Өкінішке қарай, елімізде анау-мынау емес, туған ата-анасынан қорлық пен зорлық көріп, тіпті, солардың қолынан қаза тауып жатқан бейкүнә балалардың қатары артуда. Айтуға ауыз бармайтын осындай жан түршігерлік жайттың белең алуына не себеп? Ұл-қызына үлгі болатын үлкендер неге қатыгез болып барады? Мұндай жандардың бауыр еті баласын аяусыз ұрып-соғып, айуандық жасауына қандай жағдай түрткі болды екен? Көкейде сұрақ көп…
Нұржайна ШОДЫР
Қайғылы оқиғаларға үңілсек…
Сөз басында бірден айта кетейік, біздің мақсат – өз баласын өлімге қиған қатыгез ата-аналардың қылмысын насихаттап, қоғамды үрейлендіру емес, керісінше, мұндай қателіктің қайталанбауы үшін көпшілікке ой салу. Шыны керек, кейінгі кезде өз баласын өлімге қиған қаныпезер ата-аналар жайлы жайсыз жаңалықты жиі еститін болдық. Тек осы жылдың қаңтар айында елімізде 2 жеткіншек туған әкесінің қолынан қаза тапты. Яғни, 4 қаңтар күні Алматыдағы бір азаматтың 2 ұлын аяусыз өлтіргені анықталып, дүйім жұрттың қабырғасын қайыстырды. Оқиғаның қалай орын алғанын мәлімдеген марқұм балалардың нағашы әжесі Татьяна Негрей: — Күйеу балам үйге келіп, балаларды емханаға тексертемін деп алып кетті. Ол Алмалы ауданындағы бір пәтерді алдын ала жалға алып, сол жерде екеуін де өлтірген екен. Кіші жиенімнің аузынан құлағына дейін тіліп тастаған. Балалардың тамағынан да орып жіберген болуы керек, біз көргенде шүберекпен жабылып тұрды. Жалға алған пәтердің іші қан-жоса, — деген еді республикалық БАҚ-тарға берген сұхбатында. Туған әкесінің қолынан өлім құшқан ұлдардың үлкені 12, кішісі 9 жаста. Қазіргі таңда бұл факті бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлері тергеу жұмыстарын жүргізуде.
Мұндай жаныңды ауыртатын жағдай былтыр да тіркеліп, ата-анасы азаптап өлтірген бірнеше қазақстандық жеткіншек жер қойнына тапсырылды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін сол оқиғаларға тоқтала кетсек, 2023 жылдың наурыз айында Ақтаудағы қатыгез әке кәмелет жасына толмаған 3 баласын айуандықпен өлтірді. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 36 жастағы еркек 2011, 2014 жылы туған екі қызы мен 2016 жылы туған ұлын бауыздап тастаған. Сот үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайын-далды.
Өткен жылдың шілде айында тағы бір алматылық жеткіншек ата-анасының қолынан қаза тапты. Бастапқыда 7 жасар Каринаның өліміне өгей анасы, қоғам белсендісі Балжан Тұрлыбекова айыпты саналып, күдікті ретінде тергелген. Жақында болған сотта ол бар кінәні қайтыс болған қыздың туған әкесіне аударды.
— Карина дәретін жіберіп қойып әкесі оны жуындыруы керек болған. Мен оған «тек ұрма!» дедім. Үй жинап жүргенде ваннадан бір дыбыс шықты. Барып қарасам, Карина ваннаның ішінде ісініп, қорылдап жатыр. Жуындырып бөлмеге апарып жатқыздым. Оны талып қалған екен деп ойладым. Өліп қалады деген ой болмапты, — деген айыпталушы күйеуінің қылмысын жасырмай, әу баста шындықты айтпағанына өкінетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол қыздың әкесі баланы кіші дәретін ұстай алмағаны үшін қол көтеріп келгенін айтты. Қазіргі таңда аталған жағдай бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда. Бейкүнә баланың өліміне туған әкесі мен өгей анасының қайсысы кінәлі екені алдағы уақытта анықталмақ.
Өкініштісі, мұндай қайғылы жағдай былтыр қараша айында біздің облысымызда да орын алды. Екібастұздық келіншек 7 жасар туған қызы Милана Давыдованы ажал құштырды. Тасжүрек ана қызын өз қолымен өлтіріп, көрші ауладағы қоқыстың астына көміп тастаған. Басынан ауыр соққы алған бала бірден жан тапсырған. Бұдан соң ол полицияға қызының жоғалып кеткені жайлы жалған хабар берген. Осыдан кейін екі-үш күн бойы ел болып жиналып, күні-түні іздеу салған Милананың мәйіті табылып, белгісіз жоғалып кетуінің мән-жайлары мен себептері анықталды.
— Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баланы өлтірді деген күдікпен қыздың анасы мен оның өтініші бойынша қылмыстың іздерін жасырған танысын ұстады. Олар қылмысын мойындады. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде, – деді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Болат Нұрсейітов. Өкініштісі, бұл — былтырдан бері ата-анасының қолынан ажал құшқан жеткіншектер жайлы бірнеше мысал ғана. Ал әке-шешесінен таяқ жеп, қорлық пен зорлық көріп жүрген қанша баланың бар екені беймәлім.
