Биыл павлодарлық мектеп бітірушілердің 80 пайыздан астамы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруды жоспарлап отыр. Соңғы бес жылдың ішінде тестілеуге қатысуға ниет білдірген түлектер қатары 9 пайызға артқан. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Бәшірованың айтуынша, осы жылы 4 мыңнан астам оқушы 11-сынып бітіреді. Қазіргі таңда ҰБТ шарасы өткізілуде.
— Биыл да талапкерлерге ҰБТ тапсыруға екі мүмкіндік берілгендіктен, екінші кезеңге 17 мамырда қосымша өтініштерді қабылдау жүргізіледі. Түлектер тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері анықтайды. Осылайша, ең үздік нәтижемен гранттар конкурсына қатысады. Осы жылы «Алтын белгі» аттестатына үміткер 187 оқу озаты бар. Олар өз мектептерінің базасында емтихан тапсырады, — деді ол. Сондай-ақ, 20-22 маусым аралығында облыс түлектеріне аттестаттар тапсыру салтанаты өтеді деп жоспарлануда. Басқарма басшысының орынбасары мектеп бітірушілерге арналған осындай іс-шараларға орай ата-аналар тарапынан ақша жиналмауы керектігін қатаң ескертті.
— Мектеп түлектері үшін ұйымдастырылатын жиындар, сынып сағаттары және аттестат тапсыру салтанаты кезінде педагогикалық әдепті сақтап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мұндай іс-шараларды өткізуге аниматорлар, мерекелік агенттіктер мен жеке студиялардың қызметтерін шақыру үшін ата-аналардан қаражат жинамауды сұраймыз. Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық алу үшін де ақша жинауға жол берілмейді. Ал гүл беруге рұқсат етіледі, — деді Гүлмира Бәшірова.
Айта кетерлігі, осы жылы түлектердің мектеп бітіру кешінің болатыны немесе болмайтыны әзірге белгісіз. Спикер бүгінгі күнге дейін ҚР Оқу-ағарту министрлігінен аталған мәселеге қатысты ешқандай нұсқау келмегенін айтты. Сондай-ақ, биыл оқу жылы 31 мамырда аяқталып, сол күні аймақтағы барлық мектепте сабақ соңында сынып сағаттары өткізілетінін, 9-11 сынып түлектері мемлекеттік емтиханды қашан және қалай тапсыратынын мәлімдеді.
Нұржайна ШОДЫР.