Биыл Павлодар облысындағы демалыс орындары 200 мыңнан астам туристті күтеді. Өзен-көлдің жағасында, қарағайлы алқапта, тұзды көлдердің аумағында демалуды қалайтын жергілікті тұрғындар мен қонақтар үшін биыл бірталай жайлы жағдай жасалды. Сондай-ақ, туризм бағытында кәсібін дөңгелетуге ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі.

Былтыр біздің облысымыздағы Баянауыл, Шалдай, Маралды мен Тұзқала сынды демалыс орындарына жазғы уақытта 190 мыңнан астам адам келіп, уақыт өткізді. Биыл одан бірнеше мың артық адам келеді деп күтілуде. Себебі, туристерге барынша ыңғайлы мүмкіндіктер қарастырылуда. Мәселен, өткен жылы кейбір демалушылар Сабындыкөл аумағында басқа түгілі шағын дүкеннің жоқтығын айтып, наразылық білдірген-ді. Ал биыл мұнда «Тұлпар 2021» ЖШС кешенді қызмет көрсету түрлері қамтылатын 16 демалыс үйін салды. Оған қоса, тамақтану орнының құрылысын аяқтауға таяу. Тіпті, қысқы уақытта туризмді дамытуға ден қоюды жоспарлап отыр. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында атап өткендей, соңғы жылдары бұл саладағы бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау бар. Айталық, демалыс орнын салып, қайта құрған инвесторға, жол бойы сервисін қолға алған кәсіпкерге шығынның 10 пайызы қайтарылады. Туристер үшін шағын және үлкен автобустар, кемінде 8 орындық көліктер сатып алған азаматтың қалтасынан шыққан қаржының 25 пайызы төленеді. Санитарлық-гигиеналық тораптарды орналастырған демалыс үйлерінің иелеріне ай сайын оны күтіп-ұстау үшін 83 мың теңге беріледі. Бірақ оның барлығы белгіленген талаптарға сай болуы тиіс. Сонымен қатар, жыл сайын ұйымдастырылатын мемлекеттік гранттар конкурсында туризм бағыты назардан тыс қалмайды. Былтыр қайтарымсыз қаржы иеленген баянауылдық «Микстур» ЖШС кемпингтерді жалға беріп, туристік операторлардың қызметін көрсете бастады.

– Өңірімізге келіп, демалуды қалайтын жандар үшін арнайы ақпараттық сайт әзірлеп жатырмыз. Мұнда туристік операторлар, демалыс орындары туралы барлық мәлімет қамтылатын болады. Әлеуетімізді одан әрі арттыру үшін 9 имидждік жоба ұйымдастырылмақ. Олардың қатарында жазғы маусымның ашылуы, алғаш рет өтетін ұлттық тағамдар фестивалі, экосенбілік және тағы басқалары бар. Жалпы, соңғы уақытта Баянауылмен қатар, Маралды, Тұзқала, Шалдай сынды туристік аймақтарға да қызығушылық артып келеді, – деді басқарма басшысы. Ернұр Жәутікбаев аталған демалыс аймақтарындағы бағаға да тоқталды. Маралдыда демалуды қалайтын ересектер бір адам үшін 1000 теңге төлеуі керек. Кәмелеттік жасқа дейінгі жеткіншектер 500 теңге берсе, 6 жасқа дейінгі балалар тегін кіре алады. Тұзқаладағы көлдің жағасында күнге күйіп, емдік шараларды қабылдауды қалайтындар бекеттен өтетін бір көлікке 2 мың теңге төлейді. Баянауылдағы демалыс үйлеріндегі бір жатын орынның бағасы – орта есеппен 9641 теңге. Ең қымбаты 50 мың теңгеден асып жығылады. Әркімнің қалауына қарай киіз үйде, кемпингте, заманауи демалыс орнында тынығатын мүмкіндік бар.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.