Мұсылман қауым үшін жылына бір келетін қасиетті Рамазан айының басталуына бірнеше күн ғана қалды. Келесі аптаның алғашқы күні тұрғындар ниет етіп, ауыз бекітеді. Осы орайда көпшілік тарапынан ораза ұстауға қатысты сұрақтар жиі түсіп жатады. Олардың бір парасын газетіміздің @saryarqa_samaly инстаграм парақшасында өткен тікелей желі барысында Мәшһүр Жүсіп мешітінің наиб имамы Ақтөре Тұрапбайға қойған едік. Сонымен, 11 наурызда басталатын қасиетті айдың мән-маңызы қандай? Оразаның қазасы қалай және қашан өтеледі? Биылғы фидия және пітір садақасының көлемі қандай?
Тілші сауалы:
-Ақтөре Әліпбайұлы, алды-
мен «Ораза» сөзінің мән-мағына-сына тоқталып, оны тілдік және шариғат тұрғысынан түсіндіріп берсеңіз…
Ақтөре ӘЛІПБАЙҰЛЫ:
— Ораза сөзі араб тілінен аударғанда ұстау деген мағына береді. Яғни адам баласы өзін бір нәрседен ұстау, бір нәрседен бөгеу дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден тыйылу дегенді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, бір айымызды Аллаға арнап, өзімізді тыю деген мағынаны білдіреді.
Тілші сауалы:
— Рамазан оразасы қашан және қалай парыз болды?
Ақтөре ӘЛІПБАЙҰЛЫ:
— Рамазан оразасы Пайғам-барымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Мекке қаласынан Медине қаласына қоныс аударған Хижраның екінші жылында парыз етілді. Дәл сол уақытта Алла Тағала тарапынан аят түсті. «Бақара» сүресінің 187-аятында «Ей, мүминдер, алдыңғыларға парыз етілгендей ораза сендерге де парыз етілді» деген. Бірақ кейбір ғалымдардың пікірінше, ораза парыз етілмес бұрын да Пайғамбарымыз және оның қасындағы Сахабалары нәпіл ораза ұстаған. Ал құран аяттары түскеннен кейін нақты уақыты белгіленіп, парыз болып бекітілді. Яғни бүкіл адам баласына ортақ міндет жүктелді.
Тілші сауалы:
— Рамазан оразасы — бес парыздың бірі. Осы айда ораза ұстаудың мәні мен маңызы қандай?
— Алланың бұйырған амалдарының әрбірінің адам баласына пайдасы бар. Алла тағала қандай нәрсеге тыйым салса, оның адам өміріне зиянды екенін байқаймыз. Ораза —
ең алдымен бес парыздың бірі, яғни ауыз бекіту арқылы Алланың алдындағы міндетін орындаған болып саналады. Мұхаммед Пайғамбардың үмметінің ерекшелігі — бір амалы екінші амалмен байланысты және бір бірін толықтырып тұрады. Алла елшісі: «Пенденің қандай бір жасаған жақсылығы Алла үшін болса сауабы бір еседен жеті жүз есеге дейін артады» деген. Мысалы, ораза ұстаған адам қиямет күні қайта тірілген кезде осы дүниеде ұстаған оразасы өзіне куәлік етіп келеді екен. Алланың құдіретімен Жәннаттың сегіз қақпасының бірі Рамазан айында ораза ұстаған жандарға арналады. Бұл — діни тұрғыдағы пайдалары.