Жұмыс жүргізіле ме?
Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қоры (ЮНИСЕФ) жүргізген зерттеуге сүйенсек, әлемде миллиондаған бала үлкендер тарапынан қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа тап болуда. Алайда олардың басым бөлігі өз үйіндегі ата-анасынан зәбір көретіні анықталған. Тіпті, бүгінде ересек түгілі, жасы бірге толмаған сәбиін аямай ұратын ата-аналар көбеюде екен. Халықаралық ұйымның статистикасы бойынша
1 жастағы қазақстандық балалардың үштен бірі қатыгездікке ұшырайтын көрінеді. Ал үлкендер тарапынан дөрекілік көрген 2-4 жастағы ел балғындарының саны 50 пайызды, 5-9 жас аралығындағы балаларды ұрып-соғу арқылы тәрбиелеу көрсеткіші 58 пайызды құрайтыны анықталған. Сондай-ақ, аталмыш ұйым жүргізген сауалнамада ата-аналардың 67 пайызы баласына психологиялық әрі физикалық қысым жасағанын мойындаған.
Осылайша, елдегі балалардың 60 пайыздан астамының әке-шешесінен жиі таяқ жейтіні белгілі болды. Мұндай жаға ұстатарлық деректерді жария еткен халықаралық ұйым өкілдері ел үкіметін баланы ұрмай-соқпай тәрбиелеу қағидаттарын енгізуге бағытталған қатаң шаралар қабылдауға үндеп, ата-аналармен жұмыс істеуді ұсынған. Бүгінде бұл бағыттағы іс-шаралар біртіндеп қолға алынуда.
— Отбасының байлығы, ата-ананың бақыты — бала. Сондықтан біз балаларға сапалы тәлім-тәрбие беріп, оларды қорғауға айрықша назар аударуға міндеттіміз. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Балалар құқықтарын қорғау уәкілетінің институты құрылып, жұмыс істеуде. Енді бұл бағыттағы барлық іс-шараға ата-аналарды жұмылдыру көзделіп отыр. Балалардың қауіпсіздігі мәселесі күн тақырыбында өткір тұр, — дейді облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Наталья Покидова. Ал «Сенімен — Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының басшысы Хызыр Жанарыс ата-аналарға арналған ағартушылық жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.
— Біздің басты миссиямыз – қоғамда саналы ата-аналар мәдениетін қалыптастырып, олардың педагогикалық-психологиялық білімдері мен дағдыларын арттыра отырып бала тәрбиесіне атсалысуына қолдау көрсету болып табылады. Сол арқылы ата-ана мен баланың арасын жақындатып, өскелең ұрпаққа адами құңдылықтарды сіңіруді көздейміз. Облыс мектептерінің ата-аналарымен кездесіп, Әкелер және Аналар кеңесін құрдық. Бірқатар білім ордасында ата-аналар мен оқушылар арасында адами құндылықтар туралы тақырыпта тренингтер өткізіп келеміз, — дейді ол.
Облыстық білім беру басқармасының өкілдері ата-аналар үшін «Позитивті ата-ана» курсы, «Отбасы институты құқықтық жауапкершілік аймағы» тақырыбында дәрістер өткізіліп, білім беру ұйымдары директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтарына «Зорлық-зомбылықсыз үй», кәмелетке толмағандарға жыныстық қол сұғылмаушылық қылмыстарына қарсы қолданатын алдын алу шаралары» тақырыптарында үнемі семинар-практикумдар өткізілетінін айтады. Сонымен қатар, осы оқу жылы басталғалы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілетін іс-шаралар жоспары бекітіліп, мектептерде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамту бойынша кешенді жұмыстар ұйымдастырылуда екен.
Облыстағы жағдай қалай?
Жауапты мекемелер тарапынан ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты түзетуге, жеткіншектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түрлі іс-шаралар қолға алынып жатқанымен, нәтиже әлі де көңіл көншітпейді. Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, өткен жылы өңірімізде балаларға қатысты 250-ден астам заңға қайшы келетін факті анықталған. Ал облыстық полиция департаментінің дерегінше, бүгінде өңірдегі 300-ге тарта берекесіз отбасы ішкі істер органдарының есебіне алынған. Аталмыш департаменттің ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Хамзинаның айтуынша, аймағымызда 2022 жылдың 10 айында 259, ал 2023 жылдың сәйкес кезеңінде 263 әке-шеше соттың шешімімен ата-ана құқығынан айырылған. Бұған қарап, баласының алдындағы жауапкершіліктен жұрдай жандардың көбейіп бара жатқанын аңғаруға болады.
Өкінішке қарай, баласын ұрып-соғудан бөлек, жыныстық зорлық көрсететіндер де жоқ емес. Мәселен, былтырғы жылдың алғашқы 10 айында облыста туған және өгей әкесі тарапынан балаларға жыныстық зорлық көрсетудің 4 фактісі тіркелген.
