Жаз айының алғашқы күнінен бастап облыста лагерьлер өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, жомарт жүректі жандар балаларға лагерьге жолдаманы сатып ала алады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанованың айтуынша, облыста барлығы 12 лагерь жұмыс істейді. Оның 9-ы – мемлекеттік, 3-еуі – жекеменшік. Жолдама бағасы 28 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін жетеді.

– Облыстың қалалары мен аудандарында «Балаға лагерьге жолдама сыйла» акциясы басталды. Осылайша, меценаттар балаларының жазғы лагерьде демалуын қамтамасыз ете алмайтын отбасыларға көмектесе алады. Билеттің орташа бағасы – 20 мың теңге. Бүгінде аталмыш акция аясында 619 жолдама сатып алынды. Павлодар, Ақсу және Екібастұз шаһарларында 55 мың оқушыға арналған 424 түрлі бағыттағы мамандандырылған лагерь мен жасақтар ұйымдастырылған, – дейді Р.Ақанова. Жазда қосымша табыс тапқысы келетін 16 жастағы мектеп оқушылары үшін міндетті түрде еңбек шартын жасау нұсқаларын ұсынады. Жұмыс беруші, сондай-ақ 16 жасқа толмаған баланы жұмысқа ала алады. Бірақ ол ата-анасымен мақұлдасып, еңбек шартын жасауы керек. Балаларды денсаулыққа қауіпті жұмыс орындарына, ал қоғамдық тамақтандыру саласында кәмелетке толмағандарды жұмысқа тартуға болмайды. Сондай-ақ, спирттік ішімдіктерді сатуға және түнде жұмыс істеуге тиіс емес. Жұмыс күні төрт сағатқа созылады. Айта кетейік, биылғы маусымда облыс бойынша
44 мыңға жуық баланы қамтитын 326 мектеп жанындағы лагерь мен алаңдар жұмыс істейді.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.