Медицина жағынан да көптеген артықшылығы бар, деп дәлелдеді ғалымдар. Жақында қытайлық профессор бір зерттеуін жариялады. Онда адам баласы аш болып жүру арқылы бойындағы өліп қалған жасушаларының қайта тірілуіне себеп болады екен депті. Расында біз бір ай ораза тұту арқылы ағзамызды тазартып, иммунитетті «тірілтіп» алады екенбіз. Бір сөзбен айтқанда, жылына бір мәрте өзімізді ашықтыру арқылы денсаулығымызды қайта қалпына келтіреміз. Жалпы, Ислам діні көп тамақ жеуді құптамайды. Пайғамбарымыз адамның асқазанын үшке бөліп қарастырған. Бір бөлігін тамаққа, бір бөлігін суға арнаса, бір бөлігін ауаға қалдырған. Яғни үштен бір бөлігін бос сақтауды жөн санаған. Міне, соған қарағанда Рамазан айында бір ай ораза ұстаудың қай жағынан да мән-мағынасы зор.
Алмас Айтжанов, Тереңкөл ауданы:
— Ораза парыз және нәпіл болып екі түрге бөлінеді. Осы екеуінің аражігін ажыратып берсеңіз…
— Ислам дінінде парыз деген ұғым бар, ол — Алла тағаладан келген бұйрық. Соның ішінде парыз ораза — міндетті орындалатын амал. Қаласам орындаймын, қаламасам орындамаймын деген әңгіме жоқ. Ал нәпіл яғни қосымша ораза дегеніміз — адамның өз қалауымен орындайтын амалы. Оны ұстаса — сауап, ұстамаса күнә жоқ. Қосымша оразаны Мұхаммед Пайғамбарымыз да ұстаған. Мысалы, дүйсенбі және бейсенбі күндері, әр айдың басында, ортасында және соңында ұсталады.
Нәпіл амалдар да адамды Алла тағалаға көбірек жақындатады. Ислам ғалымдары парызды үйдің негізгі тіреулеріне теңесе, нәпіл амалдарды сол үйді безендіріп, көріктендіретін құралға теңеген. Пайғамбарымыздың хадистерінде нәпіл ораза, нәпіл садақа жайлы айтылған және сол арқылы Алланың сыйы да көп екенін баяндады.
Нұргүл Темірболатова, Екібастұз қаласы:
— Кәфарат оразасын кім ұстайды?
— Кәфарат ұғымы бір нәрсенің орнын толықтырушы, жабушы дегенді білдіреді. Кәфарат оразасын аузын әдейі ашып жіберген адамдар ұстайды. Оразасын біліп тұрып, әдейі ашқан адамдар туралы бірнеше деңгейлі үкім бар. Соның бірі — алпыс адамның таңғы және кешкі асын әзірлеп, қарнын тойдыру.
Оның барлығы күнделікті тамағын тауып жей алмайтын пақыр кедей болуы керек. Не болмаса сондай мөлшердегі адамды тойдыруға жетерлік қаражатты шығаруға болады. Бұл жерде алпыс адамды тойдыруға жетерлік қаражатты бір адамға бере салуға да болмайды.
Бір адам оразасын бір күнге әдейі ашып жіберді, бірақ кәфарат төлейтін қаражаты жоқ делік. Онда бір күн үшін арасын үзбей алпыс күн ораза ұстауы керек. Ал байқаусыздан тамақ жеп немесе су ішіп қоятын болса, оның ешқандай өтеуі жоқ. Бастысы, еске түскен сәтте бірден тоқтатып, оразасын жалғастыруы керек. Мұндай жағдай-
ды Пайғамбарымыз «Алланың қонағы болды» дейді екен. Олар оразасын әдейі ашқан адамның қатарына кірмейді. Оразасы бұзылған жоқ деп саналып, қазасы да өтелмейді.
Айжан, Ақтоғай ауданы:
— Оразаның қазасы қандай жағ-
дайда өтеледі?
— Бұл жағдай көбінде әйел адамдардың басында болады. Яғни, ораза ұстап жүрген кезінде етеккірі келіп қалса онда бірден тоқтатуы керек. Кейін сол күндердің қазасын өтейді. Одан бөлек, бала емізіп жүрген аналар да оразаны кейінге қалдыруға болады.
Қайырболат Тілегенов, Ақсу қаласы:
— Ораза айында берілетін фидия және пітір садақасы деген бар. Бұл екеуінің айырма-шылығы қандай?
