құрметті ұстазымыз Қабыкен Әутәліпов Мүбәрак Жаманбалиновты мектепке жиі шақыратын. Ақын ағамыз әдебиетті сүйіп оқитын, журналистикаға жақын балаларға ақыл-кеңесін айтатын. Егер Мүбәрак аға болмаса мен журналист болмаушы едім деп ойлаймын. Оқуға түсерде де құжаттарымда бір кедергі болғанда ақын ағам маған көп көмектесті. Студент болып жүріп еңбекке араластым. Сол шақтарда да бізді іздеп келіп қамқорлық танытатын, – деп еске алды Ғалия Құсайынқызы.

Шарада Ертіс ауданының Құрметті азаматы, ақын Самат Мәненов Мүбәрак Жаманбалиновпен әріптес болғанын айтты. М.Жаманбалиновтың тікелей араласуымен, басшылығымен ауданда «Ертіс нұры» газеті жарық көрген.

1991 жылы Ертіс ауданында «Иртыш» газетімен бірге қазақ тіліндегі «Ертіс нұры» газеті шыға бастады. Оның алғашқы редакторы болып, аудан бойынша «Қазақ тілі» қоғамын басқарып отырған Мүбәрак Жаманбалинов тағайындалды. 1958 жылы КСРО Журналистер одағының мүшесі, 1970 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі болған М.Жаманбалинов – балаларға арналған он алты жинақтың авторы, – деді С.Мәненов.

Ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты «Мүбәрак Жаманбалинов» кітабының авторы Алтын Бақраденова жиынға Алматы қаласынан онлайн қосылып, мерейтойға тілегін білдірді.

– Туған елімде үлкен той болып жатқанына қуаныштымын. Балалардың жанашыры болған мектеп оқушыла-рына өлең жазған балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Мүбәрак Жаманбалиновтың өлеңдері – шоқтығы биік шығармалар.  Ағамыздың шығармаларын әлі де студенттерге насихаттап келемін. Ол кісі Қадыр Мырза Әлімен шығармашылық байланыста болған. Қадыр Мырза Әлі М.Жаманбалиновтың балалар туралы жазған еңбектеріне жоғары баға берген, – деді А.Бақраденова.

Бұдан бөлек, шара барысында Қазақстан Журналистер одағы Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Болат Аманбаев, облыстық «Saryarqa samaly» газетінің Бас редакторы Нұрбол Жайықбаев Мүбәрак Жаманбалинов туралы сөз қозғап, оның ақындығына, жазушылық қабілеттеріне тоқталды.

Мазмұнды жиын Ертіс мәдениет үйінің әншілері орындаған ақынның сөзіне жазылған «Ертісім» әнімен аяқталды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.