Тағы бір айта кетерлігі, соңғы кезде балаларына қатыгездік көрсетумен қатар, дұрыс қарамайтын ата-аналар да көбейген. Айталық, соңғы екі айдың ішінде павлодарлық полицейлер осындай отбасыларындағы 5 балғынды балалар үйіне орналастырды. Бұл балалардың ата-аналары алкогольді ішімдік ішіп, оларға дұрыс қарамаған. Үйлерінде санитарлық нормалар сақталмаған әрі жеткіншектердің тұруына лайықты жағдай жасалмаған. Осыған байланысты кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағандарға ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді, дейді полицейлер.
Мамандар не дейді?
Психолог мамандар балаларға бөтен біреу емес, туған ата-анасының қорлық көрсетіп, соңы қайғылы жағдайға дейін алып келуінің түрлі себебі бар екенін айтады. Павлодар қаласындағы Жұмабек Тәшенов атындағы жалпы білім беру мектебінің психологы Катя Абылай:
— Үйдегі ата-анасының балаға қол көтеруіне көп себеп түрткі болады. Кейбір әке-шешелер баласын ұрып-соғу арқылы жақсы тәрбие беріп жатырмыз деп ойлайды. Кейде кішкентай кезінде ата-анасынан көп таяқ жеп өскен үлкендер сол әрекетті өзінің ұл-қызына жасағанды қалыпты жағдай санайды. Сондай-ақ, жұмыстағы келеңсіздіктер, тұрмыстық жағдайының төмендігі сынды мәселелер де түрткі болып, өшін баладан алып жататын ата-аналар баршылық. Отбасындағы жалғызбасты аналар немесе әкелер де басына түскен қиындықты
көтере алмай, бар ашуын бала арқылы шығаратын жайттар да кездеседі. Бұл жағдайлардың қай-қайсысы да дұрыс емес. Үнемі қатыгездік көріп өскен баланың психологиясы бұзылып, оның болашағына кері әсерін тигізуі ықтимал. Үлкендерден таяқ жеген жеткіншектің денсаулығы бұзылады, ақыл-ойы, қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгереді, — дейді. Психологтар психоэмоционалдық қысым салдарынан бала дұрыс ұйықтай алмай, тәбеті бұзылып, тілінде тұтықпа пайда болуы мүмкін екенін де айтады. Сол үшін мұндай оқиғаға тап болған балалармен психолог, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істегені жөн, дейді мамандар.
Ал белгілі психолог Анна Құдиярова бір басылымға берген сұхбатында баласына қол көтеріп, өлтіруге дейін баратын ата-ананың бойында Медея комплексі барын айтқан. Бұл — күйзелістің бір түрі. Оның сөзінше, адам өз баласына екі жағдайда қол көтереді екен. Біріншісі, өзін және өзгені қорғау үшін. Екіншіден, бойында күйзелістің, ішкі әлемінде шарасыздық пен көңіл қалудың табы болғанда ата-ана баласын ұрып-соғатын көрінеді. Тәжірибелі маман мұндайға жол бермес үшін еліміздегі психологтардың білімін жетілдіру керектігін де алға тартады. Себебі, үлкен-кішінің бәрі ішкі жан күйзелісін үйінде емес, психологтің сеансында шығаруы қажет, дейді ол.
Білім беру саласында 30 жылдан астам уақыт қызмет еткен Павлодар қаласының тұрғыны Әсия Нұрғазина:
— Ең дұрысы – әр ата-ана бауыр еті баласын ақылмен, мейірімділікпен тәрбиелегені жөн. Күш қолданып ешкім де опа таппайды. Қандай жағдай болса да, ашуға, қызбалыққа салынбау керек. «Ашу — дұшпан, ақыл — дос» деген бар. Қаншама ата-ана туған баласын өз қолымен өлтіріп алып, кейін өкініп, қан жұтып отыр?! Осылай бармақ тістеп қалмас үшін әр ата-ананы сабырға шақырамын. Әрине, бүгінгідей ақпарат көп, құбылмалы заманда бала тәрбиелеу оңай емес. Десе де, әркім өзі өмірге әкелген баласы үшін екі дүниеде де жауапты екенін естен шығармауы тиіс, —
дейді.
* * *
Қалай десек те, бала – Алланың берген аманаты. Оны мейірім-шапқатқа бөлеп, саналы тәрбие беру – ата-ананың абыройлы парызы. Әр бала бақытты болуға лайық! Ал олардың әлсіздігін пайдаланып, әлімжеттік көрсету, қиянат жасау – үлкен күнә. Сондықтан «қатыгез ата-аналарға» дұрыс бағыт-бағдар беру ісін бүкіл қоғам болып қолға алып, көп жұмыс жүргізілуі қажет. Осы орайда айта кетерлігі, өңірдегі құқық қорғау органдары балалары зардап шеккен, зорлық-зомбы-лыққа ұшыраған отбасыларды байқасаңыз, бірден 102 нөміріне немесе @dp_pavlodar, @polisia_pavlodar желілері арқылы хабарлауды сұрайды. Ақпаратты ұсынған адамдардың аты-жөні құпия сақталмақ. Бейкүнә балаларды қорғауға, қолдауға атсалысайық, ағайын!