Өткен жұмада облыс орталығында үш экологиялық комиссияның бірлескен отырысы өтті. Жиынға облыстағы қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары және «АМАNАТ» партиясынан экологиялық мәселелер жөніндегі комиссия өкілдері қатысты.

Экологиялық кеңестің бірлескен отырысында «Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы шағын қазандықтардың және жеке сектордың пешпен жылытуының зиянды заттар шығарындыларын азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар» және «Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының I және II санаттағы кәсіпорындарымен санитарлық-қорғау аймақтарын көгалдандыру жөнін-дегі шаралар туралы» екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша баяндамашылар жеке сектордағы пеш пен шағын қазандықтарды жылыту, зиянды заттарды азайту, сол арқылы қалалардағы экологиялық жағдайды жақсарту шараларының әртүрлі нұсқаларын қолдануды ұсынды. Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар екінші мәселені талқылау кезінде кәсіпорындар өндірістік объектілердің аумағын белгілеп, мемлекеттік жер қадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне осы аймақтардың координаттарын енгізу керек деп шешті. Бұл іс жүзінде санитарлық-қорғау аймақтары бар кәсіпорындарда, сондай-ақ, санитарлық–қорғау аймақтарында жетіс-
пейтін абаттандыру аймақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Облыстық қоғамдық кеңестің өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі комиссиясының төрағасы Владимир Берковскийдің айтуынша, шағын қазандықтардан шығатын ластаушы заттардың мәселесін шешудің бір жолы – газға көшу. Қазіргі уақытта елімізде сұйытылған мұнай газын өндіру жылына шамамен 3 млн тоннаны құрайды. Сондай-ақ, отырыс барысында жеке сектордағы пештерді жылытудан шығарылатын зиянды заттарды азайту, мотор отыны түріндегі газды пайдалану, жанар-жағармайдың бағасы, халықты күлділігі төмен көмірмен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Отырыс нәтижесінде үш экологиялық комиссияға да қалакәсіпорындарымен шағын қазандықтарды қатты отыннан газға көшіру туралы меморандумдар жасау ұсынылды. Сондай-ақ, жеке сектор тұрғындарының күлі аз көмірге көшуіне қолдау көрсету бағдарламасы әзірленеді.

А.МҰҚЫШЕВ.