Дарынды бала – ел болашағы. Бүгіннен бастап аймақта дарынды балаларға арналған мектептердің 5,7-сыныптарына түсуге ниет білдірген оқушылар үшін өтініштерді тіркеу науқаны басталады. Қабылдау қашанға дейін созылады? Болашағынан зор үміт күттіретін оқушыларға қандай талаптар қойылады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыстық білім беру басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта орта білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Азанбаевамен әңгімелескен едік.

– Нұргүл Шалабайқызы, облыста дарынды балалар баршылық. Оларға арналған білім ордаларына жыл сайын қанша бала қабылданады? Осы жылы өзгерістер бар ма?

– Әзірге өзгерістер жоқ. Қазіргі уақытта облыс бойынша дарынды балаларға арналған мамандандырылған 14 мектеп бар. Аталмыш білім ордаларының 8-і мемлекеттік тілде, ал алтауы аралас тілде оқытады. Жыл сайын бұл орталықтарға 700-ден астам оқушы қабылданады. Биыл 788 баланы қабылдау жоспарланған. Олардың 629-ы қазақ сыныбына, қалған 159 бала орыс сыныбына баратын болады.

– Құжат тапсыру мерзімі қашан аяқталады?

– Құжаттар 15 сәуірге дейін қабылданады. Онлайн тіркелу шарасы www.qabyldau.daryn.kz бірыңғай порталы арқылы жүргізіледі. Одан үміткердің ата-анасы немесе заңды өкілі өтуі тиіс. Егер ата-аналар тарапынан қосымша сауалдар туындаса, басқарманың 8 (7182) 650060, 8 (7182) 320560, 87074916405 телефон нөмірлеріне байланысқа шықса болады.

– Аталмыш мектептерге оқуға түскісі келетін үміт-керлерге қандай талаптар қойылады? Оқушылар қабылдаудан қалай өтеді?

– Дарынды балаларға арналған мектептерде білім алғысы келетін оқушылар тестілеу түрінде конкурс өтеді. Соның нәтижесінде жоғары ұпай жинаған балалар қабылданады.

Сонымен, 5-сыныпқа түсушілер үшін тестілеу 40 сұрақтан тұрады. Яғни, математика мен логикадан – 30, оқу сауаттылығынан 10 тапсырма ұсынылады. Ал 7-сыныпқа баратындар үшін тестілеуде 75 сұрақ болады. Математика және логика – 55, оқу сауаттылығы – 10, Қазақстан тарихы – 10 сұрақ. Сондай-ақ, 10-сыныпқа түсушілер 95 сұрақтан тест тапсырады. Сондай-ақ, математика және логикадан – 60, оқу сауаттылығы – 10 және Қазақстан тарихынан 25 тапсырма беріледі.

Тестілеуге бөлінген уақыт туралы айта кетсек, 5-сыныпқа – 60 минут, 7 сыныпқа – 120 минут, 10-сыныпқа 180 минут беріледі. Конкурс 15 мамыр мен 15 маусым аралығында өткізіледі.

– Ауылда тұратын көп-балалы отбасылардан шыққан және жетім балалардың дарындыларға арналған мектептерде оқуы үшін қандай да бір жеңілдіктер бар ма?

– Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әр мектепте білім алушылардың жалпы санынан 15 пайыз мөлшерінде квоталар бөлінеді. Мұндай жеңілдіктерді мына санатқа жататындар иелене алады: АӘК алатын ауылдық жерден шыққан отбасының балалары, ата-аналарының біреуі І топтағы мүгедек отбасының мүшелері, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйінен айырылған және басқа көмекке мұқтаж отбасыларының оқушылары. Осы аталған балалардың барлығы тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, «Мың бала» атты ауыл мектептерінің ұлттық зияткерлік олимпиада жеңімпаздарына да жеңілдіктер қарастырылған. Оларға қабылданатын оқушылардың жалпы санынан 10 пайыз мөлшерінде квоталар бөлінеді.

– Ақпаратыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.