Отбасы ошағының негізгі тірегі — әйел адам. Сондықтан нәзік жандылардың білім алып, ұлттық тәрбиемен сусындауының мән-маңызы зор. Әсіресе, бала тәрбиесіндегі аналар мен кәмелет жасына толған қыз балаларға діни білім беру — ұлт болашағы үшін жасалатын игі істердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстарды өңірде Мәшһүр Жүсіп мешіті жанындағы әйел-қыздар секторы үйлестіріп келеді. Осы ретте сектор меңгерушісі, мешіт ұстазы Ақерке Тұрғынбайқызымен сұхбаттасып, әйелдерге діни білім мен тәрбие беру жұмысы жайлы сұраған едік.

— Ақерке Тұрғынбайқызы, облысымызда неше мешітте әйелдерге арналған діни сауат ашу курсы бар?

— Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өңірлерге бекітілген жоспарларына сәйкес, әйелдер жамағатымен  тығыз байланыста жұмыс атқарылып келеді. Білім алу — әр мұсылман ер және әйел адам үшін парыз. Алла Тағала Құран Кәрімде білімнің артықшылығын әспеттеп, «Зүмәр» сүресінің 9 — аятында «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады» деген.  Расында Ислам дінінің адам баласына қоятын ең басты талабы  білім алу және іздену болса керек. Мәшһүр Жүсіп мешіті жанындағы әйел-қыздар секторының басты бағыттарының бірі — осы. Аймағымыздағы 8 мешітте әйелдерге арналған діни сауат ашу курстары жұмыс істейді. Олар облыс орталығы бойынша Мәшһүр Жүсіп, «Ақмешіт», «Умар әл-Фаруқ», «Әбу Бәкір Сыддық» мешіті сынды ғибадат үйлерінде орналасса, аудандар бойынша Ақсу, Майқайың, Кенжекөл және Аққулы ауданындағы Ғабдыл-Уахит мешіттерінде үздіксіз жүргізіліп келеді. Былтырдан бастап сауат ашу курстарына бас-аяғы 900-ден астам шәкірт қатысып, Құран әліппесі, Тәджуид, Құран жаттау, Ақида, Фикһ, Сира бойынша дәрістерге қатысып, біліммен сусындауда. «Өнер ағып жатқан бұлақ, ілім – жанып тұрған шырақ» дейді халық даналығы. Шәкірттер арасында түрлі қоғамдық шаралар және білім сайыс-тары ұйымдастырылып тұрады. Дәлірек айтқанда, «Білімді мыңды жығар» ұранымен «Хадис — асыл қазынам» сайысы жоғары деңгейде өтті. Ақида және Фикһ пәндері бойынша «Сұрақ-жауап» айдарында түрлі форматтағы тапсырмалармен бақтарын сынады. Қатысушылар өздерінің діни білімнен айтарлықтай көрсеткішке жеткендерін дәлелдеп, өзара сайысқа түсті. Жеңімпаздарға әртүрлі сыйлықтар үлестірілді.

— Мерекелік шаралар қалай ұйымдастырылады?

— Өткен жылы әйел-қыздар секторының қолдауымен «Қош келдің, Әз-Наурыз!», «Сағындырған Рамазан» атты рухани кештер өткізілді. Онда діни өлеңдер оқылып,  сахналық көріністер ұсынылды. Қасиетті ораза айында «Әр күніңді әсемде» айдары және көзі қырағы оқырмандарымыздың белсенді атсалысуымен «Кітап оқу» тақырыбындағы марафондар да көпшіліктің көкейінен шығып жатты.  Бүлдіршіндерімізге «Рамазан қоржыны» атты сый-сыралғылар тарту етіліп, жамағатқа «Ауызашар» қайырымдылық пакеттері таратылды.   «Құрбан Айт – ұлық мереке» атты  рухани іс шараны да жамағатымыз жаппай жұмыла тойлады. Ұлық мерекенің маңыздылығы турасында уағыз–насихат айтылып, шәкірттер арасында асыл хадис-терден үзінділер оқылды. Биыл да осындай игі шаралар жалғасын табады.

