Жыл санап өңіріміздің көрікті жерлерінде тынығуға қызығушылық танытатын туристер қатары артқан. Демалушылар дені көбейген соң табиғатқа зиян келтірмей жайлы жағдай жасау да маңызды. Осыны ескерген биліктегілер биыл да жазда көпшілік ағылатын көлдер жағалауын абаттандыру жалғастырмақ.
Мемлекет басшысының туристік аймақтарды ретке келтіру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде туристік инфрақұрылымның ағымдағы жай-күйіне мониторинг жүр-гізілген. Нәтижесінде 2 инфрақұрылымдық жоба іске асырылған. Сабындыкөл көлінің жағажайы абаттандырылып, шолу алаңы салынды. Баянауыл ауылында Визит-орталығының құрылысы жалғасуда.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Ахметжановтың мәлімдеуінше, былтыр Жасыбай көлінде «Березовая роща» қонақ үйінің жаңа корпусы салынған. «ПЕГАС» автокөліктерге жанармай құю станциясы орнатылды. Ал биыл 1,084 млрд теңге сомасына Жасыбай көлінің жағажайын абаттандыру жоспарланған. Нақтысы, мұнда демалушыларға күн астында жататын орындар саны 25 пайызға көбейтіліп, қоқыс жәшіктерінің де саны артпақ. Санитарлық-техникалық торап та қосылады. Био-дәретханалар көптеп орнатылмақ.
Құзырлы басқарманың туризм бөлімінің басшысы Руслан Нұрбековтің айтуынша, қазіргі таңда туристік аймақтарға апаратын кіреберіс жолдарды ретке келтіру қолға алынған. Жазғы туристік маусымға дейін жақсартылады. Сондай-ақ, ұялы байланыс жақсара түсетіні айтылды. Нақтысы, Сабындыкөл мен Торайғыр демалыс аумақтарында ұялы байланыстың үш операторы 3G желілерін тартқан. Туристік нысандардың 80 пайызында Wi-Fi байланысы бар. Ал 2026–2027 жылдары облыста 18 млрд теңге сомасына 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, олар – «Novotel» қонақ үйі, аквапарктің құрылысы, эко-қалашық, СабПлаза демалыс үйі.
Өткен жылғы қорытындыларға тоқталған басқарма өкілі былтыр демалыс үйлеріндегі нөмірлік қордың 7 пайызға өскенін атап өтті. Биыл 10 500 төсек орын болады деп болжануда. Сонымен қатар, бұл салада көрсетілген қызметтер көлемінің 28 пайзыға артқаны тіркелген. Биыл да өседі деп күтілуде.
Ішкі туристер саны жыл сайын 27 пайызға артып отырғаны байқалуда. Былтыр 243 мың адам өңірімізде тыныққан. Биыл 250 мыңнан асады деген болжам бар. Өткен жылы туризм саласына 21,4 млрд теңге инвестиция құйылған. Жоспардан екі есе асып түскен. Биылғы жоспар – 22 млрд теңге. Аймаққа келетін туристердің негізгі ағыны Ресейдің шекаралас аймақтарынан, Қарағанды және Абай, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Астана қаласынан көлікпен және теміржол маршруттарымен келетін көрінеді. Руслан Нұрбеков халықаралық көрмеге қатысу кезінде Баянауылға еліміздің батыс, оңтүстік өңірлерінен қызығушылық көп болғанын атап өтті. Демек, бұл аймақтардан көрікті мекенді көруге ағылуы әбден мүмкін.
– Жаз мезгілінде демалушылардың негізгі легін, әдетте, Баянауыл демалыс аймақтары, Маралды көлі облыс орталығы қабылдайды. Сонымен қатар, азаматтардың демалысы үшін негізгі локациялар – Аққулы ауданындағы Тұз-қала, Солнечный кентіндегі жағажай, Шарбақты ауданындағы Шалдай орманы. Оған қоса, Қазақстанның өзге өңірлерінен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ғабдул Уахит Хазірет, Исабек Ишан Хазірет кесенелері сияқты облыстың сакралды нысандарына арнайы баратындар қатары жыл санап артып келеді, – дейді Қайрат Ахметжанов.
Жалпы, облыста 45 жағажай бар. Олардың 18-і жабдықталып, жеке кәсіпкерлерге бекітілген. 27-сі коммуналдық жағажайлар деп саналады. Туристер көптеп жиналатын орындарда қауіпсіздік мәселесі де назарға алынған.
Баянауыл ауданында туристік маусымды ашпас бұрын «Таза Қазақстан» экологиялық сенбілігі ұйымдастырылмақ. Жазда блог-тур өткізу жоспарланған. Еліміздің блогер, туристік гидтері мен журналистерін, туроператор өкілдерін тарту көзделген. Бұл блог-турда Баянауыл, Шарбақты, Аққулы аудандары қамтылмақ.
Тағы бір айта кетерлігі, облыста қысқы туризм де біртіндеп дами түскен. Бүгінде 7 туристік нысан жыл-он екі ай жұмыс істеуге көшкен. Әсіресе, Торайғыр көлінің мұзы қатқан шақта әсем табиғатты тамашалап, тынығуға баратындар қарасы артқан. Осыны ескеріп, құзырлы орган алдағы уақытта инвесторлар тартып, қыс мезгілінде көл жағасына палатка орнатып, қажет заттарды жалға беруді қамтамасыз ету арқылы тынығуды дәстүрге айналдырмақ.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.

