Соңғы уақытта отбасы мен қоғамдық өмірде ата-аналарынан және өз қатарластарынан қорлық көріп жүрген жасөспірімдер саны көбейіп кетті. Әсіресе, әлеуметтік желілерде балалар арасындағы әлімжеттікке қатысты бейнежазбалар шарлап жүр. Жеткіншектер арасындағы жәбірлеу жағымсыз көрініске  айналып бара жатқаны жанға батады. Осы орайда аталмыш тақырып аясында «Saryarqa samaly»-ның Instagram-дағы парақшасында «Онлайн желі» ұйымдастырдық. Тікелей желі қонағы — Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның педагог-психологы Жаңагүл Төлеубаева балалардың құқығы, қауіпсіздігі туралы баяндады.

Тілші сауалы:

— Жаңагүл Бағдатқызы, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмек қолын созатын дағдарыс орталықтарына хабарласқандардың 67 пайызы балалар екен. Бұл дегеніңіз, тіпті жартысынан да көп. Айтыңызшы, отбасындағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық неден туындауы мүмкін?

— Жалпы, адамдардың басым көпшілігі баланың табиғатынан бейхабар. Оның психикасының дамуының әр сатысында қандай өзгерістер болатынын жақсы білмейді. Бала – ересек адам емес. Оның өмірлік тәжірибесі де аз, сондықтан да оның көп дүниені түсінбеуі, сұрағының көп болуы заңды. Ата-ана осы мәселені жақсы ұғынуы керек. Ал оның ата-ананы тыңдамауы, шу шығаруы өзін әке-шешесінің түсінбегенінен туындайды. Енді бір себеп ретінде отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігін айтар едім. Ал үшіншіден, жүйенің дұрыс емес екенін, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жұмыстарының дұрыс жүргізілмей жатқанын да атап өту керек. Бірақ мәселенің бәрі бала психологиясын жете түсінбегендіктен туындайтынын еске салғым келеді.

Тілші сауалы:

— Баланы ұрып-соғу, оған физикалық зақым келтіру оның психологиясына, психикасына қалай әсер етеді? Осыған тоқталсаңыз…

— Балаға физикалық және психологиялық зорлық көрсеткен кезде оның жеке шекарасы бұзылады. Кейін ол қоғамда, адамдармен араласқан кезде жеке шекараның не екенін біліп, оны қорғай алмайды. Өмір жолында кездескен адамдардың бәрі оны ренжітеді, көңіліне қаяу түсіреді. Ал ол мұның бәріне ата-анасының ұрып-соққанына шыдаған сияқты төзе береді немесе агрессивтілік танытады. Салдарынан әр нәрсеге агрессивті көзқарас танытатын не өзін жәбірленуші сезінетін адам өсіп шығады.

Тілші сауалы:

— Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Өзіңіз айтқандай, зорлық көрген бала өскеннен кейін өз баласын ұрып соғады. Зорлық көрсетудің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қалай тоқтатамыз? Мүмкін, ата-анаға қандай да бір шара қолдану керек шығар.

— Әрине. Алдымен ата-аналарға психологиялық көмек көрсетілуі тиіс. Себебі, ол да жаңа атап өткеніміздей, бала кезінде өзінің ата-анасы тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған болуы мүмкін. Осыны зерттеу керек. Мәселен, оларға психологпен терапия немесе лекциялар тыңдауға мүмкіндік, бағыт-бағдар берілуі керек. Оларды түзеу жұмыстарына тартып, айыппұл салғаннан гөрі, бала тәрбиесіне қатысты лекция тыңдатқан дұрысырақ болар еді. Бұл тек баланы емес, бірінші өзін түсінуге, кейіннен баланы түсінуге мүмкіндік береді. Өйткені, ата-ананың миында бұған дейін зорлыққа қатысты белгілі бір әдеттер қалыптасты. Соны өзгерту керек.

Тілші сауалы:

— Балалардың психологиялық саулығын сақтау үшін ата-аналар неге көңіл көңіл бөлуі керек?

— Әр ата-ана «мен балама не бере аламын?» деген сауал төңірегінде ойлануы керек. Олардың рухани кемелденуіне мүмкіндік жасау қажет. Маған кей оқушыларым үнемі отбасында өзі
қалаған ісімен айналыса алмайтындығын жиі айтады. Сондықтан ата-ана балаларды шығармашылық тұрғыдан дамуына жол ашатын жобаларға қатыстырып, оларға үнемі назар аударып, қолдау көрсету керек. Өкінішке қарай, бізде ажырасқан отбасылар да аз емес. Ондағы балалар нақты жағдайды білмегендіктен әкесін не анасын жек көруі мүмкін. Сондықтан әкесі не анасы дәмтұздары жараспағандығын ашық айтуы керек. Сонымен қоса, жасөспірімдер арасында кикілжің болса, оған алдымен ата-аналары назар аударуы керек. Себебі, баланың бойында пайда болған кішкентай болсын өзгерістерді тек ата-анасы ғана байқауы мүмкін. Осы ретте психолог ретінде ата-аналарға айтарым, егер де балаңыздың қылықтарында бір өзгешелік байқап, оның қысым көріп жүргенін түсінсеңіз, бірден ашуға беріліп, шу көтерудің қажеті жоқ. Алдымен, балаңызбен өзіңіз сөйлесіп, оның себептерін анықтап көріңіз, кейін сынып жетекшісімен кездесіп, мәселені шешудің жолын бірге іздестіру қажет. Жағдайды көтеріп, шу шығарғаннан еш пайда жоқ. Ол тек баланың алдағы уақыттағы мектептегі өміріне зиян тигізуі мүмкін. Қысқасы, ата-ана балалардың қамқоршысы әрі досы бола білгенде ғана олардың психологиялық саулығы сақталады. Десе де, балалардың психологиялық саулығын сақтауға мектептердің де өзіндік жауапкершілігі бар екенін ұмыт қалдырмаған жөн.

