Бүгін елдегі барлық мектепте сабақтар аяқталып, соңғы қоңырау соғылды. Ұзақтығы 36 аптаға созылған осынау оқу жылы облысымыз үшін несімен есте қалды? Биыл павлодарлық шәкірттер қандай жетістіктерге қол жеткізді? Салада көптен бері шешімін таппаған қандай мәселелер бар? Осы және өзге де сұрақтарға толыққанды жауап алу үшін облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинамен сұхбаттасқан едік.

– Самал Оспанқызы, екі жылға созылған пандемия елді есеңгіретіп жіберді. Бұл жағдай балалардың білім деңгейіне де кері әсерін тигізгені жасырын емес. Осындай сынақтан кейін облыстың білім беру басқармасының тізгінін ұстау Сіз үшін оңай болды ма?

– Әрине, пандемия өз ізін қалдырды. Бірақ басты мақсатымыз – білім саласындағы олқылықтарды жою болғандықтан осы салаға жауапты мамандармен жұмыла жұмыс істедік. Әсіресе, оқушылардың білім сапасын көтеруге және тәрбиесіне көп көңіл бөлуге бағытталған арнайы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде барлық қиындық артта қалды деп айтуға болады. Сондай-ақ, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұсынысы бойынша 2022-2023 оқу жылының басында әрбір оқушыдан бақылаулар алынды. Сол бойынша кеткен кемшіліктерге талдау жасалып, облыстағы әр мектепте «қатемен жұмыс» жасау үшін жоспар құрылды. Оң нәтижеге қол жеткізу мақсатында жыл бойы оқушылармен жеке-дара жұмыс жүргізілді. Шәкірттеріміздің күрделі тақырыптарды толық меңгеруі үшін топтық сабақтар ұйымдастырылды. Балалардың білім сапасын, функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Жақсы мектеп үшін жаңа мұғалім», «Оқу үшін оқыту», «Олимп шыңы» және педагог мамандардың озық тәжірибесін таратуға арналған «Заман. Талап. Тренд» атты жобалар жүзеге асырылды. Айрықша атап өтерлігі, ауыл мектептерін қолдау мақсатында облыстағы мамандандырылған білім беру мекемелері тарапынан әдістемелік көмек пен педагогикалық қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, менторлық жоба, тәжірибе алмасуға арналған түрлі іс-шаралар, қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ға дайындықтың тиімді тәсілдері, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамыту бойынша көшпелі семинарлар ұйымдастырылды. Осы бағытта атқарылған жұмыстар өз жемісін беріп, оқушылардың білім сапасын бірқалыпты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік туды.

– Биыл павлодарлық шәкірттер ауыз толтырып айтарлықтай қандай жетіс-тіктерге жетті?

– Біздің оқушыларымыз жыл сайын түрлі деңгейдегі олимпиадаларда топ жарып, өздерінің бәсекеге қабілетті екендіктерін дәлелдеп жүр. Осы оқу жылының қорытындысы бойынша да павлодарлық шәкірттер биік тұғырдан көрінді. Халықаралық, республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен сайыстардан 260 медаль, оның ішінде 21 – халықаралық, 239 – республикалық (68 алтын, 74 күміс, 118 қола медаль) білім додасынан олжалы оралды. Сонымен қатар, биыл жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша облыс құрама командасының есебінде 47 медаль, оның ішінде 8 алтын, 15 күміс, 24 қола медаль бар. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерден павлодарлық оқушылар республикалық командалар арасында І орын алып, «Үздік олимпиадалық команда-2023» сертификатына ие болды. Халықаралық олимпиада қорытындысы бойынша да алдыңғы саптан көрінді. Атап айтар болсам, Жәутіков олимпиадасынан №8 мектеп-лицейінің оқушысы Владимир Роговский алтын медаль, ал Даир Нұртаев, Алексей Шишкин, Марк Клименко, Әнуар Ораз, Анастасия Одинцова және дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының шәкірті Әділет Ақаш есімді балалар қола медаль иегерлері атанды. Халықаралық «Жібек жолы» математика олимпиадасынан тағы да №8 мектеп-лицейінің оқушысы Владимир Роговский алтын медаль иегері атанса, Азия-Тынық мұхитының математика олимпиадасынан осы білім ордасының оқушысы Әмір Ілиясов күміс медаль алды. Қыздар арасындағы Еуропалық математика олимпиадасынан №8 мектеп-лицейінің оқушысы Анастасия Одинцова күміс медаль иеленсе, Ринат Елеусізов химия пәні бойынша халықаралық Менделеев олимпиадасының қола медальін қанжығасына байлады. Биыл сондай-ақ, облыстың 7-8 сынып оқушыларының командасы құрамындағы 11 бала химия-биология пәндерінен республикалық олимпиадаға қатысып, 9 медаль жеңіп алды. Ал 16 адамнан тұратын 5-6 сынып оқушыларының құрама командасы 14 медаль еншіледі. Аталған екі байқаудың қорытындысы бойынша Павлодар облысы оқушыларының құрама командасы «Үздік олимпиадалық команда-2023» сертификатымен марапатталды. Осылайша, шәкірттеріміз аймақ абыройын асқақтатуда. Бұл – үлкен жетістік!

