Диагностикалық бөлімше ашылады

Қаз 15, 2026

Облыстың денсаулық сақтау саласында медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Соның дәлеліндей, жақында Екібастұз қаласынағы «Дербес медицина орталығы» ЖШС емханасында заманауи сәулелік диагностика бөлімшесі ашылады деп жоспарлануда.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков шахтерлар шаһарына барған жұмыс сапарында аталған емдеу мекемесіне арнайы ат басын бұрып, дайындық жұмыстарымен танысты.

Медициналық ұйымның мәліметінше, бүгінде жаңа бөлімшені іске қосуға қажетті негізгі жұмыстар аяқталған. Тиісті лицензиялар рәсімделіп, заманауи медициналық жабдықтар орнатылған. Олардың қатарында Германияда өндірілген жаңа компьютерлік томограф, цифрлық флюорографиялық аппарат және сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты бар. Бұдан бөлек, емхананың өзге бөлімшелеріндегі рентгенологиялық және маммографиялық диагностикаға арналған жабдықтар да жаңа бөлімшеге көшірілмек.

Сәулелік диагностика бөлімшесінде емделушілерге қызмет көрсету үшін қажетті мамандар да жасақталған. Мұнда ультрадыбыстық диагностика дәрігерлері мен рентген-зертханашылар жұмыс істейді. Заманауи құрылғылар мен білікті мамандардың үйлесімді жұмысы науқастарды тексеру мүмкіндіктерін кеңейтіп, дәрігерлердің ауруларды дер кезінде анықтауына көмектеседі.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай бөлімшелердің ашылуы тұрғындар үшін маңызды. Өйткені, ауруды ерте анықтау – дер кезінде ем қабылдаудың, асқынулардың алдын алудың және адам денсаулығын сақтаудың басты шарттарының бірі. Ал диагностикалық қызметтердің қолжетімді болуы пациенттердің қажетті тексерулерден өтуіне қолайлы жағдай жасайды, дейді мамандар.

Жаңа бөлімшені ұйымдастыру кезінде де емделушілердің жайлылығына басымдық берілген. Екі корпусты байланыстыратын галереялық өткел медициналық ұйым ішіндегі қатынауды жеңілдетіп, келушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Заманауи бөлімше іске қосылғаннан кейін Екібастұз тұрғындарының диагностикалық қызметтерді алу мүмкіндігі кеңейіп, медициналық көмектің сапасын арттыруға жол ашылмақ.

Жаңа бөлімше 25 қазан күні ашылады деп жоспарланған.

Н.ШОДЫР.