ҚР Оқу-ағарту министрлігі ең көп зардап шеккен аймақтарда тұратын балаларды сауықтыру орталықтарына жіберу жұмыстарын жүргізуде. Осы шаралар аясында Қостанай облысының 51 мұқтаж баласы Баянауыл ауданындағы «Жас дәурен» облыстық оқыту-сауықтыру орталығына орналасты. Мұнда 20 күн аралығында сауықтырумен қатар оқу процесі де ұйымдастырылады.

«Жас дәурен» облыстық оқыту-сауықтыру орталығының басшысы Жұлдыз Селеусинаның айтуынша, орталықта балалардың демалып әрі қосымша білім алуына барлық жағдай жасалған.

– Оқыту-сауықтыру орталығына Қостанай облысынан 51 бала және оларға бағыт-бағдар беретін 3 педагог келді. Одан бөлек, облысымызда су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балалары да бар. Орталық жылына 13 ауысым, әр ауысымда 150 баладан қабылдайды.

Экскурсия бағдарламалары мектеп жасындағы балалар үшін арнайы жасалады. Орталықта балаларға бір мезгілде тамақ-тануды қамтамасыз ете алатын әрі қазіргі заманға сай 300 орынды асхана жұмыс істеп тұр. Тамақтану 5 мезгіл, – дейді Ж.Селеусина.

Балалар 20 күн аралығында ойшыл, фольклортанушы, этнограф М.Көпеевтің, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қ.Сәтбаевтың, белгілі ақын С.Торайғыровтың мұражайларымен танысады. Ауысым бойы орталықта түрлі викториналар, интеллектуалдық ойындар, мерекелік іс-шаралар, концерттер, қызықты жарыстар мен эстафеталар, шығармашылық сайыстар және тағы да басқа танымдық шаралар ұйымдастырылады.

Кешкілік уақытта үлкен экраннан фильм көру мен қызықты би кештері ұйымдастырылады.

 

Айдана БОРАНБАЕВА, Екібастұз қаласы.