Маусым айы туып, күн жылына тұрғындар Ертіс жағасына қарай ағылады. Бірақ, өзен жағалауының кез келген тұсына суға шомыла беруге болмайтынын бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары қажетті ақпаратты барынша қолжетімді ету мақсатында шомылуға тыйым салынған нүктелерді 2GIS мобильді қосымшасына енгізіп қойды. Одан бөлек, тақтайшаларда берілген QR кодтар арқылы да мәлімет алуға болады. Толығырақ облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тілекжан Галямовпен сұхбаттастық.
– Тілекжан Назарұлы, биылғы жылы су қауіпсіздігін сақтау бағытында нақты қандай жұмыстар жоспарлануда?
– Шомылу маусымына дайындық жұмыстары басталды. Біз әсіресе қауіпсіздік жағын басты назарда ұстаймыз. Алдымен әкімдіктер мен жекеменшік жағажай иелерінің өтінімдері негізінде су айдындарының түбі тексеріліп, тазалау жұмыстары жүргізіледі. Демалушылардың қауіпсіздігі үшін қоғамдық құтқарушылар оқытылып, жағажайларда кезекшілік атқарады. Сонымен қатар, жағажайларда медицина қызметкерлері мен полиция қызметкерлері де кезекшілік етеді. Бұдан бөлек, «Ertis Promenade» сахнасында, Павлодар қаласының орталық жағалауында, апта сайын жұма күндері сағат 10.00-ден 11.00-ге дейін судағы қауіпсіздік ережелері мен суға батып бара жатқан адамға алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқыту шаралары өткізіледі.
– 2GIS мобильді қосымшасы арқылы шомылуға тыйым салынған қауіпті жерлерді көруге болады екен. Бұл жүйе барлық қала-аудандарды қамтыды ма?
– Дұрыс айтасыз, қазір жас болсын, кәрі болсын, қолында ұялы телефоны жоқ адам деген болмайды. Және 2GIS қосымшасы да әркімге қолжетімді. Сондықтан оны адамдардың қауіпсіздігі бағытында пайдалануды дұрыс деп шештік. Алдымен 2ГИС компаниясының өкілдерімен хабарласып, хат жазған болатынбыз. Олар да қолдады. Сонымен, қазіргі күні суға түсуге тыйым салынған 43 орын туралы мәліметтер 2GIS мобильді қосымшасына енгізілді. Оның 25-і Павлодар қаласына, 18-і Ақсу қаласына тиесілі. Облыс тұрғындары 2GIS мобильді қосымшасы арқылы суға түсуге қауіпті орындарды өз бетінше анықтай алады деген сөз. Онда тиісті учаскелерге қатысты ескерту белгілері және суға түсуге тыйым салынғаны туралы ақпаратпен қамтылған. Ал кейбір қала және аудандарда аталған қосымша дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты әлі қосылған жоқ. Алдағы уақытта жұмыс жүргізіледі.
– Тұрғындар сол қосымша арқылы тыйым салынған жағалауды қалай анықтап көре алады?
– Оны қалай қарауға болады дегенге келсек, «Суға түсуге тыйым салынған жер» немесе «Место, запрещенное для купания» деп іздесе, шығады. Одан бөлек тыйым салу белгілері бар тақтайшаларда арнайы QR-код орнаттық. Бүгінде нақты 45 белгіде учаскелердің сипаттамалары көрсетілген QR-кодтар бар. Атап айтқанда, Павлодар, Екібастұз қалалары мен Май, Железин аудандары қамтылды. Бұл жерде тұрғындар QR-кодты сканерлеу арқылы аталған учаскенің қауіптілігі, суға түсуге тыйым салу себептері және судағы қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратпен таныса алады.
– Жалпы, мұндай қауіпсіздік шараларын мобильді қосымшаға енгізу халыққа қаншалықты әсер етуі мүмкін?
– Менің ойымша, өзінің белгілі бір деңгейде нәтижесін береді деп санаймын. Мысалы, QR-кодпен ашқанда сол учаскенің тереңдігі, судың тазалығы түбінде қандай заттар бар), соңғы бес жылда қанша адам осы жерде суға батты деген секілді ақпараттар шыға келеді. Негізі, осы мәліметтерді тақтайшаға жазып қоя салуға да болар еді. Бірақ, дәл осы мәліметтер өзінің ұялы телефонынан шығып тұрса оның ықпалдылығы жоғары болмақ. Содан кейін оны сканерлеп алу да мүмкін.
– Сөз соңында төтенше жағдайға тап болған адам қалай әрекет ету керектігін ескерте кетсеңіз. Яғни, алғашқы көмек қалай көрсетілуі керек?
– Алғашқы көмек көрсетудің өз алгоритмі бар. Суға батып бара жатқан адамды көріп қалсаңыз, шамаңыз келсе жағаға шығаруға тырысыңыз. Мысалы, артқы жағынан жүзіп келіп, қолтығынан немесе шашынан ұстап, басын судың бетінде ұстау және жағаға қарай сүйреп шығару. Жағаға шығарған соң, бетін төмен қаратып, тізеге жатқызу керек. Аузы мен мұрнын құмнан, балшықтан немесе құсықтан тазартыңыз. Адамның тыныс алып жатқанын немесе жүрегі соғып тұрғанын тексеріңіз. Егер ес-түссіз болса, дереу жедел жәрдем шақырыңыз. Егер қолыңыздан келсе, жасанды тыныс алдыру әдісін қолдануға және жүрекке массаж жасауға болады.
– Ақпаратыңыз үшін рақмет!
Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.
