Көктемгі қарғын су бірқатар аймақты әбігерге салды. Мыңдаған адам үйлерін тастап, эвакуацияланды. Осындай сын сағатта мемлекет тарапынан төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету үшін тиісті шаралар атқарылуда.
Өткен сенбіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар аймағындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жариялады. Мемлекет басшысы биылғы су тасқыны соңғы 80 жылда орын алған ең ірі табиғи апат деп бағалады. Қарғын суды тоқтатуға бағытталған жұмыстың бәрі бақылауында екенін жетізді.
— Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды. Олардың қатарында Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары бар. Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі, — деді Президент.
Бұл ретте Павлодар облысында су тасқыны жағдайы тұрақталғанын атап өткен жөн. Аймақ басшысы Асайын Байханов 8 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыста су басу қаупі бар жол учаскесі жоқ екенін айтты. 7 сәуірде республикалық маңызы бар Атамекен-Ертіс-Русская поляна автожолының 258 шақырымдағы су шайған жол өткелін қалпына келтіру жұмыс-тары аяқталды. Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге 238 адам, 109 техника, 13 мотопомпа жұмылдырылды.
— Жергілікті билік органдары мен төтенше жағдайлар департаментінің күшімен 651 мың текше метрден астам еріген қар суы сорылып, 21 140 дана қап тұм төселді, 4 560 тонна инертті материал құйылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылды. Төтенше жағдайға байланысты барлық мәселелер бақылауымда, — деді Асайын Қуандықұлы.
Брифинг барысында Асайын Байханов су тасқынына қарсы қызмет атқарып жүрген төтенше жағдай, полиция қызметкерлеріне, ел тұрғындарына және еріктілерге алғысын білдірді.
Оған қоса, аймақ басшысы өңірде әр түрлі дәрежеде 38 тұрғын үй зардап шеккен. Оның ішінде 24 үйдің иесіне келтірілген залалдың өтемақысы толық төленді. Қалған 14 үйдің иесі төлемді осы аптаның соңына дейін алады.
Павлодарлық құтқарушылар мен еріктілер су тасқыны кезінде зардап шеккен өзге өңірдегі тұрғындарға көмек көрсетті. Көршілес аймаққа барлығы 53 адам, қажетті құтқару жабдықтары мен жүзу құралдарын құраған 10 техника жұмылдырылды. Мамандар Сол-
түстік Қазақстан облысының аумағындағы су тасқы-нына қарсы іс-шараларды жүргізуге көмектесті. Құтқарушылар өңірдің су тасқыны қаупі бар учаскелерінде еріген қар суын сорып, құм толтырылған қаптарды дайындап, бөгеттерді нығайтты. Сонымен қатар, Павлодарда Ломов көшесі, 38-үй мекенжайында орналасқан Жастар бастамаларын дамыту орталығында Ақмола облысы үшін гуманитарлық көмек жинау нүктесі ашылды.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.