Бағаны реттеуде үлесі қандай?

Қаз 15, 2026

Елімізде жиын-терім жұмыстары да түйінделіп қалды. Күз мезгілінде көкөністің бағасы көпшіліктің қалтасына айтарлықтай салмақ салмайды. Бірақ, күн салқындап, өнім қоймаларға сақтауға түскен соң біртіндеп бағаның да өсетіні нарықтың заңдылығы екенін халық біледі. Әлбетте, билік мұндай өзгерістерді ескеріп, бағаны тұрақтандырудың тетіктерін әлдеқашан қарастырған. Соның бірі – тұрақтандыру қоры. Өңірімізде де әлеуметтік маңызы бар тауар тізіміне кіретін азық-түліктің маусымаралық кезеңде күрт өсуіне жол бермеуге жұмыс істейтін осындай қор бар. Осы ретте, қордағы қазіргі өнім көлемі, қыс-көктем айларында бағаны тұрақтандыру мақсатында қолға алынған жұмыстар жайлы «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Ерқанат Әбеновтен білген едік.

– Ерқанат Қайратұлы, тұрақтандыру қоры бүгінде әлеуметтік маңызы бар бағаны тұрақты ұстап  тұруға қаншалықты көмегі тиюде?

– Бүгінгі күні өңірлік тұрақтандыру қоры облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын реттеу және тұрақтандыруға елеулі үлес қосуда. Бұл мақсатта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығын тұрақтандыру және реттеуге ықпал ететін бірқатар тетіктер қолға алынған. Атап өтсек, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры қалыптастыру-сатып алу, тауар интервенция-лары шаралары іске асырылады. Кәсіпкерлік субъектілеріне ақылы, қайтарымдылық, қамтамасыз ету шарттарымен несие беру тетіктері де қарастырылған.

– Қазіргі таңда қорда қанша және қандай өнімдер сақтаулы?

– Тұрақтандыру қорында шамамен 7,7 мың тонна көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 12 түрі сақтаулы. Олар: бірінші сұрыпты бидай ұны, йодталған тұз, макарон өнімдері, қант, күріш, күнбағыс майы, басты пияз, ақ қырыққабат, сәбіз, картоп, қарақұмық жармасы және С1 категориялы тауық жұмыртқасы.

–  Аудан-қалаларда қанша серіктес дүкенмен жұмыс жасайсыздар? Бұл дүкендердің арзан бағалы өнімді алып, сатуға белсенділігі қалай?

– Тұрақтандыру қорының өнім-дері бөлшек сауда дүкендері, нақтысы, тұрақтандыру қорының серіктес дүкендері арқылы саты-лады. Қазіргі таңда облыста 227 серіктес дүкен жұмыс істейді. Оның ішінде Павлодар қаласында 121 сауда нүктесі, Екібастұзда – 14 дүкен, Ақсуда – 16, аудандарда барлығы 76 дүкен бар. Жасалған келісімшарттар бойынша бөлшек саудагерлер сататын тұрақтандыру қорының өнімдері тек бөлшек сауда тұтынушыларына азық-түлік өнімдерінің сату бағасының 10 пайызынан аспайтын және көкөністердің сату бағасының
15 пайызынан аспайтын жеңілдікпен сатылады.

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар түрлеріне жататын өнімдердің барлығы  өз өңірімізден  қамтыла ма? Әлде өзге облыстармен де шарттар жасалуда ма? Жасалса, нақты қай өңірдің кәсіпкерлерімен келісімдер жүргізілуде?

– Облысымызда әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің барлық түрі өндірілмейді. Сондықтан өңіріміз нарықты толық қамтамасыз ету үшін аймақаралық келісімдер мен келісімшарттарға белсенді түрде кіреді. Ірі серіктес аймақтарға келсек, Қызылорда облысынан жылтыратылған күріш жеткізіледі. Жамбыл облысынан пияз аламыз. Ал Шығыс Қазақстан облысынан күнбағыс майы сатып алынады.

– Форвардтық келісім-шартқа отыру жүйесінің енгізілгеніне біраз уақыт болды. Мұндай келісімшарт-
тың тиімділігі қандай?

– Форвардтық келісімшарттың тиімділігі тек тараптардың нарықтық болжамдарының дәлдігіне және контрагенттердің сенімділігіне байланысты. Бұл жүйені коммерциялық тәжірибеде және мемлекеттік қолдау бағдар-ламаларында (мысалы, ауыл шаруашылығында) кеңінен енгізгеннен кейін форвардтық келісімшарттар бағаның құбылмалы-лығынан қорғауда өте тиімді екендігі дәлелденді деуге толық негіз бар.

– Әдетте, азық-түлік бағасы қыс-көктем айларында көте-ріледі. Осы кезде бағаны тұрақтандыруға қордағы өнім көлемі жеткілікті ме?

– Мемлекеттің тұрақтандыру қорларындағы жинақталған азық-түлік қоры, әдетте, қысқы-көктемгі маусымаралық кезеңде күрт тапшылық пен бағаның күрт өсуінің алдын алуға жеткілікті. Дегенмен, азық-түлік бағасының біртіндеп маусымдық өсуін тек қорларды пайдаланып, толығымен тоқтату мүмкін емес.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.