Жаңа жылдың алғашқы күнінде облысымызда тұңғыш болып қыз бала дүниеге келді. Нәрестенің салмағы 4 келіге жақын.
— 2024 жылы бірінші нәресте түн ортасынан кейін дүниеге келді. Сағат 00:30-да Аққулы ауданында көпбалалы отбасында қыз бала туды. Салмағы — 3820 грамм, бойы — 55 сантиметр, — дейді облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Айман Оспанова. Одан кейін сағат 03.50-де екінші сәби дүние есігін ашты. Бұл жолы салмағы 3320 грамм ұл бала дүниеге келген. Жалпы, жаңа жылдың демалыс күндері облыста шұғыл медициналық көмек қызметінің жұмысы айтарлықтай қауырт өткен. Атап өтер болсақ, жедел жәрдем қызметіне мыңнан астам қоңырау түскен. Өткен жылдың соңғы күні облыстық жедел жәрдем станциясының қызметкерлері 816 шақыртуға барды. Шақыртулардың 241-і жедел респираторлық вирустық инфекциямен, 13-і қызылша ауруымен тіркелді. – 31 желтоқсанда ірі апаттар, өрттер, төтенше жағдайлар, сондай-ақ пиротехникалық заттарды қолдану салдарынан болған жазатайым оқиғалар болған жоқ. 2024 жылдың алғашқы 15 сағатында станцияға 250-ден астам қоңырау шалынды. Ал күннің соңына қарай бұл сан 3-3,5 есеге артты. Облыста 103 қызметі бойынша бір мезгілде 70 медициналық бригада, дәлірек айтқанда 200-ден астам дәрігер, фельдшер және жүргізушілер жұмыс істейді, — дейді облыстық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Мищенко.
Өз тілшіміз.