«Қоғамдық келісім» мекемесінде «Достық үйінің» 15 жылдық мерейтойы аясында Қазақстан халқы  Ассамблеясы жастарының арасындағы өзге этнос өкілде-
рінің қатысуымен алғаш рет «Жігіт сұлтаны-2023» байқауы өтті. Сайысқа 17-30 жас аралығындағы 6 азамат қатысты. Шаһарға белгілі жазушы, ақын Константин Лунинге Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалін табыс етуімен басталды.

– Константин Лунин – аймағымыздың белгілі ақыны. Қазіргі таңда құрметті демалыста болғанымен, өзін шығармашылықта танытып жүрген азаматтардың бірі. Ол өзінің өлеңдерінің негізіне қазақ елін қалай сүйетінін, байтақ жерге деген құрметін ерекше ықыласпен атап өтеді. Тұлғаның азаматтық ұстанымы – жастарға үлгі-өнеге. Өз елінің патриоты Константин Васильевич Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медаліне лайық деп танылды. Марапаттың ұсынылуы «Жігіт сұлтаны» сайысына тұспа-тұс келді, – дейді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Раисова.  Сайдың тасындай іріктелген жас жігіттер өздерін жан-жақты қырынан көрсете білді. Жарысқа қатысушылар алдымен өздерін таныстырып, ән айтып, өлең оқып, өнерлерін ортаға салды. Одан соң зияткерлік бөлімінде біліктіліктерін байқатып, қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Соңында «Шынықсаң, шымыр боларсың» бөлімінде күш сайыстырып, ер азаматқа тән біліктіліктерін байқатты. Сайысқа өңірімізге белгілі
қоғам белсенділері Еркеғали Жанғазы, Бақытжамал Максилова, Жеңісбек Қадырұлы төрелік етті.

– «Жігіт сұлтаны – 2023» сайысының мақсаты – мемлекеттік тілді насихаттау, патриотизмге тәрбиелеу. Мұндай шаралар маңызды. Өткен жолы этносән көрсетілімінде қазақ халқының ұлттық киімін таныстырса, осы жолы байқауға қатысушылар өздерін таныстырып, қазақ тілінде өнер көрсетті. Сондай-ақ, сұрақ-жауап айдарында ел және шаһар тарихынан сыр шертетін сұрақтарға жауап берді. Олар Ассамблея жастарының белсенділері, өз орталықтарының көшбасшылары, – деді «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүрия Көбенова. 16 килограмдық кір тасын 44 рет көтеріп, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, ерекше өнерлерімен көрермендерін тамсандырған әзер-байжан этномәдени бірлестігінің өкілі Элвин Магаррамов қазылар алқасының шешімі бойынша «Жігіт сұлтаны – 2023» байқауының жеңімпазы атанды.  Сондай-ақ, сайыс нәтижесінде қатысушы Данил Дзюба «Парасатты
жігіт», Евгений Тристан «Сегіз қырлы, бір сырлы», Эльдар Захаров «Алғыр жігіт», Дмитрий Бабулиди «Өнерлі жігіт» номинациясына ие болса Нұрғали Альмуханов «Көрер-
мен көзайымы» атанды. Барлық қатысушыларға диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.Мемлекеттік тілді үйренуді басты мақсат еткен бүгінгі жастарымыз қарап, қазақ тілінің болашағының жарқын боларына сенім ұялатқандай.

 

 Аяулым ТӨЛЕГЕНОВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.