– Шәкірттерге сапалы білім беру үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Бұл ретте аймақтағы мектептердің қазіргі тыныс-тіршілігі қалай?

– Өңірдегі күрделі жөндеуді қажет ететін, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесін біртіндеп шешудеміз. Бүгінгі таңда облыста 3 апатты, 8 үш ауысымды мектеп бар. Биыл Павлодар қаласындағы Ш.Шөкин атындағы мектеп-гимназия жанынан салынған қосымша қосалқы ғимараттың құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, 600 орындық №47 жалпы орта білім беретін мектеп пен «Достық» шағын ауданында 1200 орынға лайықталған білім ордасы салынады. Келесі жылы әрқайсысы 1200 орындық 3 жаңа мектеп бой көтереді. Ал апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу үшін 3 ауданда 3 білім беру мекемесінің құрылысы басталды. Жалпы, 2020 жылдан бері өңірдегі 111 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылы 40 білім ордасына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.

– Білімді ұрпақты білікті ұстаз тәрбиелейді. Павлодарлық мұғалімдердің білім деңгейі жөнінде не айтасыз?

– Иә, шығармашылық қабілеті жоғары, білімді шәкірт тәрбиелеу-ұстазға сын! Осы орайда павлодарлық педагогтардың білім беру саласына зор үлес қосып, әрдайым облыс намысын абыроймен қорғап жүргенін мақтанышпен айта кеткен жөн. Біз осындай ұстаздармен мақтанамыз. Солардың бірқатарын атап айтар болсақ, былтыр республикалық «Үздік педагог» байқауында Баянауыл ауданындағы М.Ж.Көпейұлы атындағы мектептің физика және информатика пәнінің мұғалімі Аюпов Асқар, Павлодар қаласындағы №37 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Касымжанова Әлия, Май ауданы Қазан ауылындағы мектептің шағын орталығының тәрбиешісі Гүлжанат Тулкина жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласына тоқталсақ, республикалық «Шымырлық пен шеберлік» конкурсында «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» аталымы бойынша Ақсу қаласындағы №24 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Әбдірахманова Әсем 3 орын иеленді. Ал ағымдағы жылдың 5-6 наурыз күндері Алматы қаласында өткен «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсының республикалық кезеңінде Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №3 гимназиясының ағылшын тілі мұғалімі Камила Багаева 1-дәрежелі дипломмен, Екібастұз қаласының №25 қазақ қыздар гимназиясының география пәнінің мұғалімі Айнұр Жангурова  және Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Марат Жұмабеков  2-дәрежелі дипломмен, Тереңкөл ауданындағы А.Н.Елгин атындағы №1 мектептің ағылшын тілі мұғалімі 3 дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұған қоса, «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының республикалық кезеңінде «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің биология пәнінің мұғалімі Шыңғыс Молдасапар мен Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі сәбилер бақшасының педагог-психологы Лашын Борог 2-орын алды. Республикалық «Жылдың үздік психологы» байқауының қорытынды кезеңінде Баянауылдағы Шапық Шөкин атындағы №2 мектептің педагог-психологі Марина Шумейко 3-дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, Павлодар дарыны бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының «Жаңа көзқарас» пікірсайыс мектебінің ұстазы Ақәділ Есенкұл республикалық «ҚМУ кап», «Тәуелсіздік – тарихтың төл тартуы» пікірсайыс турнирлерінде жеңімпаз болып, «Үздік спикер» атанды. Тізбектеп айта берсек, талантты да білікті мамандарымыз өте көп. Десе де, қазіргі заманның мұғаліміне қойылар талап та жоғары. Сондықтан әр мұғалім оқу, білім беру, тәрбие және ұжымды басқарудың қыр-сырын терең меңгеруі үшін шетелдік педагогтар және психологтармен тәжірибе алмасып, қажетті ақпараттармен қамтылуына мүмкіндік берілуде.

