«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да – тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 

Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне ерекше назар аударды. Президент адамды қорлау әрекетіне көз жұмып қарауға болмайтынын атап өтті. «Ауруын жасырған – өледі». Сондықтан осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керектігін де сөз етті. Қоғамда нәзік жандыларға әлімжеттік, зорлық-зомбылық көрсету мәселесі әлі тыйылмай тұр. Осыған қатысты қылмыстар күн сайын артуда. Әйелге күш көрсету шаңырақтың шайқалуына, ең сорақысы – баланың жетім өсуіне әкеледі. Отбасы шырқының бұзылуына не себеп? Осы орайда, Павлодар қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Бақытжан Тұрсариновамен тілдескен едік.

 

– Бақытжан Ескендірқызы, қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Отбасындағы кикілжіңнің туындауына не себеп?

– Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі өзекті болып отырғаны рас. Статистиканың өзі осы бағыттағы қылмыстардың әлі орын алып жатқанын көрсетеді. Өткен жылы ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы – адам өлтіру, 106-бап – денсаулыққа қасақана зиян келтіру, 107-бап – денсаулыққа қаса-қана ауырлығы орташа зиян келтіру фактілері бойынша 16 қылмыс тіркелсе, биыл 14 қылмыс орын алды. Осы жағдайларға отбасы мүшелерінің ішімдік ішуі, бір-бірін қызғануы себеп болып отыр. Сонымен қатар, жұмыссыздық мәселесі де бар. Қылмыстардың басым көпшілігі жайсыз отбасыларда тіркелді. Әсіресе, тұрғылықты жері жоқ адамдар топ-топ болып бір орынға жиналып арақ ішуді тәуір көреді. Салдарынан жоғарыдағы қылмыстар орын алады.

– Үйінен қашып шыққан немесе күйеуі қуып жіберген әйелдер облыс орталығындағы Қамзин көшесінде орналасқан Дағдарыс орталығын паналайтынын білеміз. Қазір аталған орынды неше әйел паналауда?

– Қамзин көшесі, 20/1 үй мекенжайындағы Дағдарыс орталығында Бақытты отбасы кабинеті жұмыс істейді. Мұнда әкімшілік жазаға тартылған ер азаматтарға психологиялық, заңнамалық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, олар құжат рәсімдеу, алимент төлеу сынды әлеуметтік көмектің бәрін ала алады. Өз қатесін түсініп, әйелімен татуласқысы келетін ер адамдар арнайы мамандарға жүгінеді. Ал Дағдарыс орталығы Осипенко көшесі, 5-үй мекенжа-йында орналасқан. Мұндай орынды күйеуінен зәбір көрген әйелдер балаларымен бірге паналайды. Бүгінде бейімдеу орталығында 57 адам бар. Оның 20-сы – әйел, 37-сі – бала.

Мамандар көмек сұрап келген әйелдердің барлығын жұмысқа, балаларын мектепке орналастырады. Қажетті заңнамалық, психологиялық кеңес береді. Павлодар қаласында учаскелік инспекторлармен тұрмысы төмен, аз қамтылған, жалғызбасты отбасылардың жағдайын да назарда ұстаймыз. Наурыз айында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының өкілдері, «Жас Отан» Жастар қанатымен бірлесіп, 40 әйелге көмек көрсеттік. Оларға бір ай көлемінде азық-түлік, киім-кешек беріліп, үйлерін жылу ұстау үшін көмір жеткізілді. Яғни, мамандар әр сенбі-жексенбі күндері айына 4 мәрте аталған отбасылардың үйіне рейд жасап, әлеуметтік көмек көрсетті.

–  Отбасылық жанжалға жол бермеуде, жанұяның берекесін алатын отағасы-ларды жөнге салуда полиция басқармасы тарапынан қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Біздің жұмыс күніміз жедел басқару орталығынан түскен құқықбұзушылықтармен танысудан басталады. Яғни, түнде отбасы жағдайында орын алған қылмыстарды назарға аламыз. Өткен жылы «Сервистік полиция жұмысының қазақстандық моделі» пилоттық жобасы аясында учас-келік инспекторлармен 1300-ден астам отбасының үйін араладық. Жалпы, облыс орталығында Химқалашық ықшам ауданы, Торайғыров көшесі және екінші Павлодар шағын ауданы мен сапаржай маңында орналасқан тұрғын үйлерде тұрмыстық зорлық-зомбылық көп орын алады. Аталған шара аясында 561 адамға қорғау нұсқамасы берілді. Жыл басынан бері 102 қызметіне отбасындағы зорлық-зом-былық фактісі бойынша 703 қоңы-
рау түсті. Оның ішінде 35 ер адам 3 ай ішінде әйелдеріне екі рет қол көтерген. Өткен жылы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 73-бабы – ерлі-зайыптылар арасындағы құқыққа қарсы әрекет фактісі бойынша 830 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген еді. Ал 73-2 бабы – ұрып-соғу фактісі бойынша 16 әкімшілік құқықбұзушылық орын алды. Ал жыл басынан бері бұл көрсеткіш 475-ке жетіп отыр. 81 адам сот шешімі бойынша қамауға алынды. Полиция қызметкерлері әр мәселені жіті бақылауда ұстайды.

