Железин ауданындағы орман мекемесі қылқан жапырақты екпелерді қорғауды күшейтті. Сондай-ақ, шыршаларды кеспеуге шақырады.

Үрлітүп орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеменің орман күзеті жаңа жыл қарсаңындағы кезеңде қылқан жапырақты жас ағаштарды заңсыз кесуге жауапкершілік шараларын күшейтті.

– 1 желтоқсаннан бастап мекемеде қылқан жапырақты екпелерді заңсыз кесу, дайындау, тасымалдау және жүзеге асырудың алдын алу іс-шаралары өткізілуде. Орманшылықтарда орман күзетінің құрамында полиция қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік топтар құрылған, – делінген хабарламада. ҚР Әкімшілігі құқық бұзушылық Кодексінің 381-1-бабының 2-бөлігінде ағашты заңсыз кескені үшін 100-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар, ҚР қылмыстық кодексінің 340-бабының 2-бөлігінде, 100 АЕК-тен астам залал келтіре отырып, орман қорына кіретін ағаштарды заңсыз кескені үшін мүлкі тәркіленіп, 2000 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаупкершілік көзделген.  Орман қызметкерлері қылқан жапырақты екпелерді заңсыз кесу фактісінің куәгері болып қалған жағдайда 8 (71831) 2-24-63 немесе 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласуды сұрайды.

 

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.