Биыл аймақ айнасы атанған ата басылым – облыстық «Saryarqa samаly» газетінің 95 жылдығына орай өңірдегі мәдени мекемелер мен білім ордаларында түрлі кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жақында мұндай игі шараны Павлодар қалалық білім беру бөліміне қарасты «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы да өткізді. Аталмыш мекеменің жанынан құрылған «Жас ақын» мектебінің мұрындық болуымен өткен «Ертіс жастары» атты қалалық жас ақындар байқауы өз мәресіне жетті.

Байырғы басылымның мерейтойына арналған жыр додасына қатысуға 5-11 сынып аралығындағы өлеңге құмар 30-ға тарта өрен ниет білдірген. Байқау қатысушылары мемлекеттік және орыс тілдерінде өз арнауларын нақышына келтіріп айтып берді. Олардың бірі «Saryarqa samаly» газетінің өткен тарихын жырласа, енді бірі көпшілікті ұялы телефонға телмірткен қазіргі қоғамдағы газеттің атқарар рөлі мен мән-маңызын өлеңіне арқау еткен екен. Сондай-ақ, туған өлке, Отан, ана тілімізге қатысты патриоттық тақырыпта жазылған шығармашылық еңбектерін ұсынған оқушылар да болды. Додаға қатысқан балалар балапан жырларын мәнерлеп оқып, көпшілікке көңілді рухани кеш сыйлады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыр сайысын өткізудегі басты мақсат – жас буынның аймақ шежіресінен сыр шертетін басылым тарихын тереңірек танып-біліп, газет оқуға деген қызығушылықтарын ояту, сондай-ақ рухани азықпен сусындауына ықпал етіп, өз өлкесінің патриоты болуға баулу.

Осындай үлкен мақсат-міндетті көздеген байқау қатысушыларының туындыларын қазылар алқасы мұқият қарап, жас авторлардың өз орындауларында тамашалап, бағаларын берді. Сайыс шарты бойынша ақындық өнерге жаны жақын жеткіншектер ойының көркемдігі, мәнерлеп оқу шеберлігі, өлеңнің тақырыбы мен идеясының үндестігі есепке алынды.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды Ж.Тәшенов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Фатима Манай мен №11 мектептің 5-сынып оқушысы Милана Слободенюк иеленді. Жүлделі ІІ орынды №31 мектептің 9-сынып оқушысы Еркебұлан Әбдірахман мен А.Шәмкенов атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Седа Бестиева алды. Ал ІІІ орын М.Әлімбаев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Бахтияр Сардаров пен 7-сынып шәкірті Полина Сергейчик, №2 мектептің 10-сынып оқушысы Ерасыл Иксатов және  Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебінің 8-сынып оқушысы Аружан Сағитқа бұйырды.

Барлық жеңімпаз арнайы дипломдармен марапатталды.

 

Н.ШОДЫР.

Арнау

Төменде басылымның мерейтойына арнап өлең жазған байқау жүлдегерлерінің жүрегінен шыққан балапан жырларды ұсынғанды жөн көрдік. Өзге балалардың өлеңдерін газетіміздің «Айналайын» қосымшасынан оқитын боласыздар.

Рухани қазынаның тірегісің

Қиын-қыстау күндердің бәрі өтті,

Торқалы 95 жыл, міне, жетті.

Бүгінде «Saryarqa samaly» газеті,

Халықтың мұрасына айналып кетті.

 

Қаншама жылдар жылжып өтсе-дағы,

«Saryarqa samaly» – ел есінде!

Бағытынан айнымаған басылымым,

Халқын тербеді жаңалық бесігінде.

 

Көзі ашық, көкірегі ояу халық,

Ізденіп, нәр алуда болып қарық.

Шомылуда әр мақала сәулесіне,

Үнпарақтың зор пайдасын көріп анық.

 

Шыға бер, мәңгі бақи басылымым,

Қуантшы жаңалықпен нұрын шашқан.

Рухани қазынамның тірегісің,

Сарыарқаның еліне аты шыққан.

 

Фатима МАНАЙ,

Ж.Тәшенов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы,

Павлодар қаласы.

Жасай бер, газетім!

Құттықтаймын 95-тей жылыңмен!

Тарихыңмен мақтанатын ұлың – Мен!

Бір ғасырдай осы әлем жолында,

Өмір сүріп жақсылықпен келіп ең.

 

Атына заты сай газетімсің,

Ақпаратты білетін бір қажетімсің.

Сол үшін қуанамын шаттанып,

Дәл осындай газетпенен мақтанып.

 

Ақпаратсыз көп нәрсені білмейміз,

Айналадағы оқиғаны көрмейміз.

«Saryarqa samaly» газетін оқыған соң,

Қоғамдағы мәселені тергейміз.

 

Небір тарих жазылды ғой бетіңде,

95 жыл қызмет қылдың еліңе.

Оқырманның жүрегіне жол тапқан,

Жасай берші, басылымым жерімде.

 

Еркебұлан ӘБДІРАХМАН,

№31 мектептің 9-сынып оқушысы.