Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Осы орайда облыстық білім беру басқармасы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында М.Катаев атындағы оқушылар сарайында «Бәріміз қауіпсіздік үшін!» атты диалог алаңын өткізді.

 

Шараға жергілікті денсаулық сақтау, білім беру, төтенше жағдай органдарының, полиция департаментінің өкілдері, депутаттар, ата-аналар, терезелерге торлар, блокаторлар орнатумен айналысатын облыс кәсіпкерлері қатысты. Сонымен қатар, Ақсу және Екібастұз қалаларының құзырлы орган мамандары жиынға ZOOM платформасы арқылы қосылып, пікірлерін ортаға салды.

–  2001 жылдан бастап жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеймін. Соңғы жылдары жедел жәрдем станцияларының біріне жетекшілік етемін. Менің тәжірибемде терезеден құлау бойынша 3 жағдай болды. Екі жағдайда жеңіл жарақаттармен жеткізілді.  Соңғы көргенім бірнеше жыл бұрын орын алды. Бұл – баланың 5-қабаттан құлауы. Оның жалғыз жатқанын көріп, өтіп бара жатқан адамдар жедел жәрдем шақырған. Ата-анасы тіпті баланың үйде жоқ екенін де білмеді. Бала ауыр жарақат алды. Атап айтқанда, бас сүйегі сынып, ішкі ағзаларына зақым келді. Науқасқа есеңгіреген, есінен танып қалған күйі көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізгелі жатқанында ғана анасы алдымыздан шықты. Мені таңқалдырған жайт, бала сол қабаттан 2-ші рет құлады. Бас сүйегінде жарақат, сынықтары болды. Мұндай жағдайда адамдар жиналып, пациентке жақындап, қолға ала бермейді. Бір жағынан, бұл әрекеттері дұрыс. Баланы алып, қозғауға болмайды. Зияны тиіп кетуі мүмкін, – дейді жоғары санатты дәрігер Снежана Савич. Сонымен қатар, дәрігердің айтуынша үйдегі балдырғандармен қалған үлкендердің минутқа толмас, тіпті секундқа толар-толмас кездің өзінің маңызы зор.

– Бірде жедел жәрдемге қоңырау түсіп, бригада жолға шықты. Анықтағанымыздай,  қос балдырғанның анасы құлау орын алғаннан кейін, балаларын қолдарынан жетектеп, үйге апарған. Екі бала 2-3-қабаттан құлаған. Анасы құрбысын шығарып салуға барып, ұзақ уақыт үйде болмаған. Ал балалар анасын іздеуге кірісіп, артынша терезеден құлады. Бұл қыс мезгілі еді. Баланың миы шайқалып, аяғы сынған. Қос кішкентай алған жарақатына қарамастан, жылай жүріп, анасының артынан ерген. Оларды анасы қолына алмаған. Бұлай баланы жүргізуге мүлде болмайды. Жедел жәрдем шақырып, жылу шығынын сақтап оның жоғалуының алдын алу қажет, – дейді ол. Жиынға қатысушылар қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі, ата-аналардың балалар өмірі мен денсаулығына жауапкершілігі туралы және басқа да өзекті мәселелерді талқылады.

А.ДУМАНҚЫЗЫ.