Бата – халық қазынасы. Бата айтылатын үйден ырыс—несібе, береке арылмақ емес. Салт—дәстүрлердің ішіндегі ең асылы, көңілдің сәнін келтіріп, өмірдің мәнін ұғындыратын рухани құндылығымыз – ол бата деп айтсақ, еш қателеспейміз. Қазіргі таңда бата беру өнеріне жетік ақсақалдарымыз тіптен аз. Алайда қазіргі қоғамда салт—дәстүрімізді дәріптеп жүрген азаматтарымыз да баршылық. Солардың бірі – ҚР Мәдениет қайраткері Балтабай Сыздықов. Жуырда батагөй ақсақалмен аз—кем әңгімелескен едік…
— Балтабай Сәкенұлы, күні кеше ғана сіз Астана қаласында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ұйымдасты—руымен өткен І республикалық бата беру байқауында 1-орынға ие болдыңыз. Айтулы жеңісі—ңізбен құттықтаймыз! Сайыс туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
— Бұл байқауды Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен облыстық іріктеу кезеңінен оза шауып келген 20 ақсақал қатысты. Сайыс алдында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақтың бата беру салтын қайта жаңғыртып жүрген әрқайсымызға өз ризашылығын білдірді. Бата беру өнерін ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы және елордадағы «Шейх Кунта қажы» мешітінің бас имамы Өмірзақ Бекқожа бағалап, қазылық етті.
— Сайыс жалпы 2 бағыт бойынша өтті. Байқау шарты бойынша екі кезеңде жеребе арқылы таңдалған сұрақтарға жауап беріп, ұсынылған тақырыптар бойынша баталар әзірлеу тапсырылды. Әр кезең үшін 10 минут уақыт берілді. Алғашқы «Дін мен дәстүр» бағыты бойынша маған «бәсіре деген не?» деген сұрақ келіп түсті. Бәсіре негізі бала есі кіріп, сүндетке отырғызылғанда, мектепке барғанда атасы немесе өз әке-шешесі оған тай атайды. «Бәсіре» баланы тұрмыс-тіршілікке бейімдейді. Құрбы-құрдастарына «бұл менің бәсіре тайым» деп көңілі өсіп мақтану арқылы еңбек етуге үйренеді. Осыны қазылар алқасына түсіндіріп айтып бердім. Келесі кезеңде жеребе арқылы анықталып, жаңа ай батасын бердім. Айға бата беру деген қате түсінік болар, бірақ жаңа ай туғанда, соны алғаш көрген үлкен адамдар «Ай көрдік, аман көрдік, жаңа айда жарылқасын, ескі айда есіркесін» — деп Алладан тілек тілеген. Бұл — ешқандай да айға табыну немесе Аллаға серік қосу емес, қайта «өткен айды аман өткердік, енді жаңа айда да жақсылықтар бере көр» деп Алладан тілек тілеу. Өзімнің дайындаған батамды айттым. Барлығы шапалақтап, құрмет көрсетіп жатты. Көп ұзамай сайыстың нәтижесі де шықты. Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев секілді біртуар адамдар қазылық еткен қайраткерлердің шешімімен 1-орынға ие болдым. Бұл біздің өңірде де бата секілді салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың сақталғанын білдіреді.
— Бәрекелді! Сіз онсыз да бұған дейін республика дәрежесінде танылып, батагөй қария атан—ғансыз. Бұл жолы да мәртебеңіз үстем болғанына қуаныштымыз. Бата беруге қанша жасыңыздан машықтанып келесіз?
— Барлығымыз да жастайымыздан бата алып өстік. Ауылдың үлкендері үлкен аста болсын, жолға шығар алдында болсын үнемі бата беретін. Ол бала күнімізден естіген ескі әңгімелердің, өлең-сөздің сарынымен қалыптасты. Сонымен қатар, үлкендерге еліктеп, біз де қол жайып, бірнеше түрін жаттадық. Уақыт өте келе мерекелік дастархан басында ас қайырғанда жастар тарапы сұрай бастады. Естіген, жазып алған баталарды жинақтап, бірнеше кітап шығардым.
— Батаның түрлері туралы айтсаңыз. Олар қалай бөлінеді?
