Статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі таңда елімізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 23 мыңға жуық бала бар. Олар балалар үйлері, интернаттар мен патронаттық отбасыларында тәрбиеленуде. Алайда соңғы уақытта жеткіншектерді асырап алушылар саны артқанымен, кейін кері қайтаратындардың қатары көбейген. Бұл мәселе жақында Парламент қабырғасында да көтерілді. Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов соңғы 5 жылда балалар үйіне қайтарылғандардың саны 64 пайызға өскенін айтып, дабыл қаққан болатын. Бұған не себеп? Онсыз да тағдыр тәлкегіне тап болған қамкөңіл балаларды бауырына басып алып, қайта жеріген ата-аналардың мұндай әрекетке баруы дұрыс па? Аталған жағдайдың алдын алу үшін не істемек керек? Көкейде сұрақ көп… Көпшілікті толғандырған мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

 

Наталья ПОКИДОВА, облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы төрағасының орынбасары:

— Әрине, ата-аналардың асырап алған баланы қайтарып беруі дұрыс емес. Себебі, бұл жағдай жеткіншектің психологиясына кері әсерін тигізеді. Ойлап қарасақ, онсыз да бала өзінің туған ата-анасынан бір рет айырылды, енді екінші рет қамқор боламын деген адамдардың бас тартуы оған ауыр соққы болып тиетіні айтпаса да түсінікті ғой. Сол үшін балалардың жүрегі жараланбаса екен деймін. Негізі, біздің мемлекетімізде бала асырап алуға ниетті ата-аналарды алдын ала дайындайды. Осы мақсатта арнайы ата-ана мектебі де жұмыс істейді. Сол жерде барлығы түсіндіріледі. Соған қарамастан, осындай оқиғалардың орын алып жатуы өкінішті жағдай. Десе де, мұның себептері көп. Ешқандай ата-ана баланы бауырына басарда «қайта әкеп беремін» деп ойламайтыны анық. Мұндай қадамға баруына түрлі жағдайлар себеп болады. Кейде отбасындағы өзге балаларымен келіспеушіліктер орын алып жатады. Кейде ерлі-зайыпты екі адамның арасындағы түсінбестіктің салдары балаларға зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан бала асырап алған шаңырақта шаттық пен тыныштықтың сақталуы үшін сол отбасының барлық мүшесімен үздіксіз психологиялық жұмыстар жүргізіліп тұруы қажет. Сондай-ақ, жауапкершіліктің не екені жіті түсіндірілуі керек деген пікірдемін.

 

Айжан ШАМҒАЛИЕВА, «Кенжекөл ауылының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ-нің директоры:

— Өкінішке қарай, елімізде балалар үйінен асырап алған жеткіншектерді қайтарып беру мәселесі тыйылмай тұр. Мысалы, өткен жылы біздің мекемеге осындай 8 бала қайта оралды. Олардың басым бөлігін мінез-құлқы құбылмалы жасөспірім жастағы балалар құрайды. Ата-аналар да мұндай жастағы балаларды тәрбиелеуде қиындықтар туындағанын алға тартты. Десе де, баланы асыраймын деп алған соң оның ыстығына күйіп, суығына тоңып, қолдан келгенше адам қатарына қосу керек деп ойлаймын. Ол үшін ата-аналар алдымен сабыр сақтап, шыдамдылық танытуы қажет. Үлкендерде осы жағы жетіспейтін сияқты. Кез келген баланы асырап алған адам оны өзіне жақын тартып, бар мейірімін төгіп, жақсылап жұмыс істесе тіл табысып кететіні сөзсіз. Тіпті, қажет болса түрлі сала мамандарының кеңесіне де жүгінгені жөн. Ең бастысы, балаларымыздың жаны ауырмауы тиіс.

Қазіргі таңда елімізде кәсіби отбасы туралы жаңа заң жобасы қаралуда. Сол бойынша асырауға берілген жеткіншектердің жайлы ортада өмір сүруіне, лайықты тәлім-тәрбие алып өсуіне жан-жақты жағдай жасалады екен. Ендігі бар үмітіміз – осы заңда!

Мақсұт ЗАКИРОВ, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Иә, баланы асыраймын деп жылы орнын суытып, үйренген жерінен алған соң, оны өз балаңдай көріп, өсіріп-жеткізу керек. Бірақ біздің қоғамда неше түрлі адамдар бар ғой. Естуімше, кейбіреулер баланың денсаулығынан қандайда бір кінәрат бар екенін байқап қалса, бірден апарып тастайтын көрінеді. Енді біреулер дұрыс тәрбие бере алмағандықтан осындай шешім қабылдайды екен. Менің ойымша, қандай жағдай болса да тығырықтан шығатын жол табуға болады. Мәселен, бала ауыра ма, емдету керек. Тәртібі нашар ма, оны ақылмен тәрбиелеу керек. Бала базардағы тауар емес, қаласа алып, қаламаса апарып бере салатын. Мұндай олқылықтарға   жол бермес үшін бала асырап алу туралы заңға қатаң талаптар енгізу қажет. Мәселен, жеткіншекті асырап алғысы келетіндер алдымен арнайы сынақтардан өтсін. Сол арқылы өзгенің баласына қамқоршы болуға лайық па, жоқ па, дәлелдесін. Себебі, баланы асырағаны үшін оған мемлекеттен жәрдемақы төленеді. Соған сай жауапкершілік те болуы тиіс. Ал осындай сынақтан өтіп тұрып, баланы баға алмай қайтарды ма, қомақты айыппұл салынсын. Өйткені, ол біреудің өміріне кері әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар, асырауға берілген баланың жағдайы үнемі мемлекет бақылауында болғаны жөн. Осындай қатаң талап болса ғана мәселе шешімін табар еді.

 

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.