– Күйеуінен таяқ жеп, отбасында қорлық көріп жатқан әйелдер қайда хабарласа алады?

– Жанұядағы кикілжіңнің алдын алуда 102 қызметі, 8 (7182) 37-80-11 нөмірі бойынша кезекші оператор жұмыс істейді. Сонымен қатар, Дағдарыс орталығында 8 (718) 2 54-03-03 нөмірі тәулік бойы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 111 және 150 желілері де күні-түні қызмет көрсетеді.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде көп жағдайда әйел адамдар жапа шегіп жатады. Отбасында қорлық көрген ер азаматтар бар ма?

– Әрине. Отбасында тек әйелдер ғана зәбір көрмейді. Күйеуін үйінен қуып шыққан әйелдер де бар. Ішімдікке салынып, үйінен безіп, балаларын тастап кеткен аналар да бар. Мысалы, Атамекен кентінде 6 баланы әкесі жалғыз өзі бағып отыр. Әйелі ішімдікке салынып кеткен. Қазір көпбалалы ананы іздеу жұмыстары жүргізілуде.

– Зорлық-зомбылық фактілері азаю үшін қоғам, мемлекет тарапынан қандай жұмыстар жүргізілуі керек деп ойлайсыз?

– Ең біріншіден, отбасылық зорлық-зомбылықпен күресу мәселесі тек полицияға ғана жүктелмеуі керек. Отбасы – мемлекеттің тірегі, қоғамның айнасы дейміз. Балалар жетім немесе қаскүнем әкесінің қас-қабағына қарап өспесін десек, бұл проблемамен қоғам болып күресуіміз керек. Шыны керек, үйінен қуылған әйелдер мен балаларға полиция және Дағдарыс орталығы ғана көмек көрсетіп отыр.

Жоғарыда учаскелік инспекторлармен үйлерді араладық деп айттым ғой. Біз бір күнде жаяу жүріп 350 отбасының жағдайымен таныстық. Екінші Павлодар шағын ауданында әрбір 6-ыншы үйдің жағдайы жаға ұстатарлық деңгейде. Егер отбасы мәселесінде прокуратура, медицина қызметкерлері, заңгер, психолог, халықты әлеуметтік қорғау мамандары бірлесіп жұмыс істегенде жағдай бұлай ушықпас еді. Өйткені жанжалдың басым көпшілігі жұмыссыздықтан туындап отыр. Екі қолға бір күрек таппай отырғандардың ішімдікке салынатыны сондықтан. Егер мамандар отбасындағы проблеманы шешуде әр отбасының жағдайымен жеке танысып, оларға жан-жақты көмек көрсетсе, жанұядағы кикілжің азаяр еді. Сол себепті осы мәселе назарға алынса екен деймін.

– Жақында ғана ҚР Парламенті Сенаты тұрмыстық зорлық-зомбы-лыққа жазаны күшейтетін заңды мақұлдады. Жаңа толықтырулар отбасының шырқын бұзғандарды жөнге сала ма?

– Құжаттағы жаңа өзгерістерге сүйенсек, бұрын әкімшілік заңбұзу-шылыққа жатқызылған екі бап енді Қылмыстық кодекске енгізіледі. Отбасылық мәселеге қатысты іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкері әлеуметтік желідегі, ақпарат құрал-дарындағы дәлелге сүйеніп, тергеу жүргізе алады. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары куәгерлердің көмегімен кінәлі адамды ешбір өтініш жазуды талап етпей жазаға тартуы керек. Қазіргі уақытта отбасында жанжал шығарған адам 3 сағатқа қамауға алынған соң босатылады. Сол уақыт ішінде әйелі киім-кешегін жинап, паналайтын орын іздеуі тиіс. Жаңа заң күшіне енсе, бәрі басқаша болады. Яғни, қорланған әйел неге тағы шарасыз күйге түсуі тиіс?  Үйді бөлісу мәселесі сот шешімі шыққаннан кейін ғана қолға алынады. Күйеулері жеке үй жалдап, туысқандарын жағалап немесе Дағдарыс орталығына баруы тиіс. Сондай-ақ, денсаулыққа жеңіл не ауыр зардап келтіргендер 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ.

Зорлық-зомбылық жасағандарға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынып, тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргендерге шектеу жазасын тағайындауға тыйым салынады. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігі мен құқығы да ерекше назарға алынған. Кәмелет жасқа толмағандарға зорлық көрсеткендер өмір бойы түрмеге тоғытылады. Сондықтан заңның қатаң-дағаны жақсы. Құжат қабылданса, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері азаяры сөзсіз.

-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.