– Шалғайдағы кейбір ауыл мектептерінде интернет мәселесі әлі де бар екенін жиі естиміз. Осы олқылық қашан жойылады?

– Қазіргі уақытта облыстағы барлық мектеп интернет желісіне қосылған. Бірақ кейбір ауылдық жерлердегі білім ордаларында техникалық инфрақұрылым қуаттылығының әлсіз болуына байланысты интернет жылдамдығы төмен деңгейде. Бұл мәселе құзыретті органдардың назарында. Бүгінгі күні орын алған олқылықты жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.

– Аймағымызда, әсіресе, алыстағы ауылдарда маман тапшылығы мәселесі бар екенін білеміз. Оны шешу үшін қандай қадамдар қолға алынуда?

– Облыстық білім беру басқармасына қарасты білім беру ұйымдарында 20 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Осы оқу жылында 294 жас маман жұмысқа қабылданды. Бүгінгі күні өңірде 75 педагог жетіспейді. Маман тапшылығы мәселесін жастарды еңбекке тарту арқылы шешу көзделуде. Осыған орай, педагог мамандар даярлайтын Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлескен меморандум жасалып, түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

– Елімізде ерекше балалардың қатарынан қалмай білім алуына басымдық берілуде. Алайда, кейбір ата-аналар өз баласын ауытқуы бар жеткіншектермен бірге оқытқысы келмейтіні белгілі жайт. Себебі, еркетотайының қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Осы орайда облыс мектептері оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қаншалықты қауһарлы? Алаңдауға негіз бар ма?

– Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар өзге оқушы-лармен бірдей білім алуға құқылы. Олардың оқу бағдарламасын сапалы меңгеруін қамтамасыз ету мақсатында облыстың 5 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Мұнда арнайы педагогтер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жеке айналысады. Оқу үрдісі кезінде мінез-құлқы құбылмалы балалар үшін педагог-ассистенттер бекітілген. Сондай-ақ, балаға психологиялық және арнайы түзету көмегі қажет болған жағдайда педагог-психологтер мен логопед, дефектолог сынды мамандар да қолдау көрсетеді. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп тұрады. Жалпы, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірдегі білім беру ұйымдары полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Барлық мектеп 100 пайыз ескерту жүйелерімен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етілген. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ.

– Соңғы уақытта жасөспірімдер арасында әлімжеттік көрсету оқиғалары жиі орын алуда. Мұндай жағдай біздің өңірімізде де тіркелген болатын.  Оған жол бермес үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының негізгі бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен буллингті болдырмау, балаларды қадағалаусыз қалдыруға жол бермеу, қорқытудың алдын алу шараларымен айналысу болып табылады. Осы мақсатта М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайының базасында «Тәрбие алаңы» жобалық офисі жұмыс істеуде. Бұл офис жыл бойы құқық бұзушылықтарды, кәмелетке толмағандарға жыныстық қол сұғушылық пен буллингті болдырмауға бағытталған семинар-тренингтер, кездесулер және басқа да іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Білім беру ұйымдарының педагогтері үшін мектеп, колледж директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына, педагог-психологтеріне арналған курстар мен семинарлар да өткізілді. Ата-аналарға арналған «Позитивті ата-ана» курсы әзірленіп, бүгінде іске асуда. Балаларды тәрбиелеудегі адамгершілік тәсілдің негізін зерттеу мақсатында 4 «D» форматында ақпарат беру және психологиялық ойындар ұйымдастыру шаралары қолға алынуда. Сонымен қатар, облыстың білім беру мекемелерінде «Отбасы мен мектеп арасындағы өзара іс-қимыл тұжырымдамасы» енгізілді. Сол бойынша әр баланың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау, зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен бас тарту ұстанымын қалыптастыру, қоғам назарын буллинг проблемасына аудару мақсатында аймақ мектептерінде апталық өтті. Павлодарлық шәкірттер «Менің мектебім буллингке қарсы!» республикалық флешмобына белсенді қатысты. Әлеуметтік педагогтер үшін «Балалардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған облыстық семинар ұйымдастырылды. Биыл білім беру басқармасы тарапынан сынып сағаттары, құқықтық сабақтар, әңгімелесулер, дөңгелек үстелдер, пікірталастар, ситуациялық ойындар, сондай-ақ, «Мен және менің құқықтарым», «Балалық шаққа барынша құр-
мет көрсету керек!», «Өзімізді құрметтеуді үйренейік!», «Қазіргі әлемдегі адам құқықтары», «Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері», «Сен және сенің құқықтарың» деген тақырыптарда көптеген іс-шаралар өткізілді. Осы жұмыстар ары қарай да жалғасын таба береді.

