Image of three business people’s hands at working meeting

15 мамырдан бастап 26 мамырға дейін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін
гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталды. Өтеусіз және қайтарымсыз негіздегі грант сомасы – 400 АЕК, яғни 1 380 000 теңгені құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады. Өңірімізде мұндай қайтарымсыз гранттар кімдерге беріледі? Оларға қойылатын талаптар қандай? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу мақсатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  басшысы Альмира Дисюповамен әңгімелестік. 

– Қайтарымсыз грант алуға кімдер үміткер бола алады?

– Өткен жылдың 7 ақпанынан бастап гранттар берудің қағидасы түбегейлі өзгерді. Яғни  гранттар екі бағытта беріледі. Біріншіден, азамат жұмыссыз ретінде міндетті түрде тіркелуі тиіс. Екіншіден, жеке кәсіпкерлікпен шұғылдана бастаға-нына үш жыл толмаған кәсіпкер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) болуы керек. Ең маңыздысы, бағыты халықтың әлеуметтік осал тобына жатуы тиіс. Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болуы керек: мүгедектігі бар адамдар, қандас мәртебесін алғандар, қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері, аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасының мүшесі, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатындар. Осы санатқа жатқызылған азаматтарға ғана грант алу құқы беріледі.

– Бұрынғыға қарағанда жаңа қағидада тағы қандай өзгешеліктер бар?

– Үміткердің «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаты болуы тиіс. Тағы бір өзгеріс, грант алуға өтінім «business.enbek.kz» сайтында электронды форматта жүргізіле бастады. Сайтта 6 ағынға (поток) дейін ашылуы мүмкін. Бірақ, ол қаржының көлеміне байланысты. Әзірге 4 ағын жоспарлануда. Оны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекітеді. Ағын ашылған кезде жоғарыдағы атап көрсетілген санаттағы ресми жұмыс істемейтін азаматтар өтінім қалдырады. Бизнес-жоспары дайын болуы тиіс. Жеке электронды кілті арқылы интернеті бар компьютерге кіріп, өзіне кабинет ашады. Соған бизнес-жоспарын енгізіп, грантты қандай мақсатқа  жұмсайтынын көрсетуі керек. Егер бизнес-жоспарын енгізбей, тек өтінім ғана тастаса, оны комиссия қабылдамай қоюы мүмкін…

– Үміткер бұл үдерістердің барлығынан өтті делік…

– Осы процестерден өткеннен кейін портал ашылып, азамат құжаттарын тапсырған соң дерекқор базасы өзі автоматты түрде үміткердің санатын, ресми жұмысын тексереді. Егер әлгі азамат талап етіліп отырған санаттың  ешқайсысына жатпаса, база автоматты түрде бас тартады. Сөйтіп, ол грант алу мүмкіндігінен айырылады. Егер жоғарыда айтылған санатқа сәйкес келетін болса, ол азаматтың қалта телефонына «Өтінім қабылданды» деген хабарлама келеді. Сондықтан несиеге өтінім берген әрбір азамат өзінің телефоны арқылы шығуы тиіс.

– Үміткерлер грант қаржысын қалай алады?

– Мемлекеттік грант беру мақұл-данған жағдайда, грант иегері 3 жұмыс күні ішінде жеке кабинетінде 20 таңбалы жеке сәйкестендіру кодын (IBAN) ұсынуы қажет. Банк деректе-мелерін көрсетілген мерзімде ұсынбаса комиссияның мақұлдауына қарамастан грант беруден бас тартылады. Олай болса келесі лектерде грантқа қайта өтініш бере алады. IBAN ұсынғаннан кейін Халықты жұмыспен қамту орталығы электронды шартты дайындап, қол қояды. Үміткерге шартты қол қоюға жібереді. 3 жұмыс күні ішінде ЭЦҚ көмегімен жеке кабинетке келіп түскен мемлекеттік грант беру туралы шартқа қол қою қажет. Шартқа көрсетілген мерзімде қол қоймаса, үміткер автоматты түрде грант ала алмайды. Сондай-ақ алдағы уақытта ағымдағы қаржы жылында грант алуға үміткер бола алмайды. Шартқа қол қойылғаннан кейін грант қаражаты 5 жұмыс күні ішінде банк шотына түседі. Осы мерзімде шотқа ақша түспесе, тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту орталығына хабарласу қажет. Олардың мекенжайы мен байланыс телефондарын мына сілтемеден таба аласыз.

– Ақпаратыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан – А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.