Тәуелсіз ел атанғалы биыл бірінші рет мектептерде оқу ұзақтығы 36 аптаға созылып, сабақ 31 мамырға дейін жалғасады. Отандық білім беру саласының тарихында тұңғыш рет орын алып отырған бұл өзгерістен не ұттық? Сондайақ, соңғы қоңырау шарасы қай күні және қандай форматта өтетін болып бекітілді? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Оқуағарту министрлігінің өкілдері жауап берді.

 

Сәл кейінірек…

Биыл қазақстандық мектептерде оқу жылы жаппай 31 мамырға дейін жалғасады деп жоспарлануда. Яғни, сабақ бұрынғы жылдардан 1 аптаға кеш аяқталмақ. Бастапқыда сала мамандары осы өзгеріс арқылы білім сапасын арттыру көзделіп отырғанын мәлімдеген еді. Қош делік. Сонымен, нәтиже қалай? Бұл сауалға жауап берген ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова 36 апталық оқудың қорытындысы туралы сәл кейінірек айтуға тура келетінін мәлімдеді.

– Оқу жылы әлі де жүріп жатыр. Біз білім сапасына қорытынды жасап, өлшейміз. Сондықтан ол жөнінде сәл кейінірек айтамыз. Жалпы мектептерде білім бағалау критерийлер бойынша іске асырылады. Бұл – мұғалім бағасы. Ал тарау мен тоқсандық бағалауды да бақылап, электронды журналдардан көріп отырамыз, Сонымен бірге тәуелсіз бағалау бар. Бұл – оқушылардың білім жетістіктерінің мониторингін жүргізетін Қазақстаннан тыс бағалау. 11 мамырда бұл процедураны аяқтадық. Білім ұйымдарының 25 пайызы осы мониторингке қатысты. Жазда оның нәтижесін жариялаймыз, – деді ол. Сондай-ақ, вице-министр алдағы уақытта да оқу жылын 31 мамырда аяқтау туралы шешім нақты қабылданғанын атап өтті.

Мерзімін өздері шешеді

Биыл соңғы қоңырау салтанатына байланысты да түрлі алыпқашпа әңгімелер айтылды. Тіпті, бұдан былай мүлдем мұндай шара болмауы мүмкін деген ақпараттар да жарияланды. Қоғамда қызу пікірталас тудырған бұл мәселеге қатысты жауап берген вице-министр Шолпан Каринова соңғы қоңырау шараларын өткізуге ешқандай шектеу қойылмағанын алға тартты.

– Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі 2023 жылдың 31 мамырында аяқталады. Мектептер салтанатты шара өткізу туралы шешімді өздері дербес қабылдайды. Оқу-ағарту министрлігі соңғы қоңырау өткізуге қатысты барлық мектеп дәстүрлерін қолдайды, – деді вице-министр. Демек, «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» демекші, әр білім ордасы соңғы қоңырау салтанатын қашан, қалай өткізетінін өздері шешетін болады. Десе де, Шолпан Каринова министрлік тарапынан соңғы қоңырау шаралары
1 маусым – балаларды қорғау күніне орайластырылып, соның форматында өткізу ұсынылып отырғанын тілге тиек етті.

Жазғы мектеп болмайды

Саладағы тағы бір жаңалық – биыл «Жазғы мектеп» жобасы жұмыс істемейді. Яғни, 36 апта бойы оқу оқыған оқушылар жаздың алғашқы айынан бастап бірден демалысқа шықпақ.

– Жазғы мектептерді жүргізу коронавирус инфекциясына байланысты шектеулерге қатысты қолға алынғанын білесіздер. Биыл 1 маусымнан бастап жазғы демалыс басталады. Мектептер жанында алаңдар ашылады. Бұл негізінен бастауыш және орта буын сыныптарына арналады. Одан үлкен балалар да жазғы демалысты лагерьлерде де, мектеп жанындағы алаңдарда да өткізе алады, – дейді Шолпан Каринова.

Тыйым салынады

Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдер мен директорларға сыйлық жасау, мектептегі басқа да іс-шараларды ұйымдастыру үшін ақша жинауға тыйым салынатынын жария етті.

– Атап өтейін дегенім, сынып сағатын өткізу кезінде, аттестат тапсыру, салтанатты жиын кезінде педагогикалық этиканы сақтап, сыбайласқан заңсыздықтың алдын алу үшін ата-аналардан іс-шара өткізуге, аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды жалдап шақыру үшін қаражат жинауға тыйым салынады және педагогтерге, мектеп әкімшіліктеріне сыйлық жасау үшін ешбір қаражат ата-аналардан, басқа жерлерден де жинауға тыйым салынатынын қатаң түрде ескертеміз, – деді вице-министр.

Емтихандар қашан болады?

Оқу-ағарту министрлігінің мәлі-метінше, 9-11-сынып бітірушілер үшін қорытынды мектеп емтихандары 2-13 маусым аралығында болады деп жоспарлануда.

– 11-сынып түлектері мемлекеттік емтиханды 5-19 маусым аралығында тапсырып, аттестат алу салтанаты ұйымдастырылады. Бұл шараларды 20, 21, 22 маусым күндері өткізуді ұсынып отырмыз. Жалпы, биыл 11-сыныпты 172 мыңнан астам, ал 9-сыныпты 288 мыңнан астам түлек тәмамдағалы отыр, – дейді Шолпан Каринова. Оның айтуынша, мектептен кейін арнайы кәсіптік немесе жоғары білім алуға талпынған жастар үшін елімізде көп мүмкіндік жасалуда.

Нұржайна ШОДЫР.