— Біздің қоғам үшін дін мен дәстүр тақырыбы қашан да өзекті. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Халық қазынасы, асыл дініміздің қоғаммен байланыста болып, оның ішінде әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық қарым-қатынастарды реттеу және рухани сарқылмас құндылықтарымызды насихаттауда Алла Тағала Құранның «Хужурат» сүресі 13-аятында «Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың — тақуаларың» делінген. Осыған орай, рухани құндылықтар сабақтастығын ұғындыру мақсатында әртүрлі іс-шаралар үздіксіз жалғасып келеді. Мәселен, халқымыздың бай қазынасы сақталған ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеуге арналған «Әжелер мектебі мен қыздар клубы» қалыптасуының мәні зор. «Әжелердің айтқаны асыл екен» тақырыбындағы конференциялық басқосудың мақсаты —  дініміз кез келген ұлттың асыл құндылықтарын жоққа шығармайтынын ескере келе, ұлттық қазыналарды қайта жаңғырту.  Сонымен қатар, ата-бабамыздан келе жатқан төл тәрбие үлгісін ұғындырып, қазіргі заман талабына сай саналы ұрпақ тәрбиелеу.  Ұлт құндылықтарын жаңғырту мақсатында «Дін және дәстүр» тақырыбында облыстық сайыс ұйымдастырылды. Оның ішінде бата беру, бесікке бөлеу, тұсау кесу, сәлем беру, шілдехана, қыз ұзату сынды салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары дәріптелді. Аты аңызға айналған ақын-жыраулардың және даналардың шешендік сөздері арқылы мысалдар айтылды. Сонымен қатар, «Мұсылман әйелдің бейнесі», «Отбасым – бақыт мекенім», «Ажырасу – Алла сүймейтін іс», «Отанды сүю — иманнан», «Қыз тәрбиесі — аманат», «Әлеуметтік желідегі әйел әдебі», «Жат ағымның алдын алу жолдары», «Бала психологиясы» атты тақырыптарда конференция, семинар, ашық сабақтар өтті. Аталған шаралар «Дін мен дәстүр» кітабының 2-ші басылымында қамтылған тақырыптар бойынша негізделіп алынғанын айтып өткен жөн.  Бөле-жара айтар бір мәселе, өткен жылы «Әжелер мектебі» мүшелері Құрбан Айт мейрамы қарсаңында қауіпсіздік қорғаны болған сарбаздармен кездесті. Жас сарбаздармен кездесу барысында әйелдер қауымы Отан қорғау діни әрі ұлттық борыш екендігін айта келе, елді сүю, адамзатқа адал болу турасында уағыз-насихаттарын жеткізді. Әжелеріміз Отан қорғау жолында жүрген жас сарбаздарды рухани демеп, өз ақыл-кеңестерін айтты. Сондай-ақ, «Құран жарысы» мен «Қасиетті Қадір түнінің» ұлықтығын дәріптеуде уағыз-насихаттар айтылып, шәкірттер түрлі шаралардың әрі қатысушысы, әрі көрермендері ретінде атсалысты.

— Әйел-қыздар секторы қайырымдылық бағыттағы жұмыстармен қаншалықты жиі айналысады?

— Жаз және күз уақыттарында жұма күндері мүмкіндігінше мешіт ауласында қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырып, одан түскен қаржыны мұқтаж жандарға үлестіреміз. Ораза айт және Құрбан айт мерекелері тұсында «Айттық бізден» қайырымдылық жәрмеңкесі басталады. Мақсаты  — жоқ-жітік, жетім-жесір, мұқтаж жандарға қолдау көрсету, қолдан келіп тұрған болса жақсылық жасауды дағдыға айналдыру. Атап өтерлігі, аталмыш жәрмеңкелер барлық мешіттерде ай сайын тұрақты жүргізіліп келеді. Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ аналары — дәстүрге жол»  тақырыбындағы рухани кездесулердің маңызы зор болды.  Мақсат — ұрпаққа ұлттық киім үлгілерін, жол-жоралғы бұйымдары,  әсем қолөнер туындыларын таныстыру.

— Әңгімеңізге рақмет!

Тілеуберді САХАБА.