Бүгін Майқайыңдағы алтын кенішінде апаттың орын алғанына тура төрт апта болды. Түрлі кедергіге байланысты құтқару жұмыстары қиындай түсіп, автобус пен екі құтқарушыны табу мүмкін болмай отыр. Ал бұл уақытта оқиғаның мән-жайын тергеу үшін құрылған арнайы комиссия жұмысын аяқтап, оқыс жағдайдың орын алу себептері мен оған жауапты адамдарды анықтады.

«Майқайыңалтын» АҚ аума-ғындағы жағдай әлі де күрделі. Топырақтың опырылу, тастардың құлау қаупімен қатар, опырылған жердің түбінен үлкен тастар шығып, экскаваторлардың жұмыс істеуіне кедергісін келтіруде. Бастапқыда құтқарушылар оны өздері үгітуге тырысты. Бірақ бұл көп күш пен уақытты қажет ететін болғандықтан гидравликалық балғасы бар экскаватор көмегіне жүгінді. Күні кеше шұңқырдағы габаритті емес тас толығымен бөлшектелді. Оның ұзындығы – 8 метр, ені – 7 метр. Ал қалыңдығы шамамен 2 метрді құрады. Опырылған жердің түбінде басқа да үлкен тастар бар. Оларды да экскаватор гидравликалық балғамен бөлшектейтін болады.

Оқиға орнындағы құтқарушылар шыңырауға құлап түскен автобустың бөлшектерін бөлек-бөлек тауып жатыр. Бұрнағы күні қосалқы дөңгелегі мен басқа да бөліктері анықталды.

– Топырақтың тұрақсыздығына, топырақ пен тау жыныстарының үнемі құлауына байланысты шұңқырдың түбіне көп техниканы түсіріп, көп маманды тарту мүмкін емес. Құтқарушылардың өміріне үлкен қауіп төніп тұр. Сондықтан түбіне бір немесе екі шағын экскаватор, техниканың бағытын үйлестіру үшін бірнеше маман ғана түседі. Басқалары қызметкерлерді сақтандыру кабельдерінің көмегімен шығарып алу үшін жиекте жұмыс істейді, – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазіргі солтүстік беткейдегі жұмысты жүргізуге бір экскаватор, гидравликалық балғасы бар бір экскаватор, трольдерді созуға қажет екі бульдозер, экскаваторларды сақтандыратын екі бульдозер, Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының 15, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабының 15 құтқарушысы, 2 тау-кен инженері жұмылдырылды. Іздестіру-құтқару шараларына барлығы 138 адам, 40 техника, 3 кинологиялық есеп пен 2 дрон тартылды.

Құтқару жұмыстарымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен құрылған комиссия 4-24 қаңтар аралығында тергеу жүргізді. Осы уақыт аралығында комиссия мүшелері жобалық құжаттаманы зерделеп, 4 сараптамалық ұйым өкілдерінің қатысуымен тергеу жүргізді. Олардың қатарында көршілес Ресей елінің сарапшысы да бар. Алтын өндіретін кәсіпорынның қызметкерлері мен лауазымды тұлғаларынан сауалнамалар алынды. Сонымен қатар, комиссия шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеді.

Жан-жақты тергеу жүргізген комиссия бірнеше байламға келді. Топ пайымынша, тау-кен массасының құлауына жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру, «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуі, блоктарды өңдеу кезінде қазбалардан құлау процесін бақылаудың дұрыс атқарылмауы себеп болған. Бос орындарға қатысты бақылаудың болмауы, жобалық құжаттамаға сәйкес әзірленген тазарту кеңістігінің бос жерлерін, құлау ықтималдылығы бар аумақтарды саралау бойынша жұмыстардың жүргізілмегені де анықталды.

Комиссия мүшелері жазатайым оқиғаның себептерін жою жөніндегі шаралар мен олардың орындалу мерзімдерін айқындады. Оның ішінде шахта директорының, бас инженердің, бас маркшейдердің, учаскелік маркшейдерлердің лауазымдық нұсқаулықтары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманың талаптарын ескере отырып қайта қаралатын болады. Оған қоса, тау-кен қазбаларының өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне қатысты егжей-тегжейлі тексеру жүргізіліп, құлауы мүмкін аймақтарды және қауіпсіздік нормаларын ескере отырып, автокөлік қозғалысының маршруттары әзірленеді.

– Комиссия 7 жауапты адамды анықтады. Олардың әрекеттері салдарынан топтық жазатайым оқиға орын алды. Еңбек заңнамасына сәйкес тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді, – делінген министрлік хабарламасында.

Облыс әкімі Асайын Байханов 4 қаңтардан бастап «Майқайыңалтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстары тоқтаусыз жалғасып жатқанын айтты. Қазірдің өзінде қауіптің жоғары, қиындықтың көп болғанына қарамастан құтқарушылар тоқтаусыз еңбек етуде. Алдағы күндері бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі болады деген үміт көп.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.