Өңірімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық тұжырымдамасы аясында қалалар мен аудандарда тазалық айлығы өтті. Абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына әрбір елді мекен атсалысқан.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов биыл «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы шең-берінде жалпы 97 іс-шара жоспарланғанын атап өтті. Бүгінде оның 60-ы іске асқан. Тазалық айлығына өңірде 350 мыңнан астам адам қатысқан, 40 мыңға жуық мекеме атсалысқан. 1 мыңнан астам арнайы техника тартылыпты. 45 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Аудан-қала полигондарына тұрмыстық қатты қалдықтар тегін қабылданған. 1200 шақырымнан астам жол жиегі, өзен жағалауы күл-қоқыстан, қураған шөптен тазартылған. Тазалық айлығында қоқыс жинап, шығаратын арнайы 450 тех-ника үзіліссіз қызмет еткен. Қоқыс жәшіктері орналасқан жерлердің санитарлық ахуалына да баса назар аударылды. Полиция қызметімен бірлесіп, абаттандыру ережелерінің бұзулына қатысты рейдтер ұйымдастырылды. Кемшіліктерді жоюға байланысты 350 ескерту берілген. «Таза Қазақстан» telegram-ботына өтінімдер толассыз түсуде. 615 өтінім түскен. Құзырлы органдар өтінімдерді 100 пайыз орындаған көрінеді.
Айта кетерлігі, айлық аясында облыс көлемінде 30 мыңнан астам көшет егілген. Сондай-ақ, мектеп түлектері аудан-қалаларда ағаш отырғызды. Мамандар соңғы жылдары көшедегі жасыл желектің жағдайын реттеуде. Нақтысы, апатты ағаштарды ірі жөке ағаштарына алмастыруда. А.Байханов облыс орталығында бірнеше кәсіпкер демеушілігімен ағаш отырғызу бастамасының жақсы екенін, енді өзге аудан-қалаларға осы тәжірибені тарату қажеттігін атап өтті.
Аулаларды абаттандыру да жалғасуда. Облыста 1017-ден астам аула абаттандырылған. Балалар мен спорт алаңдары жөнделіп, сырланған. Биыл өңірде 17 саябақ пен скверді абаттандыру жұмыстары аяқталмақ. Ақсу мен Екібастұз қалаларында саябақтар жаңарады. Облыс әкімі Асайын Байханов қос қаладағы саябақтағы жұмыстардың сапалы әрі уақытылы іске асуын әкімдерге қатаң бақылауды жүктеді. Аймақ басшысы Президент әр облыс орталығында эко-саябақ салуды тапсырғанын айтты. Мұндай эко-саябақтың құрылысы Павлодар қаласында басталады. Жобаның құжаттары мемлекеттік сатып алулар басқармасына өткізілген. Екі аптада әзір болмақ. Облыс әкімі бұл жұмыстардың барлығы тұрғындарға қолайлы орта қалыптасыру мақсатында қолға алынып жатқанын атап өтті.
Тазалық шаралары аймақта айлықпен аяқталмақ емес. Облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстар қарқынын сақтауды тапсырды.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
