Облыс орталығына жақын орналасқан Кенжекөл ауылдық округіне қарасты Долгое ауылының атауы Далакөл болып өзгермек. Бұрнағы күні ауылдың атауын өзгертуге байланысты қоғамдық тыңдау өтті. Жиналысқа қатысқандардың басым бөлігі бұл ұсынысқа қолдау білдірді.

Қоғамдық тыңдауға ауыл тұрғындары, жергілікті қоғамдастық мүшелері, ономастика саласына жауапты мекеме мамандары, сондай-ақ, аталған елді мекенге еңбегі сіңген ел азаматтары қатысты. Жиын барысында жаңа атаулар ардагерлер кеңесінің, жергілікті қауымдастық мүшелерінің ұсыныстары ескеріле отырып, қоғам талқысына ұсынылды.

Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі, ономастикалық комиссия мүшесі Мейрам Нұғыманов қазіргі уақытта идеологиялық тұрғыда ескірген ауылдардың атаулары кезең-кезеңімен өзгертіліп жатқанын айтып, ел мен жердің тарихи атаулары жайында құнды мағлұматтар берді.

– Жер-су атаулары – бабалар хаты. Қазақстанда идеологиялық тұрғыда ескірген, өзінің тарихи атауынан айырылған, орысшаланған атаулар әлі де көп. Бабалар хатын дұрыс оқып, туған елді мекеніміздің атауын толықтай бірізділікке түсіретін уақыт жетті. Дәл осы секілді басқа да ауылдардың атауларын топонимдерге негіздеп реттеу керек, – деді ол.

Сонымен қатар, Мейрам Төлегенұлы елді мекен атаулары мен көшелерін ауыстыру бойынша тұрғындардан ешқандай шығын шықпайтынын ескертті. Оның айтуынша, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тұрғындардың жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарын бүгінгі таңда ауыстыру міндеттелмейді және ешқандай мемлекеттік органдар тарапынан талап етілмейді.

Қоғамдық тыңдауға қатысқан ауыл тұрғындарының бір бөлігі «Долгое» атауында қалдыруды қолдаса, екінші бөлігі қазақша атау қоюды талап етті. Басым дауыс өзгерісті қалайтын болып шықты. Енді заңнама бойынша атауды өзгерту жұмысына 5-6 ай уақыт жұмсалмақ. Нәтижесінде алдағы уақытта «Долгое» ауылы Далакөл болып өзгеріп, өзінің тарихи әрі географиялық мән-мағынасын таппақ.

А.МҰҚЫШЕВ.