— Фидия садақасын ораза тұтуға денсаулығы келмейтін адамдар береді. Мысалы, дәрігерлер тарапынан ораза ұстау денсаулыққа зиян деген қорытынды шығарылған жағдайда оразаның орнына фидия садақасын береді. Яғни, ауыз бекіте алмаған әрбір күніне садақа шығаруы қажет. Ондай садақаны негізінен көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға беруге болады. Кей адамдардың ауыз бекітуге денсаулығы, фидия садақасын шығаруға ақшасы жоқ делік. Ондай жағдайда шын жүрегімен жалынып кешірімін тілесе, Алла оны да кешіреді. Бірақ жағдайы шынымен төмен болған жағдайда ғана, себебі Алла тағаланы ешкім алдай алмайды.
Ал пітір садақасы – кез келген адамға жанының амандығы үшін беруге міндетті садақа. Ол отбасындағы әрбір адам үшін беріледі. Биыл пітір садақасының мөлшері 640 теңге болып бекітілді.
Бақтылы Рамазанова, Павлодар ауданы:
— Ораза айында ауыз бекітіп жүрген адамға қандай ем-шара-
ны жасауға болмайды?
— Адамға екпе екі жағдайда салынады. Оның бірі — күш-қуат беріп, әлдендіру үшін, екіншісі ауруын емдеу үшін салынады. Ораза ұстаған адамға осының екінші жағдайы ғана рұқсат етіледі. Бірақ дәріні ішуге немесе жеуге болмайды. Ал ораза ұстап жүрген кезде ауруы асқынса немесе халі нашарласа дәріні қабылдауға рұқсат берілген. Бұл оразаны қасақана бұзған болып саналмайды. Кейін ашқан күні үшін қазасын ғана өтейді.
Тілші сауалы:
— Рамазан айында ораза ұстаудың парыз екенін біліп, денсаулығы, жұмыс жағдайы келіп тұрса да ораза ұстамай жүретін азаматтар көп.
Мұндай аға-бауырларымызға қандай ескерту айта аласыз?
— Алла тағала діні мұсылман болған, ақыл-есі дұрыс болған әрбір адам баласы үшін бес парызды міндеттеді. Оның әрқайсысы — жеке-жеке сұралатын амалдар. Ертең адам Алланың алдына барғанда «Мен үшін не істедің?» деп жеке-жеке сұрайды екен. Сол кезде осы дүниеде қандай амал жасағанын тізіп айтып бере алатындай жағдайда болу керек. Егер ешқандай себепсіз намаз оқымай, ораза ұстамай, садақа бермей жүрген болса, қиямет күні Алланың алдына барғанда сүрінуі мүмкін. Сондықтан, Алла берген мүмкіндікті бос жіберуге болмайды. Тіпті, осындай жағдайға жете алмай жүрген, денсаулығым болса ораза ұстар едім деп жүрген қанша адам бар. Мына мәселені түсіну керек. Адам баласы күнәсі көбейіп кеткендіктен ораза ұстамайды, көп қателік жасадым деп намазға жығылмайды. Бұл амалдар ең алдымен Алланың бұйрығымен парыз етілгендіктен және Алланың ризалығын алу мақсатында жасалады. Бірде үлкен ғалымнан шәкірттері: «Алдыңызда екі есік тұр. Бірі — жәннат есігі, екіншісі — Алланың ризалық есігі. Сіз соның қайсысын таңдайсыз?» деп сұрапты. Сонда ғұлама: «Мен Алланың ризалығын таңдаймын» депті. Оның мәні — адам Алланың ризалығын алса, міндетті түрде жәннаттық болады екен. Сондықтан Алланың разылығын алатын амалдарымыз көп болсын! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!
— Тұщымды әңгімеңізге рахмет!
«Тікелей желіні» жүргізген – Тілеуберді САХАБА.