— Батаның екі түрі бар. Олар: ақ бата және теріс бата. Ақ бата бала дүниеге келгенде, бесікке салғанда, жол жүргенде, қан майданға аттанғанда, келін түсіргенде, ас қайырғанда, қоныс тойда, ұлыстың ұлы күнінде, үлкендерге құрмет көрсеткенде айтылады. Соған қарай алғыс айтқанда, игі бастамаларға, мерекеде, сапар-жорыққа, тойда, асқа берілетін бата болып бірнеше түрге бөлінеді. Ал адамшылыққа жатпайтын, жан түршігерлік қылық жасағандарға теріс бата берген. Яғни, бата белгілі бір кезде, белгілі бір адамға қарата айтылған. Қазақ үшін батаның қасиетті ұғым болғанына лиро-эпостық жырлар мен көркем шығармаларға арқау болған жастардың өмірі дәлел. Онда ата-анасының ақ батасын алмай қосылған екі жас мақсат-мұратына жете алмайды. Мысалы, «Қыз Жібек» жырындағы Төлеген әкесінен теріс бата алып, ғашығына қосыла алмай, арманда дүниеден өтеді. Сондықтан қазақ кез келген істі үлкендердің батасын алып бастайды.
— Бүгінде кейбір ақсақалдар бата мен тілекті ажырата алмай жатады. Бұған себеп, көпшілік мерекелік дастарханда ас қайырғанда егде жастағы адамдардан бата сұрасаң тілекпен жалғап кетеді. Бұған көзқарасыңыз қандай?
— Осы күндері кейбір қариялардың бата берісіне, шыны керек көпшілік қауымның көңілі тола бермейді. Сондықтан өзімді мазалайтын бұл мәселе төңірегінде көп ойланамын. Көпшілік жиналған жерде төрде отырған жасы үлкен кісіден алдымен бата сұрау үрдісі — о бастан әдет-ғұрпымызда бар нәрсе. Бұл осылай жалғасып та келеді. Бірақ амал қанша, әттеген-ай дегізерлігі сол, бата беретін кейбір қарияларымыз ұзақ қара сөзге көшіп, жиналған жұртты жалықтырып алып жатады. Шын мәнінде қазіргі кезде біздің төрге отырғызып, бата сұрап жүрген ақсақалдарымыздың көбі — кезінде бірі партия, екіншісі кеңес пен комсомол қызметкері, яки болмаса ұжым басқарып, мекеме басшысы болғандар. Бәлкім, солардың бәрі де сол кезінде мінберлерден сөз сөйлеп, әбден қалыптасып қалған адамдар болғандықтан, әлгіндей кіріспе сөзді көбейтіп жіберетін болар.
Оған кеңестік кезең әсер еткені сөзсіз. Ал тілек пен батаның ерекшеліктерін айта кетейік. Ақ батаны екінің бірі емес, тек қана батагөй ақсақал алқалы топтың атынан қалыптасқан формулалы өлеңді пайдалана отырып беретін болса, керісінше кез келген қарапайым адам қандай да бір істің үстіне тап келгенде оң ниетін білдіру мақсатында жаттап алған тілек сөздерін есіне түсіріп, шама-шарқынша айтатын әдет бар. Батаның көлемі недәуір үлкен, құрылымы күрделі болса, тілектің көлемі қысқа, бір-екі жолдан құралған ырғақты қара сөз немесе тақпақтан тұрады. Бата аяқталғанда қалың қауым бірауыздан «Әумин. Айтқаныңыз келсін!» деген сөздерді айтып, қошемет-қолдау білдірсе, ақ тілекті естіген адам оған қарымта жауап қайтарып, көңіл-күйін жедел білдіруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тілек екі адамның диалогы ретінде орындалады. Мысалы, айтылған ақ тілекті қабыл алушы «Айтқаныңыз келсін», «Аузыңа май, астыңа тай», «Өз басыңа да сол келсін», «Құдайдың құлағына шалынсын», «Алла разы болсын» деген дағдылы жауаптарды береді.
— Өзіңізден бата сұрасақ…
— Әрине, ал, қолыңды жая қой:
Күніміз шуақты,
Даламыз бұлақты,
Көліміз құрақты,
Халқымыз қуатты болсын!
Елім тоқ болсын!
Қуаныштары көп болсын!
Күнделікті тұрмыста қиындықтар жоқ болсын!
Еккендер шығымды,
Мал-жанға жұғымды,
Өнімдері базарлы,
Ауылдары ажарлы,
Төрт түлік малды,
Елдердің алды болсын!
Тыныш боп Ұлы даламыз,
Көркейіп ауыл-қаламыз,
Барлық елмен дос болып,
Бөлінбесін арамыз.
Жасыл болып нуымыз,
Таза боп ауа, суымыз,
Әнұраным асқақтап,
Желбіреп көк туымыз,
Мәртебеміз ірі боп,
Бәсекеге қабілетті елдердің бірі боп,
Рухани жаңғырып,
Бар әлемді таң қылып,
Жаңа Қазақстан жасай берсін мәңгілік! Әумин!
— Әумин, ата! Тағылымды да тәрбиелі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан –
Айдана БОРАНБАЕВА.