Бала құқығы – басты құндылық

Мам 28, 2026

Егемен ел ертеңі балалардың қолында! Яғни, бүгінгі балғын – жарқын болашағымыз. Сондықтан олардың қауіпсіздігі мен тәрбиелі болып өсуі – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екені сөзсіз.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында павлодарлық жеткіншектердің қатарынан қалмай жайлы өмір сүруі үшін және олардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатқанын бағамдап көрген едік.

Елімізде балалардың құқықтарын қорғауға баса мән берілуде. Қазіргі таңда Мемлекет бас-шысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау салаларында бірқатар тың жобалар сәтті жүзеге асып жатқанын атап өткен жөн. Бұл жөнінде мәлімдеген ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова:

– Балалардың құқығы мен мүддесін қорғау – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының және ұлт болашағының берік негізі. Осы бағытта ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, оларды қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды және әрбір баланың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым міндеті ретінде айқындады. Президентіміздің биыл Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары аясында балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған нақты шаралар қабылданып, олардың құқығын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жасалуда. Атап айтқанда, Президент бастамасымен балалардың құқығын қорғау, білім сапасын дамыту, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қолдау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айтарлықтай іргелі реформалар жүзеге асырылуда, – деді. Бұл бағыттағы жұмыстар аймағымызда өз деңгейінде қолға алынып жатқанын атап өткен жөн.

Облыстық білім беру басқармасының ақпаратына сүйенсек, бүгінде өңірімізде 18 жасқа дейінгі 205 мыңға жуық бала тұрады.

– Олардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдармен кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер бейнебақылау камераларымен, дабыл батырмаларымен және турникеттермен жабдықталған. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарымен бірлесіп ойын-сауық орындарында түнгі рейдтер тұрақты түрде өткізіледі. Бұл шаралар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Бұдан бөлек, балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылуда. Мектептерде буллингтің, кибербуллингтің алдын алу бойынша түсіндіру сабақтары, ата-аналар жиналыстары және психологтармен кездесулер жиі ұйымдастырылуда, – дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова. Сондай-ақ, ол жазғы демалыс кезеңінде де балалардың қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударылатынын алға тартты. Осы мақсатта жеткіншектердің суға кетуі, терезеден құлауы және өрт шығу сынды қауіпті жағдайларды болдырмау үшін профилактикалық жұмыстар, яғни көпқабатты үйлердің тұрғындарына арнайы жадынамалар тарату, әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы түсіндіру шаралары үздіксіз жүргізілуде екен.

Балаларды әлеуметтік тұрғыда қолдау ісі де назардан тыс қалған жоқ. Басқарма басшысының орынбасарының айтуынша, өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар тегін ыстық тамақпен, мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз етіліп келеді.

Өңірімізде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да жан-жақты жағдайлар жасалуда. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша қазіргі таңда 4203 мүгедектігі бар бала тіркелген. Олардың білім алуы мен қоғамға бейімделуі үшін бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, мектептерде инклюзивті білім беру жүйесі дамып, әр оқушыға арналған жеке оқу бағдарламасы жасалған. Ерекше балалар үшін логопед, дефектолог, психолог мамандар жұмыс істеуде. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында пандустар, инклюзияны қолдау кабинеттері мен балаларды түзетуге арналған құрал-жабдықтар орнатылған. Мұндай жеткіншектерді спорттық, шығармашылық және мәдени іс-шараларға тарту жұмыстары да тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

Жетім балалар да мемлекет қамқорлығында. Облыс бойынша жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1475 бала бар. Олардың басым бөлігі қамқоршылыққа, қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиелеуге және қабылдаушы отбасыларға орналастырылған. Сол арқылы балалар отбасылық ортада тәрбиелене алады, дейді мамандар. Аталған санаттағы балалардың құқықтарын қорғау мақсатында тұрғын үй кезегіне қою, әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету және білім алуына қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстар жалғасуда.

– Бұл жеткіншектердің тұрмыс жағдайларын бақылау мақсатында қорғаншылық және қамқоршылық органдары тарапынан тұрақты мониторинг жүргізілуде. Мысалы, жыл бойы қамқоршы отбасыларға бару арқылы балалардың өмір сүру жағдайлары зерделенеді, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, оларға арналған қайырымдылық акциялары, мерекелік іс-шаралар, жазғы демалыс пен сауықтыру шаралары қолға алынуда.

Жалпы, облыста мүгедектігі бар балаларды қолдау, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, олардың толыққанды білім алуы, қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруі үшін барлық мүмкіндік қарастырылуда, – дейді Алма Ермекқызы.

Аймағымызда қиын өмірлік жағдайға тап болған және қолайсыз отбасындағы балаларға да қолдау көрсетілуде. Мәселен, қорғаншылық және қамқоршылық органдары, білім беру бөлімдері, полиция мен әлеуметтік қызметкерлер бірлесіп, мұндай отбасыларындағы ұл-қыздың құқықтарының бұзылуына жол бермей, әр жеткіншектің қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, қолайсыз отбасыларындағы балалармен жүйелі түрде әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

– Білім беру ұйымдарының әлеуметтік педагогтары мен психологтары тарапынан балалардың психоэмоционалдық жағдайына тұрақты мониторинг жасалып, тәуекел тобындағы отбасылармен жеке әңгімелесу шаралары өткізіліп тұрады. Ата-аналарға бала тәрбиесі, құқықтық жауапкершілік және отбасылық құндылықтар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жасөспірімдердің сабаққа қатысуы, бос уақытын тиімді өткізуі үшін үйірмелер мен секцияларға баруы бақылауға алынған. Қажет болған жағдайда ювеналдық полиция, қорғаншылық және қамқоршылық органдары, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарымен бірлескен жұмыстар ұйымдастырылады. Осындай отбасыларының тұрмыстық жағдайын зерделеу мақсатында рейдтік және үй аралау шаралары да өткізіліп, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға тиісті қолдау көрсетіледі, – дейді Алма Айтуарова. Соның нәтижесінде, балалардың сабаққа қатысу көрсеткіші тұрақтанып, құқықбұзушылық пен қараусыз қалу фактілерінің алдын алу бойынша оң динамика орын алған. Оқушылардың үйірмелер мен қоғамдық іс-шараларға қатысу белсенділігі артып, ата-аналардың мектеппен байланысы күшейген және жауапкершілік деңгейі жоғарылаған көрінеді. Ең бастысы, бірқатар отбасы профилактикалық есептен шығарылған. Бұл – үлкен жетістік, дейді мамандар.

Міне, өздеріңіз куә болғандай, облысымызда барлық баланың бақытты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасалуда. Бастысы, бұл бағыттағы жұмыстар әрдайым мемлекет бақылауында.

Сандар сөйлейді

Бүгінгі таңда еліміз бойынша 6 миллионнан астам бала бар;

                    * * *

  • Облыстық білім беру басқармасының дерегінше, өңірде 18 жасқа дейінгі 205 мыңға жуық бала бар;

                    * * *

  • Аймақ бойынша 1–10-сынып аралығында 111 309 бала жалпы орта білім берумен қамтылған;

                   * * *

  • Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдармалар басқармасының мәліметі бойынша 4203 мүгедектігі бар бала есепке алынған;

                   * * *

  • Өңірімізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1475 бала тіркеуде тұр.

Нұржайна ШОДЫР.