Жаяу жүргіншілер өткелі жөнделеді

Қаз 15, 2026

Павлодар қаласы елімізге трамвай көлігімен танымал екені сөзсіз. Себебі, мұндай қоғамдық көлік көптеп қатынайтын қала Қазақстанда жоқтың қасы. Алдағы жылдары да облыс орталығында саланы әрі қарай дамыту жұмыстары жалғасын таппақ.

Бұл туралы Павлодар қаласы әкімдігінде өткен жиында мәлім болды. Шаһар басшысы Хасар Хабылбековтің төрағалығымен өткен отырыста трамвай басқармасын дамытудың жоба-жоспарлары қаралды.

«Д.Махмұдов атындағы Пав-лодар қалалық трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасы Муслим Махмудовтың мәлімдеуінше, бүгінде тұрғындардың ары-бері іркіліссіз қатынауы бағытында 531 адам қызмет етуде. Былтыр 14 млн жолаушыны тасымалдаған. Айына орта есеппен 2 млн жолаушы қатынайтын көрінеді.

– Бүгінде трамвай желісінің ұзындығы – 89,4 шақырым. 2027 жылы трамвай жолымен түйісетін 30 жаяу жүргінші өткелін жөндеу жоспарланған. Жалпы, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасады, – деді басқарма төрағасы.

Қала әкімі Хасар Хабылбеков соңғы 3-4 жылда облыс басшысының тапсырмасына сәйкес трамвай желілерімен қиылысатын автомобиль жолдары өткелдері дыбыссыз түріне ауыстырылғанын атап өтті. Өткелдердегі шуды азайту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарының көбі аяқталған. Қазіргі таңда тек бір учаскеде жұмыстар жалғасуда. Яғни, биыл қалада автомобиль жолдары мен трамвай желілері қиылыстарынан көліктер дыбыссыз өтетін болады.

Ал 2027 жылы трамвай жолдарымен түйісетін жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеу кезінде шаһар басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өтуіне ыңғайлы етіп, қажеттіліктерін ескере ұйымдастыру қажеттігін еске салды.

Сондай-ақ, жиында трамвай желісін одан әрі дамыту және жаңа вагондар сатып алу мәселелері де талқыланды. Кәсіпорын өкілі жыл соңына дейін 10 жаңа трамвай вагоны жеткізілетінін мәлімдеді. Қала басшысы билік тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді.

Г.МАҒЖАН.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.