Биыл өңірімізге танымал бұқаралық ақпарат құралдарының бірі – «Halyq radiosy»-на 85 жыл. Осы мерейтойға орай ұйымдастырылған көптеген шаралардың ішінде «Halyq dauysy» халықаралық музыка фестивалінің шоқтығы биік. Байқауға қай өңірлердің өнерпаздары белсенді қатысты? Жеңімпаздарды кімдер анықтады? Гала-концертте көрермен қауымды қандай тосынсыйлар күтуде? Осы сұрақтар төңірегінде «Halyq radiosy»-ның бас редакторы Раушан
Сыбанжановамен сұхбаттасқан едік.

 

– Раушан Сейітханқызы, «Halyq dauysy» халықаралық музыка фестивалі мәресіне жақындап келеді. Осы байқаудың барысы туралы айтып берсеңіз…

– «Halyq dauysy» халықаралық музыка фестивалі – «Halyq radiosy»-ның 85 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйым-дастырылған байқау. Халықаралық деңгейде өткен байқаудың басты мақсаты халық арасындағы арнайы кәсіби білімі жоқ өнерпаздарды халыққа таныту болды. Байқауда 15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер және одан жоғары жастағы өнерпаздар қамтылды. Өтінімдер 2022 жылдың 1 қазаны мен 2023 жылдың 15 қаңтары аралығында қабылданды. Байқауға ұзын саны 120-дан астам өтінім келіп түсті. Байқауға өтінім бергендердің ең үлкені 60 жаста болса, ең кішісі – 5 жаста.

– Байқауға қатысушылардың өнерін сарапқа салып, бағасын берген қазылар алқасының құрамына тоқталып өтсеңіз…

– «Halyq dauysy» халықаралық музыкалық фестивалінің ережелеріне сәйкес қазылар алқасының шешімімен негізгі байқауға қатысуға 22 үміткерге жолдама берілді. Қатысушыларды ірік-теуден өткізіп, жалпы өнерпаздарды бағалаған қазылар алқасының құрамына келсек, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, опера әншісі, тәлімгер ұстаз Шахимардан Әбілев, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – Медет Салықов және Клара Төленбаева, эстрада жанрында АUКА деген атпен белгілі әнші Ауғантай Иса, «Ертіс Медиа» ЖШС-нің директоры Аида Хамзина төрелік етті.

– Халықаралық байқауға қатысуда қай өңірлердің өнерпаздары белсенділік танытуда?

– «Halyq dauysy» байқауы халықаралық фестиваль болғандықтан, алыс-жақын шетелдерден қатысушылар бар. Атап айтқанда, Ресей елінен 6, Моңғолиядан
2 үміткер бақ сынауда. «Еrtіs Promenade» сахнасында өтетін байқаудың гала концертінде моңғолиялық қатысушылар арнайы қонақ ретінде өнер көрсетеді. Айта кетейін, «Halyq radiosy» инстаграмм парақшасына жазылып, фестиваль туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік бар. Онда орналастырылған қатысушылар жайлы бейнематериалдармен танысып, іріктеуден өткен өнерпаздар туралы фестиваль күнделігін тамашалауға болады. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ән айтып, бақ сынады. Бұл ретте бойындағы өнерін паш етіп, халықтың жүрегіне жеткізе алатын өнерпаздар ерекше бағаланды. Үздік шыққан орындаулар «Halyq radiosy»-ның толқынында тыңдармандар назарына ұсынылады.

– Байқаудың жүлде қоры қандай?

– «Halyq dauysy» халықаралық фестивалінің қатысушылары арасынан қазылар алқасы 4 жүлдегерді анықтайды. Нақтылай айтқанда, балалар мен жасөспірімдер арасында және 16 жастан жоғары қатысушылар арасында үздік шыққан қос жеңімпазға 1 млн теңгеден бас жүлде беріледі. Сонымен қатар екі санатта жақсы өнер көрсеткен тағы екі қатысушы «Halyq radiosy»-ның Арнайы жүлдесі – 500 мың теңгеге ие болады. Жеңімпаздар фестивальдің гала-концертінде өнер көрсетіп, салтанатты түрде марапатталады. Жалпы жүлде қоры – 3 млн теңге. Фестивальдің бас демеушісі – «Кaz minerals» тобы және «Accent» киімдер дүкені.

– Гала-концертте көрермендерді қандай тосынсыйлар күтуде?

– 26 мамыр күні сағат 19.00-де «Еrtіs Promenade» сахнасында «Halyq radiosy» 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған  «Halyq dauysy» халықаралық музыкалық фестивалі қорытындыланып, жүлдегерлер марапатталады. Бұл күні көрермендер «жүзден жүйрік» шыққан үздіктердің өнерін тамашалай алады. Сондай-ақ осы кеште Қазақстан эстрада жұлдызы Мирас Жүгінісов, әнші Еңлік ән шырқап, павлодарлық өнерпаздар – «Аdai» триосы, Hatikoali өнер көрсетеді. Белгілі шоумен, актер, танымал КВН ойыншысы, «Спарта» командасының капитаны, КТК жоғары лигасының чемпионы Данияр Жұмаділов кештің көрігін қыздырмақ.

 

Сұхбаттасқан – Торғын ОРАЗАЛЫ.