– Дәл қазір елімізде ҰБТ шарасы өтуде. Мектеп бітірушілердің тестілеу-дегі нәтижесіне мұғалімдер жауап бермейтінін, яғни, еш қатыстары жоқ екенін айтып жатады. Бұл қаншалықты қисынды деп ойлайсыз?

– Иә, 16 мамырда басталған ҰБТ науқаны 5 шілдеге дейін жалғасатын болады. Жыл сайын ҰБТ тапсыруға ниет білдіретін түлектер саны артып келеді. Ағымдағы жылы мектеп бітіруші 4024 түлектің 3 474-і тест тапсыруды жоспарлап отыр. Бұл түлектердің жалпы санының 86 пайызын құрады. Өткен оқу жылында 1547 түлек мемлекеттік білім беру гранттарының иегері атанса, 200-ге жуық түлегіміз «Назарбаев Университеті», Қазақстан Республикасының әскери жоғары оқу орындарының және басқа да университеттердің ішкі гранттарын ұтып алды. Қала және аудан әкімдіктерінің бюджет қаражаты мен «Қазақстан халқына» қоры есебінен грант иегерлері атанғандар да бар. Негізі, ҰБТ жоғары оқу орындарына түсу үшін іріктеу емтиханының функциясын атқарады. Оны Ұлттық тестілеу орталығы өткізгенімен, оқушылардың білім сапасына тікелей мектеп жауапты екенін естен шығармауымыз қажет. Сондықтан талапкерлер де тер төгіп, жылдар бойы жинақтаған білімдерін тестілеуде көрсетуі тиіс. Ата-ана мен ұстаз үмітін ақтау – түлектерімізге сын!

– Келесі жаңа оқу жылынан қандай жаңалық күтеміз?

– Осы оқу жылында жоспарланған жобалар ары қарай жалғасын таба береді. Сондай-ақ, облыс педагогтері үшін біліктіліктерін жетілдіру, кәсіби шеберліктерін шыңдау барысында бірқатар жоспарлар әзірленуде. Тәрбие жұмысын ұйымдастыру, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, олардың қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қойылатын талаптар күшейтіледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мақсатында биыл Ақсу қаласында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, Павлодар қаласының мектептерінде 5 инклюзивті кабинет ашу, келесі жылы қосымша білім беруге арналған мемлекеттік тапсырысты 1 мың орынға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Жалпы, алдағы жаңа оқу жылында білім беру саласындағы өзекті тақырыптарға көңіл бөлінеді. Соған қоса, қазіргі уақытта әлемдік білім беру жүйесіндегі жаhандық құзіреттерді, сананы дамыту, сапаны қамтамасыз ету, теңсіздікті жою мәселелерін ерекше назарда ұстаймыз. Келесі оқу жылына жоспарланған тағы бір ерекшелік – цифрлық технологияларды пайдалану бойынша ауылдардағы шағын жинақты мектептердің әлеуетін дамыту жобасы іске асырылатын болады. Бұл жоба алдағы оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап жүзеге асырылады.  Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде тәрбие жұмыстары 8 бағыт бойынша жүргізіледі. Негізгі мақсатымыз – балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау. Тәрбие жұмысында ұлттық құндылықтарды насихаттауға басымдық беріледі. Сонымен қатар, алдағы оқу жылында 5-8-сыныптар мен 10-сынып оқушылары  қазақ тілінен емтихан тапсыратын болады.

– Сонымен, тағы бір оқу жылы аяқталды. Павлодарлық ұстаздар мен шәкірттерге айтарыңыз бар ма?

– Облыстың білім беру саласы үшін ағымдағы оқу жылы табысты болды. Білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай тер төгіп жүрген ұлағатты ұстаздар қауымының еңбегіне табыс тілеймін. Ал оқушыларымыз жазғы демалысын көңілді өткізіп, алтын ұя мектептеріне жаңа күш-жігермен аман-есен оралуларына тілектеспін!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.