Оқуда озат, білімде алғыр жастарға әрдайым жол ашық. Білім көрсеткіші жағынан республикада көш бастап тұрған павлодарлық шәкірттерге шетелдік жоғары оқу орындарының жолдама ұсынуы соның дәлеліндей. Тек биыл Павлодар қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 6 оқушысына әлемдегі ең таңдаулы университеттерден шақырту келген.

 

Солардың бірі – Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Амира Артықбаева. Оны бірден 9 жоғары оқу орны шақырған. Аталмыш білім беру мекемесі мұғалімдерінің айтуынша, ол – Павлодар қаласындағы NIS тарихында «Лига Плюща» университет-терінен шақыру алған алғашқы түлек. Бір жыл АҚШ-та тәжірибе алмасудың нәтижесінде оған әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері жолдама ұсынған. Олардың қатарында «Лига Плющаның» Brown University мен Dartmouth, АҚШ-тағы Northwestern University, Williams College, Amherst College, Wellesley College, Colby College, Катардағы Carnegie Mellon Qatar және Канададағы University of British Columbia бар.

– Менің бұл университеттерге түсуім көп жылғы қажырлы еңбегімнің, отбасым және ұстаздарымның шексіз қолдауының, пәнаралық ғылымдарды зерттеуге деген құлшынысымның нәтижесі деп білемін. Үздік оқу орындарынан шақыру түскеніне қуаныштымын. Дамыған шет мемлекеттердің білімді жастарымен бірге Қазақстанның атынан бару – мен үшін үлкен мақтаныш әрі зор жауапкершілік. Осы арқылы біздің еліміздің білім саласы да бәсекеге қабілетті, өзгелерден кем емес екендігін дәлелдей аламыз. Әзірге қайсына түсетінімді таңдаған жоқпын. Ойланып жүрмін, – дейді ол. Сондай-ақ, дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Көркем Жарылқап та АҚШ-тың 8 үздік университетінен жолдама алған.

Аталмыш оқу орнының профориентологы, информатика пәнінің мұғалімі Жұлдыз Тәжмағанбеттің айтуынша, Көркем – көптеген олимпиада мен жарыстардың жеңімпазы атанып жүрген талантты шәкірт.

– Көркем – алғыр оқушы. Ол мектепте оқып жүрген уақыт ішінде өзін жақсы жағынан көрсете білді. Облыстық, республикалық деңгейде өтетін шараларға, пәндік олимпиадаларға белсене қатысады. Өзінің еңбекқорлығы мен талабының нәтижесінде осындай жетістікке жетіп отыр. Шәкіртімізбен мақтанамыз, – дейді Ж.Тәжмағанбет. Көркем болашақта маркетинг саласын бағындырғысы келеді. Алайда АҚШ университетін қай мамандықпен бітірері әзірге белгісіз.

– 7-сыныптан бастап химия пәні бойынша олимпиадаға қатысып жүрдім. Ал 9-сыныпта облыстық білім бәсекесінде 1-орынға ие болып, республикалық сайысқа жолдама алдым. Сол білім додасында қола медальді еншіледім. Өткен жылы әлем бойынша мыңдаған үміткердің арасынан Pioneer Academics атты халықаралық ғылыми жобасына жолдама алдым. Колумбия университетінің профессорымен бірге білім және критикалық ойлау тақырыбында зерттеу жұмысын жүргіздім. Соның нәтижесінде шетелде тегін оқу мүмкіндігін иелендім. Негізі, АҚШ университеттерінде студенттер мамандықтарын тек 3-курста таңдай алады. Бұл америкалық жоғары оқу орындарының үлкен артықшылығы деп білемін, – дейді Көркем. Айта кетейік, Көркем шақырту алған сегіз университет АҚШ-тағы ең үздік әрі танымал 20 университтің қатарына кіреді. Маркетинг саласы бойынша осы елде 13-інші орында тұр.

Түйін:

Білімге құштар жастардың биіктен көрініп, еліміздің абыройын асқақтатып жүруіотандастарымыз үшін үлкен мәртебе! Жігерлі жастарымызға ақ жол тілейміз!

Айдана БОРАНБАЕВА.