Нәзік саусақтарымен көздің жауын алатын бұйымдар жасап, айналаның ажарын келтіріп жүрген арулар аз емес. Қолөнерді жанындай жақсы көретін қыз-келіншектер бір сәтті де босқа өткізбей, тігін тігу арқылы жаны жадырап, сүйікті ісінен ләззат алады. Өзінің білгенін өзгелерге үйрету де оларға таңсық іс емес. Қолөнер шебері Айымгүл Омарханова осындай еңбекқор жандар қатарынан.
Шарбақты ауданының Есілбай ауылында туып-өскен Айымгүл орта мектепті бітірген соң, Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжде технология, яғни еңбек пәні мұғалімі мамандығын меңгереді. Қолына орта кәсіби білімі туралы құжатын алғанымен, мамандығы бойынша жұмыс істей қоймаған жас маманның дипломы біраз уақыт сандықтың түбінде жатып қалады.
Кішкентайынан тігінші әрі тоқымашы анасының жанында отырып, өнердің қыр-сырын үйрене бастаған Айымгүл қолөнерге деген қызығушылығын арттыра түскен жан – мектептегі технология пәні мұғалімі Гүлжанат Хайридинова. Десек те, оның қолөнермен шындап айналысуына екінші анасы себепші болыпты.
— Тұрмыс құрған соң, бала тәрбиесімен 12 жыл үйде отырып қалған едім. Бірде ауылдық мәдениет үйінде қызмет ететін енем «Көрпе-fest» фестиваліне қатысуымды сұрап, қолқа салды. Ол кісінің өтінішін жерге тастай алмай, әлеуметтік желіден көрпе тігу жөнінде шеберлік сабағын көріп алып, бірден іске кірістім. Ол кезде кішкентайым 8 айлық еді. Осылайша фестивальге «4 көрпе, 4 жастық» аталымында қатыстым. Осыдан соң қолөнерге барынша ден қойдым, — дейді Айымгүл Омарханова.
Ісмер бастапқыда тойларға себеттердің түр-түрін жасап, кейін тойбастар, қоржын, перде, сырға салу рәсіміне арналған құрақ-көрпе, балаларға матадан доптар тігуді де үйреніп алады. Көп кешікпей оған түрлі тапсырыстар түсе бастайды. Бүгінде этношапандарға деген сұранысы артуда. Әсіресе, Наурыз мерекесі қарсаңында сұраныс көбейе түскен. Айымгүл кез келген тапсырысты асқан ыждаһаттылықпен орындап, үнемі клиенттің көңілінен шығуға жанын салады.
— Көп ұзамай «Art-sport» мемле-кеттік бағдарламасы бойынша балаларға қолөнер үйірмесін ашу жөнінде ұсыныс түсті. Жобаға құжат-тарымды тапсырып, ресми түрде тіркелген соң, шәкірт тәрбиелеуге бел будым. Осылайша, 2020 жылы «ArtSport» бағдарламасы бойынша Аққулы аудандық мәдениет үйінде «Асыл шебер» үйірмесін ашып, балаларға қазақ халқының сәндік-қолданбалы қолөнерінің қыр-сырын үйретудемін. Қолөнер балаларды шыдамдылыққа, төзімділікке үйретеді, —
дейді Айымгүл шебер.
«Бүгінде «Асыл шебер» атты үйірмеде 20-дан астам шәкіртін қолөнерге баулуда. Оларды түрлі қолөнер фестивальдарына қатыс-тырып, шеберліктерін шыңдайды.
Іскер әйелдер қауымдастығы, «Дәстүрге жол» аналар қауым-дастығының мүшесі Айымгүл Омарханова шәкірттерімен бірге Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп және Шарбақты ауданында Ғабдыл-Уахит хазірет кесенесіне, емші-сынықшы Мерғалым ата кесенесіне құрақ-көрпелер сыйға тартқан.
Сегіз қырлы, бір сырлы шебер қоржын, көрпелер тігумен қатар ұлттық әшекей-бұйымдар жасаумен де шұғылданады. Қолынан шыққан әрбір бұйымды Инстаграмм желісіне жүктеп, жетістіктерімен бөлісуді де ұмытпайды.
— Бірде түнде іс тігіп отырсам, Инстаграмм желісіне көрпе тігіп беруімді өтініп бір адам хабарласты. Бельгияның Брюссель қаласынан екен. Бастапқыда «сонау жерде отырып, мені қайдан тауып алды?» деген қорқыныш болды. Сұрастыра келе Павлодар облысынан Брюссельге көшіп кеткен отбасынан екенін білдім. Жаңа жыл қарсаңында жасыл-сары түсті көрпе-жастықтарға тапсырыс берді. Оны ойдағыдай жасап салып жібердім. Бұған риза болғаны сонша, қазіргі кезде де хабарласып, әр жетістігіме жылы лебізін білдіріп тұрады.
Айымгүл Омарханова Астана қаласында өткен республикалық «Тақия-fest», «Ұршық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бибігүл Карденовна бастаған фестивальдерге, «Аламан құрақ» жобасы аясында қолөнершілер жәрмеңкелеріне қатысып, мол тәжірибе жинақтады. Мәселен, ҚР Президентінің мұражайында 12 облыстан 60-тан астам қолөнерші қатысуымен «URSYK» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен фестивальде Айымгүл Омарханова өз қолынан шыққан бұйымдарын паш етті.
Фестиваль кезінде Айымгүл Омарханова ұсынған шапандар топтамасы арнайы сән көрсетіліміне қатысып, қолөнерші «URSYK» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның белгілі этнодизайнері Бибігүл Карденованың атынан куәлік, Алғыс хатпен, төсбелгімен марапатталды.
Шебер бір сәтін босқа өткізбейді. Бірде тігін машинасына отырып іс тіксе, енді бірде ұршық иіріп, жіптен тұсаукесер рәсіміне қажетті бұйымдар жасайды. Мол сұранысқа ие оюлы көрпелер мен заманауи шапанның түр-түрін тігеді. Ісмер тапсырыстарды мейлінше сапалы орындап, үнемі тапсырыс беру-шілердің көңілінен шығуға
тырысады.
— Балалардың жанында отырып-ақ, шаруамды дөнгелетіп, жеке кәсіпкер атандым. Үйде отырып-ақ табыс табуға болатынына көзім жетті. Қыз-келіншектер үшін ұлттық қолөнеріміздің пайдасы зор. Үйге қажетті бұйымдарды тігіп алу ешбір қиындық тудырмайды. Ең бастысы, ниет болса болғаны. Бұл – мен үшін хобби ғана емес, табыс көзі. Қазір машинкаға отырмай, уақытымды босқа өткізе алмаймын, – дейді қолөнерші.
Қазақтың ұлттық қолөнерін насихаттауды мақсат еткен ісмер Айымгүл Омарханова декретте отырған аналар үшін тігін тігу бойынша тегін шеберлік сағаттарын өткізеді. Алдағы уақытта да ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, қолөнерімізді одан әрі дамытуға үлесін қоса бермек.
Торғын ОРАЗАЛЫ