Елімізде рұқсат қағаздары толық емес жерлерде үй тұрғызып, кейін баспанасын ресімдей алмай жүрген тұрғындар аз емес. Әсіресе, ірі қалалардың іргелерінде мұндай үрдіс жиі кездеседі. Кейбір азаматтар жерді сатып аларда оның заңды яки заңсыз екенін толық тексермейтін жағдайлар болады. Сонымен қатар, алаяқтардың арбауына түсіп, жылдар бойы тапқанына жер алып, жеке баспана салғанымен, оның құжаттарында шикілік барын кейін біліп, сан соғып жатады. Елімізде мұндай жағдайлардың соңы үлкен дауға ұласып, қайғылы оқиғалар да тіркелгенін көпшілік біледі. Міне, осындай тығырыққа тіреліп, шарасыз күйге түскен тұрғындардың құжаты жоқ үйлерін заңдастыруға бірреттік рұқсат беру ұсынысы айтылуда. Бұл қаншалықты жөн? Бірреттік заңдастыру мәселені шеше ала ма? Осы сұрақты «Алаң»-да талқылап көрсек.
Нұрлан ӘУЕСБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Біз жалпыұлттық социалистік-демократиялық партия атынан азаматтардың рұқсат құжаттары толық емес жер телімдері мен салған үйлеріне құқықтарын бірреттік заңдастыруға ықпал ету жөнінде депутаттық сауалымызды жолдадық. Халықты баспанамен қамту басты мәселелердің бірі ғой. Әрбір елді мекенде заң тұрғысынан алғанда «өздігінен» рұқсатсыз баспана салып алды деген аумақ табылады. Елорданың іргесінде «Өндіріс» тұрғын үйлер аумағында 2004 жылдан бері 400-ден астам үй салынған. Содан бері олар баспаналарын заңдастыра алмай, қаншама есікті тоздырған. Қаншама уәде берілгенімен, орындалмаған. Мұндай оқиғаларды еліміз бойынша көптеп санап шығуға болады. Сондықтан, Үкімет бүкіл елімізде құқық беретін құжаттары тиісінше ресімделмей, тұрғындар тұрып жатқан жер телімдеріне мониторинг жүргізуі тиіс деп санаймыз. Содан кейін бірреттік заңдастыру жариялап, оларды заңды түрде тіркеуге рұқсат етілуі қажет. Ал алдағы уақытта мұндай өздігінен жерлерді заңсыз басып алып, үй тұрғызуға жол бермеудің шаралары күшейтілуі тиіс.
Нұр-Сәуле БАЙБУЛАТОВА, «Шаңырақ қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы:
— Ұсыныстың ұтымды екеніне сөз жоқ. Көп адамға жақсы болар еді. Шынымен, қаншама адам жылдар бойы жинаған ақшасына жер алып, баспаналы болуға тырысады. Алаңсыз өмір сүреді. Жылдар өте келе бұл жердің құжаттары дұрыс еместігін біледі. Мұндай жайт отбасыға ауыр соққы болады. Құжатты тәртіпке келтіруге жол болмаған соң қиналып қалады. Осы орайда, әлбетте, қаншама отбасының көп жылғы мәселесін бір күнде шешуге оң ықпал етер еді. Алайда, әрбір жағдайды жеке егжей-тегжейлі қарау керек. Жаппай заңдастыруға рұқсат беруге болмайды. Себебі, кейбір көпқабатты үйлер арнайы қорғалатын аумақта, жағалауға жақын жерде салынған болуы мүмкін. 5-6 жыл өткен соң үйдің іргетасы жерге кіріп, қауіп төндіруі ықтимал ғой. Одан бөлек, қазіргі таңда көп қабатты тұрғын үйлер бар. Ол үйді иесі қолында ешбір құжатсыз салады да, пәтерлерді сатып үлгереді. Мұндай жағдайда үйдің маңында инфрақұрылымды салуға мүмкіндігі болса, жер өз иелігінде болса, заңдастыруды қарастыруға болады. Олай болмаған жағдайда заңсыздыққа жол беруге болмайды. Қысқасы, ұсыныс қабылданып, тиісті заңнамалар шығарылса, онда әрбір жайтқа қатысты рұқсат етілетін немесе рұқсат болмайтын тұстар ережемен нақты бекітілуі тиіс. Ең бастысы, осы бір кеңдікті пайдаланып, заңдастыруға келмейтін жер телімдері мен баспаналарға, құрылыстарға рұқсат жаппай берілмеуі қадағалануы тиіс.
Жақсыбек АЛИН, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, ардагер:
— Қателеспесем, 2000-шы жылдардың басында елімізде жаппай заңдастыру болды. Аудан-қалада комиссия құрылып, үй-үйді аралап, мүліктерді құжаттандыру жүргізілгені есімде. Бір жағынан, бірреттік заңдастыру жарияланса, көптеген жандарға жақсы жаңалық болар еді. Бірақ, мен жастар осы үрдіске әуес болып, заңсыз жолмен қалауына қол жеткізуге үйреніп кете ме деп қауіптенемін. Кейбір адамдар мұндай заңдастыру 10-15 жылда бір рет өткізіледі дегенге сүйеніп, заңды белшесінен басып, оңай олжаға кенелуді ойлауы ықтимал. Сондықтан, біз ең алдымен, азаматтарға кез келген жер телімін немесе үй аларда құжаттарын толық тексеріп өтуді, сала мамандарынан кеңес алуды үйретуіміз керек деп санаймын. Құқық қорғау органдары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың сауатын ашуды күшейту керек. Сонда біз заңсыз, құжаты толық емес мүліктен, жер телімінен аулақ болуға үйренеміз. Жастар заңды жолмен жүруге бейімделеді. Кәсіби мамандардан кеңес алуға дағдылану қажет. Сәйкесінше, қаншама келеңсіз жайттардың алдын аламыз.
«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.