Ғаламтор әлемі қоғамның ажырамас бөлшегіне айналды. Интернетті жаппай қолдану ақпараттандыру саласына көп жаңашылдықты алып келгені рас. Бұрындары ақпарат тарату миссиясын журналистер қауымы атқарып келсе, бүгінде жаңалықты блогерлер деген «жаңа қауымдастық» та таратып жүр. Біреулер мәртебесі жоқ «мамандық» иелері сараланбаған жалған ақпарат ұсынады деп есептесе, енді бірі блогерлер халыққа жедел ақпарат таратудың тетігі деп қабылдайды. Соңғы уақытта олардың жұмысына қатысты мәселе биік мінберлерде талқыланып жүр. Анығында, күн тәртібінде «Блогерлерді заң шеңберінде реттеу керек педеген сауал тұр. Бұл туралы «Алаң» қатысушыларынан сұрап көрдік.

 

Айдос САРЫМ, Мәжіліс депутаты (пікір интернеттен алынды):

– Блогерлер туралы заң қолданысқа енсе, жауапкершілік күшейетіні сөзсіз. Себебі қоғамдық кеңістікте айтылған әр сөз бен жасалған әр іс-әрекет үшін жауап берілуі тиіс. Бұл талап жаһандық желінің ар жағында ақпарат таратып, жарнама жасайтын блогерлерге де қатысты. Себебі, мыңдаған, миллиондаған оқырман олардың әр сөзіне, жасаған әр жарнамасына сеніп, кейін опық жеп қалуы мүмкін. Жарнама демекші, бүгінде әлеуметтік парақшалары арқылы миллиардтап табыс тауып отырған, алайда мемлекеттің қазынасына бір тиын да салық төлемейтін блогерлер бар. Әлеуметтік желі көмегімен қаржы пирамидаларын құрып жүргендері де кездеседі. Оның соңы сотқа дейін апарып жатқанын жұрт жақсы біледі. Басқасын былай қойғанда, қайырымдылық шараларын желеу етіп, қалтасын қампайтып жатқандар жетерлік. Меніңше, мұндай азаматтарды заңмен құрықтайтын кез келді. Әлеуметтік желі арқылы ақша тапсаң, салық төле! Осы бағытты мемлекеттік органдар мен Парламент дұрыстап қолға алуы қажет. Салық кодексіне өзгерістер енгізілуі тиіс. Яғни, блогердің ресми шоты болуы керек. Мысалы, шетелдік «жұлдыздардың» әлеуметтік желісінде жарнама үшін белгіленген тәртіппен келісімшарт жасалады. Бұл – әлемдік стандартта бар ереже. Енді оны біздің елге де кеңінен енгізу керек.

 

Социал ӘЙТЕНОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі:

– Бүгінде ақпарат тарататын технология да, адам да көп. Қазір кез клеген адам әлеуметтік желі арқылы қалаған сөзін айтып, тұтас елге қатысты мәліметті таратып жүр. Бірақ оларды журналистер деп қабылдау, олармен теңестіру әсте дұрыс емес. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысын блогер атқара алады дегенге саятын жаңсақ пікір ара-тұра айтылып жүр. Мұнымен де келіспеймін. Кез келген журналист блогер бола алады. Ал блогер журналист бола алмайды.

Енді блогер аталып жүрген топтың жұмысына келсек. Алдымен «Блогерлер этикасы» қабылдануы қажет деп есептеймін. Әлеуметтік желілер арқылы азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін біздің заңнамамызда шара қолдану әлі көзделмеген. Сондықтан әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы мыңдаған аудиториясы бар кей адам мүлде жауапкершілік сезінбейтіні рас. Тіпті, кейде жалған ақпарат тарататыны да, жазықсыз жандарға жала жабатыны да, қоқан-лоққы жасайтыны да, жекелеген алаяқтық әрекеттерге баратындары да бар. Оған шектеу қойылу үшін блогер мәртебесі анықталатын арнайы «Блогерлер туралы» заң қажет болар.

Ернар СЕЙТАХМЕТ, PR маманы:

– Қазір инфлюенсерлер нарығының көлемі қанша екені нақты белгісіз, себебі бұл салада жұмыс істеп жатқан түрлі деңгейдегі жандар көп. Десе де, ел аумағында еңбек ету арқылы пайда тауып жатқан адамның әрқайсысы салық төлеуге міндетті. Бұл – тек блогерлерге емес, барлық сала өкіліне қатысты дүние. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, қазір жеке компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар блогерлерге көп жүгінеді. Осы ретте, біз олардың жағынан да «тазалықты» талап етуіміз керек. Яғни, тек келісімшарт арқылы жұмыс істеуі керек. Өкініштісі, блогерлік бизнес әлі көлеңкелі экономиканың жетегінде жүр.

Енді блогердің мәртебесіне келсек. Меніңше, бұл қарапайым механизм арқылы шешіледі. Ресми түрде блогерлік кәсіппен айналысып, салығын төлеп, әлеуметтік желіде жазған сөзі үшін заң алдында жауап беруге дайын әр азаматты блогер деп тануымызға болады. Олардың жауапкершілігі бұқаралық ақпарат құралдарынан кем түспеуі керек.

Бірақ блогерлік жолды жеңіл ақша табу мүмкіндігі деп қарастырмаған абзал. Оның жұмысы да үлкен инвестицияны талап етеді. Уақытыңды сарп етіп, блог жүргізумен тұрақты түрде айналысып, жаңашылдықты меңгеруге ден қоюы қажет. Сондықтан олардың шаруасы да оңай емес.

«Алаңды» үйлестірген – Оралхан ҚОЖАНОВ.