Еуропадан енген тәжірибе

Мау 25, 2026

Торайғыров университетінің профессоры Құралай Мұқышеваның журналистикаға келуіне ана тіліне деген сүйіспеншілік пен бала күнінен әжесінен естіген тарихи әңгімелер себеп болған. Ол ұстаздық пен журналистиканы бір-бірімен сабақтас мамандық деп санайды.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі оның өмірлік ұстанымына айналған. Бүгінде ол студенттерге тек ақпарат жазуды емес, сөздің жауапкершілігі мен ұлт алдындағы міндетін де түсіндіруге күш салады.

Оқытушының кәсіби көзқарасының қалыптасуына Германиядағы тағылымдамалар ерекше ықпал еткен. Оның айтуынша, неміс журналистикасында басты назар фактінің дәлдігіне, тәжірибелік оқытуға және терең талдауға аударылады. Студенттер алғашқы күннен-ақ нақты медиаортада жұмыс істеп, ақпаратты жан-жақты зерттеуге машықтанады.

Осы тәсілді түсіндіру үшін Құралай Серікқызы сабақтарында Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі математик Абрахам Вальдтың мысалын жиі қолданады. Инженерлер оқ тиген ұшақтардың қанатын күшейтуді ұсынғанда, Вальд керісінше, зақымданбай оралған ұшақтардың моторы мен кабинасын қорғау қажет екенін дәлелдеген. Бұл «тірі қалғандардың қателігі» қағидасының мысалы ретінде деректерді үстірт емес, терең талдаудың маңызын көрсетеді.

Еуропадан оралғаннан кейін профессор оқыту әдісін де жаңартқан. Дәстүрлі дәрістерді жазғызудың орнына жобалық жұмыстарға, подкаст әзірлеуге, зерттеу журналистикасына және дата журналистикасына басымдық береді. Оның пікірінше, студенттер заманауи технологияларды меңгерумен қатар, қазақ тіліндегі сапалы контентті дамытуға үлес қосуы тиіс.

– Журналист болу үшін алдымен адам болу керек. Бұл мамандық интеллектуалдық тереңдікті, азаматтық ұстанымды және адалдықты талап етеді. Ақпаратты тексеру, медиасауаттылық пен ана тілін терең меңгеру – бүгінгі жас журналист үшін ең маңызды қасиеттер. Журналист — қоғамның санитары, ал санитардың қолы кір болса, ол қоғамды қалай емдейді? Студенттерге «ақпараттық гигиенаны» сақтауды, медиасауаттылық пен ана тілін терең меңгеруді кеңес етемін. Оқуда тек өтірік баға алуды көздейтіндерді ұнатпаймын, өйткені бүгін бағаны өтірік алған студент ертең ақпаратты да бұрмалайтын болады, – дейді Құралай Серікқызы.

Цифрлық дәуірдегі өзгерістерге тоқталған ол жасанды интеллектті журналистің қарсыласы емес, техникалық жұмыстарды жеңілдететін көмекші ретінде бағалайды. Алайда технология ешқашан адамның ойы мен авторлық қолтаңбасын алмастыра алмайтынын атап өтті. Сондықтан ақпараттық тасқын заманында журналистің басты міндеті — тексерілген, сенімді ақпарат ұсыну және ұлттық тілдік құндылықтарды сақтау.

Кәсіби мереке қарсаңында профессор әріптестері мен болашақ журналистерге білімге құштарлықтан айнымай, кәсіби адалдықты ту етіп, ұлттық мүддеге қызмет ететін қаламгер болуға тілек білдірді.

Сара ӘБДОЛ