Таяуда облысымызда көптен күткен «Ертіс жастары» бағдар-ламасы іске қосылмақ. Бүгінде жас мамандардың, жас отбасылардың өз пәтерін алуға мүмкіндігі бола бермейтіні рас. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаларға иек артып отыр. Сол арқылы жас мамандарға жеңілдікпен несие алуға жағдай жасалады.

Елімізде жастарға арналған өңірлік ипотекалар жемісін беруде. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау, Жетісу, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Абай, Ұлытау, Батыс Қазақстан облыстарының жастары бағдар-лама ұсынған мүмкіндікті пайдалануда. Бірлескен жобаға қажетті қаражатты «Отбасы банк» пен жергілікті әкімдік бөледі. Өңірлік тұрғын үй бағдарламасы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, БАҚ, әлеуметтік сала, жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттары қызметкерлерінің баспана алуына жол ашады. Көп ұзамай өңірімізде аталған сала мамандары бағдарламаға қатысып, бақтарын сынай алады.

Өтінім әр аймақта әртүрлі уақытта қабылданады. Ипотека шарттарында әр өңірге байланысты аздаған айырмашылық болуы мүмкін, бірақ негізгі шарттары ортақ. Бастысы, қатысушылардың атында соңғы 5 жылда үй болмауы және мемлекеттік қызмет атқаруы немесе бюджеттік ұйымда жұмыс істеуі тиіс. Жасы 35-тен аспау керек. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, бұл бағдарламада бастапқы жарна 10 пайыздан басталады. Жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиені 19 жылға дейін ресімдеуге болады. Осы орайда баспана алуға ниетті бағдарлама қатысушылары 18 млн теңгеге дейін қарыз алып, жаңа үйлердің бірінен немесе екінші нарықтағы баспаналардан да пәтер алу мүмкіндігіне ие болады.

– Жас отбасыларға бірден пәтер алуға мүмкіндік бола бермесі анық. Отбасын құрғанымызға екі жыл болды. Әзірге пәтер жалдап отырмыз. Жақында «Ертіс жастары» бағдарламасы іске қосылатынын естіп, қуанып отырмыз. Бағдарлама талаптарымен таныстық. Енді қажетті құжаттарымызды жинап, бағдарламаға қатысуға өтініш бермекпіз. Жастарға баспана алуға мүмкіндік берілгеніне ризамыз, – дейді қала тұрғыны Дана Ерденова.

Басқарманың бөлім басшысы Шынболат Тәшековтің айтуынша, Павлодар қаласы бұл бағдарламаға 345,5 млн теңге, Ақсу қаласы 54,5 млн теңге қарастырып отыр. Сонымен қатар, «Бәйтерек» ҰБХ қосымша қаржыландырады. Соның нәтижесінде облыс орталығында 38, Ақсуда 6 ипотекалық баспана беру жоспарланған.  Облысымызда баспана алуды армандап жүрген жастар мен жас отбасылар көп. Алайда көпшілік үміт артқан бағдарлама бойынша өңірімізде небәрі 44 пәтер бөлу қарастырылған.

– «Ертіс жастары» бағдар-ламасына зор үміт артып отыр едік. Өкінішке қарай, бағдарламаға енген салалар қатарына мемлекеттік қызметшілер енбеген екен. Биыл аз ғана адамға баспана алуға мүмкіндік беріліп отыр. Қалған жастарға одан әрі пәтер жалдап күн кешуге тура келеді. Әрине, барлығы бірден баспаналы бола қоймасы анық. Алайда, өңірлік бағдарлама бойынша кемінде 100 пәтер бөлінгенде, 100 жас отбасы баспаналы болу бақытына ие болар еді, – дейді жас маман Іңкәр Қанатова.

«Ертіс жастары» жас маман-дарға жеңілдікпен несие беру бағдарламасының операторы – «Павлодар қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ.  Аталмыш бөлім басшысының орынбасары Нұржан Қабдоловтың айтуынша, «Ертіс жастары» бағдарламасы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңбе-рінде «Отбасы банк» АҚ және қалалық жергілікті атқарушы органмен бірлесіп іске асырылуда. Жаңа жобаға қатысуға ниетті азаматтар үшін Павлодар қаласында кемінде соңғы екі жыл тұрақты үзіліссіз тіркелу міндетті. Бағдарлама бойынша қарас-
тырылған қызмет саласындағы ресми жұмыс өтілі өтініш беру сәтінде кемінде 1 жыл болуы тиіс.

– Баспана алған жас маман-дарға еңбекпен өтеуге міндеттеме қойылмайды. Бағдарламаға үйленбеген және тұрмыс құрмаған жастар да қатыса алады. Жеңімпаздар тізімі балдық жүйе негізінде қалыптастырылады. Қатысушылар бірдей ұпай жинаған жағдайда басымдық жасы үлкен қатысушыға беріледі. Комиссия жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық қор өкілдерінен құрылады. Жастарға баспаналы болуға мүмкіндік беретін бағдарламаны одан әрі іске асыру бірлескен қаржыландыруға байланысты, – дейді Н.Қабдолов.

Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табыс 6 күнкөріс деңгейінен, 260 442 теңгеден аспауы тиіс. Биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге.

Бағдарламаға қатысу үшін өтініш берушіге және ҚР бойынша отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің бар-жоқтығы туралы анықтама, АХАТ бөлімінен неке қию немесе бұзу туралы, некені тіркеудің жоқтығы туралы анықтама, ерлі-зайыптылардың екеуіне де соңғы 6 айдағы табыс-тары туралы жұмыс орнынан анықтама,  т.б. құжаттар қажет. Өтініштер ағымдағы жылдың 5 мен 9 ақпан аралығында сағат 10.00-ден бастап 17.00-ге дейін (үзіліссіз) Ломов көшесі, 38 мекенжайы бойынша Жастар бастамаларын дамыту орталығында қабылданады. Толық ақпаратты 32-74-48, 70-39-00 телефондары арқылы алуға болады.

Игі бағдарлама баспана алудан үмітті жастарға ыңғайлы болып, өңір жастарының тұрмысын жақсартуға септігін тигізеріне сенім мол.

 

Т.ӘБІЛДА.