Тілші сауалы:

— Соңғы уақытта оқушылардың өз қатарластарына әлім-жеттік, күш көрсету фактілері жиі тіркеледі. Мұны көріп, жағамызды ұстап қалдық. Күш көрсеткен буллермен қалай сөйлесу керек? Қандай да бір көмек көрсетіле ме?

— Қазір көптеген ата-ана балаларды мүлдем назардан тыс қалдырады. Сол себепті де, балалар бос уақытын теледидар мен телефонға телмірумен өткізеді. Олардың теледидардан қандай мультфильм көргені және телефоннан қандай ойын ойнағаны қадағаланбайды. Ал теледидарда балдырғандарды алаяқтыққа баулитын, зұлымдыққа тәрбиелейтін мультфильмдер жетерлік. Мұның барлығы бала психологиясына әсер етпей қоймайды. Бүгінде ғаламтор желісінде жасөспірімдердің санасын улайтын ойын көп. Соңғы жылдары осындай ойын салдарынан жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол салатын фактілердің жиілеп кеткендігін білесіз. Бұл жағдайлар отбасындағы қадағалаудың жоқтығынан туындап отыр. Әр отбасының тәрбиесі әр алуан болатыны түсінікті. Ата-ананың барлығы баласына дұрыс тәрбие беріп, түзу жолда жүрсе екен дейді. Үйде баланың өз бетімен шешім қабылдауына мүмкіншілік беру қажет. Кейде баланың бетінен қақпай, көкке көтеріп өсірудің өзі теріс әсер ететін жағдайлар кездеседі. Сонымен қатар, авторитарлық отбасылар болады. Баланы қысып ұстау, оның пікірін тыңдамау, ұрып-соғу деген секілді. Осындай жағдайларда бала ішінде жиналып қалған агрессиясын сыртқа шығарады. Бұл мектепке келіп басқа балаларды кемсітумен, мазақтаумен көрініс табуы ықтимал.

Тілші сауалы:

— Сіздің ойыңызша, бақытты отбасының формуласы қандай?

— Халқымыз «Отан отбасынан басталады» дейді. Яғни, әр отбасы мықты болғанда, мемлекет те мықты болады. Сондықтан кез келген мемлекеттің негізгі мақсаты – отбасының шаңырағын биік, керегесін кең, табалдырығын берік жасау. Тәрбие мен отбасының да өзіндік ерекшеліктері уақыт талабына сай өзгеруде. Отбасы — әке, шеше, бала, туған-туыстар. Қазір бұрынғыдай қатып қалған ереже мен белгілі бір талаптар жоқ. Бала тәрбиесімен көбінде анасы айналысады, кейінірек балабақшаға береді. Ол жерде бала басқа ортамен ерте жастан араласуды үйренеді. Әкесі болса — отбасының тірегі әрі асыраушысы. Бала ата-анасын сыйлай білсе, қадір тұтып, құрметтесе, әке мен шеше бала үшін үлгі бола білсе, берекелі отбасының үлгісі осы емес пе?! Уақыт талабына сай балаға білім мен тәрбие беріп, оның тіл мен өнер үйренуіне жағдай жасау-ата-ананың міндеті деп білемін. Ұл мен қыз өз болашағы үшін білім алып, білікті маман болуы керек. Күнделікті тіршіліктен бөлек, отбасылық демалыс, мереке мен жиындарда жиі бас қосып, туған-туыстармен де араласып тұру қажет. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрден алшақтамай, заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу —
ата-үшін міндет болса, бала үшін-үлгі-өнегені бойына сіңіріп, білімді болуы керек.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Қайткен күннің өзінде де бұл мәселе жыл сайын талқыға түседі. Өйткені әлімжеттік — өзекті мәселе. Бұл бұрын да болған, қазір де бар. Тек әлімжеттікке қарсы іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп, балалар арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуін қадағалау, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылын күшейту ғана жағдайдың түзелуіне, жақсаруына септігін тигізеді. Олай болса қоғамда, оқу орындарында әлімжеттікті болдырмау үшін барлығымыз бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз.

 

«Онлайн желіні» жүргізген – Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Константин Шелков.