Абай облысындағы орман алқабында шыққан алапат өрт барша қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Тілсіз жаудың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты кеше елімізде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Павлодар облысынан арнайы техникалар мен гуманитарлық көмек жіберілді. Неше күннен бері толығымен ауыздықталмай тұрған қызыл жалын шекаралас жатқан біздің өңірге қауіп төндірмей ме? Жалпы, аймақтағы орман шаруашылығының бүгінгі ахуалы қандай?
Апат айтып келмейді
8 маусым күні түскі уақытта Семей қаласынан 25 шақырымға жуық қашықтықтағы Батпаев орман шаруашылығының 66-орамында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. «Семей орманы» мемелекеттік орман табиғи резерватының техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмауының салдарынан өртті дер кезінде ауыздықтаудың мүмкіндігі болмады. Техника оқиға орнына жеткенге дейін өрт аумағы 20 гектарды құрады. Жоғары температура мен қатты желдің салдарынан екі сағаттың ішінде 200 гектар аумақты шарпыды. Орман өрті іргелес ауылдарға қауіп төндіргендіктен, тұрғындар жедел түрде эвакуацияланды.
Олар эвакуациялау пункттерінде ыстық тамақпен, бірінші кезекте керек заттармен қамтылды.
Ал 9 маусым күні Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Қызыл жалынмен күресте жүздеген техника, тікұшақтар жұмылдырылып, авиациялық техникамен жоғарыдан су құйылды. Дереу шаралар қабылданғанымен, күннің аптап ыстығы мен қатты жел орманның ішкі жағына кіруде қиындықтар тудырды. Соның салдарынан аз уақыт аралығында от 60 мың гектардан астам орман алқабын орады. Жағдайды реттеуде сылбырлық танытқан Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен босатылып, оның орнына бірден Сырым Шәріпханов ведомство басшысы болып тағайындалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Въетнамға ресми сапарын кейінге шегеріп, Абай облысына жетті. Өртеніп жатқан орман алқабын тікұшақпен аралап, табиғат апатының салдарымен күрестің барысын тексерді.
Күні кеше «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы ғарыштық мониторинг кезінде түсірілген суреттерді жариялады. Сол арқылы өрт ошақтарын байқауға болады.
— «Семей орманы» МОТР аума-ғындағы өрт бойынша сервистер штаттық режимде жұмыс істеді. Өрт ошағы туралы алғашқы деректер 2023 жылдың 8 маусымында сағат 11:23-те ғарыш аппараттарынан алынды. 8 маусым сағат 13.20-да mchs.gharysh.kz геосервисіне жүктелді. Бұл геосервис ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қолжетімді, — деп мәлімдеді ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Қысқасы, ведомстволар арасында өзара үйлестіру мен жүйелі байланыстың болмауы салдарынан әу баста дұрыс болжам жасалған жоқ. Мекемелердің ақпарат алмасуы бір жолға қойылса, бәлкім адам шығынының алдын алуға болар ма еді…
Бүкіл халық қасіреті
Өкінішке қарай, орман алқа-бындағы алапат өрт 14 орманшыны арамыздан алып кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Қызмет жолында қаза тапқан азаматтардың отбасына барлық қолдау көрсетілетінін де атап өтті.
– Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азамат-
тар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қаза тапқан азаматтардың туыстары Президентке қиын жағдайға тап болғанын айтып, тұрмыстық проблемаларын шешіп беруді сұрады. Сондай-ақ, орман шаруашылығындағы олқылықтар туралы арыз-шағымдарын жеткізді. Атап айтқанда, марқұмдардың туған-туыстары резерваттағы материалдық-техникалық база сын көтермейтінін, орманшылардың еңбекақысы аздығын, ал қызмет-керлерді әлеуметтік қорғау шаралары нашар екенін айтты.
Мәселен, алапат өрт салдарынан қаза тапқан Алексей Губаевтың жұбайы Татьяна Будюк жолдасының ормандағы қызыл жалынды сөнді-руге жеке көлігімен кеткеніне назар аударды.
— Орман шаруашылығы филиалында жағдай үнемі осылай. Көліктер жиі бұзылады. Жөндеуге керек қосалқы бөлшектері жоқ. Жалпы, мұнда дені дұрыс техника жоқ. Жолдасым жұмыстан шығу үшін арыз жазса да, басшылық қол қоймай қойды. Неге? Менің ойымша, бұл жағдайға орман шаруашылығы кінәлі. Енді әрі қарай қалай өмір сүремін? Балама не айтамын? Жұмыс істей алмаймын, кредит-терім бар, — деп налыды ол.
Мемлекет басшысы Бас прокуратура осы қайғылы жағдай бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, кінәлі адамдар жауапқа тартылатынын айтты.
Сонымен қатар, Президенттің Жарлығымен табиғи апатқа төтеп беруде жан тапсырған орман шаруашылығының 14 қызметкері төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Олар — «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалының инженері Тоқтасын Серікжан Бақытбекұлы, Новошульба филиалы Успенка орманшылығының басшысы Жиенбаева Мейрамгүл Құсайынқызы, Успенка орманшылығының орман шебері – мемлекеттік инспекторы Губаев Алексей Григорьевич, Успенка орманшылығының аумақты қорғау бойынша инспекторы – мемлекеттік инспекторлары Начинёнов Константин Сергеевич, Нұржігітов Саят Нұржанұлы, Сидорин Виктор Александрович, Сидорин Александр Викторович, Фоминых Максим Владимирович, Успенка орманшылығының орман өрт сөндірушілері Гражданкин Петр Александрович, Пузырев Сергей Николаевич, Успенка орманшылығының тракторшы–машинисі Дарибаев Александр Викторович, Успенка орманшылығының көлік жүргізу-шісі Ганьшин Даниил Евгеньевич, Новошульба филиалы орталық орманшылығының көлік жүргізушісі Пузырев Николай Иванович және Новошульба филиалының көлік жүргізушісі Дүйсембаев Амангелді Спатайұлы.
Өткеннен сабақ алған жоқ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы алапат өртке байланысты Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді.
– Алда ауқымды жұмыс бар. Жалпы, бұл салада түйткілдер, шешілмей жатқан мәселелер аз емес. Қазіргі таңда негізгі міндет – жұмысты сапалы жүргізу. Бұл – ең алдымен, осындай апаттарға жол бермеу қажет, сонымен қатар төтенше жағдай болған кезде тиісті шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек деген сөз. Бұл жағдай кәсіби салғырттықты, адамдардың тағдырына бейжай қарайтынымызды көрсетті. Мен бұған тағы да көз жеткіздім. Ал қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік және оның басшылары өздерінің қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай қайғылы жағдай болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа батыл кадрлық шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма берді. Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады.
— Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Сол себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек. 14 адамнан айырылып қалдық. Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты. Қазір сіздің міндетіңіз – Үкіметпен бірге менің азаматтарға берген барлық уәдемнің орындалуын қадағалау. Сөз бен іс қабысу керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар басшылығының ісін де сын астына алды.
— Өрт бүкіл әлемде болады, бірақ ол жақта тиісті шаралар қабылданады. Министр келмеді, облыс әкімі тым баяу қозғалды, орынбасарларын жіберді. Жұмысқа деген осындай қарым-қатынас бола ма?! – деді Президент.
Мемлекет басшысы былтыр Қостанай облысында болған өрттен қорытынды шығарылмағанын, берілген тапсырмалар атүсті орындал-ғанын қатаң сынға алды.
– Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады. Соның салдарынан табиғат апаты тиісті дәрежеде әрі дер кезінде ауыздықталмады. Демек, тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді. Бұл, ең алдымен, ТЖМ-нің кемшілігі. Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қостанай облысындағы өрттен кейін азаматтық қорғаныс мекемелерінің, жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға нақты дайындығын тексеру жөнінде берілген тапсырманың нәтижесі де көңіл көншітпейді. Материалдық-техникалық жабдықталу көрсеткіші 69 пайыз, функционалдық инфра-құрылыммен жабдықталу 63 пайыз деңгейінде. Ал орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға әзірлігі — 70 пайыз.
— Жалпы, Қауіпсіздік кеңесі бекіткен іс-әрекет алгоритмі болуы керек. Орман өртенді ме, демек, оны дереу сөндіруге кірісу керек. Бірақ техникасы, құрал-жабдығы жоқ орманшыларды қауіпті жағдайда қалдыруға болмайды. Кем дегенде, өртті оқшаулау міндеті қойылуы керек. Бірге жұмыс істеу қажет.
Бұл – бүкілхалықтық апат. Біз орман-дарымызға дұрыс қарамаймыз. Бізде олардың көлемі аз. 4 пайызға жетпейтін орман алқабы бар, — деді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы орман алқаптарында жүрген кезде қауіпсіздік ережесін бұзатын азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет екенін мәлімдеді.
Жұрт болып жұмылды
Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысынан кейін өрт сөндіруге жұмылдырылған құтқарушылармен және еріктілермен кездесті.
– Үлкен апат болды. 14 адам қаза тапты. Өте ауыр жағдай. Сондықтан осындай қасіретті апат кезінде бәріміз бір халық, бір ұлт болып бірге жұмыс істеуіміз керек. Ең бастысы, біз осы төтенше жағдайды, әсіресе өртті адам шығынына жол бермей, уақытылы, тез ауыздықтай білуіміз керек, – деді Президент.
Атап өту керек, Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қайырымдылық қоры ашылды. Мемлекет тарапынан әр отбасыға жәрдемақы беріледі. «Halyk Bank» АҚ қаза тапқан азаматтардың отбасына 3 млн теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетіп, сол банкте несиелері болса есептен шығарады. Теле2 және Altel тегін қоңыраулар, интернет-трафиктер берумен қатар, өрт болған аумақ тұрғындары мен өрт сөндірушілерді байланыспен қамту үшін мобильді базалық станциялар қойып жатыр.
Біздің аймақ та шет қалған жоқ. Абай облысында орын алған өртті жою бойынша жұмыстарға көмектесу үшін Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінің арнайы мамандандырылған техникалары мен мамандары жіберілді. Біздің облыс шекаралас өңір болғандықтан, жергілікті ресурстың басым бөлігі өрттің аумағымызға өтуінің алдын алуға жұмылдырылды.
Сондай-ақ, өрт салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қажетті гуманитарлық көмек көрсетілуде.
Аймақ басшысы Асайын Байханов бұл барлығымыз сабақ алатын орны толмас қайғылы оқиға екенін атап өтті.
— Өрттің салдарынан азаматтық, кәсіби міндеттерін адал және батыл орындай отырып, өртті тоқтату үшін қолдарынан келген барлық шараларды жасаған 14 адам қаза тапты. Өмірлерін орман ісіне арнаған адал адамдар қайтыс болды.
Павлодар облысының тұрғындары қаза тапқан жандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Павлодар облысы сіздермен бірге және жан-жақты қолдау мен көмек көрсетеміз, — деп жазды облыс әкімі.
Абай облысындағы орман өртін сөндірумен жеке құрамның 1500 өкілі, 300-ге жуық техника мен 12 тікұшақ жұмылдырылып жатыр. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов өрт бірнеше күн ішінде толығымен сөндірілетінін мәлімдеді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, дегенмен күннің ыстығы мен жел қайтадан қауіп тудыруы мүмкін.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.