Қауіпке қарсы тұрған

Қаз 15, 2026

Өңірімізде өрт шыға қалса, өз өмірін қауіпке тігіп, талай адамды құтқарып жүрген қайсар жандардың бірі — азаматтық қорғау подполковнигі, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Максим Варзегов. Биыл оның бұл салада еңбек еткеніне 23 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде тәжірибелі құтқарушы көптеген күрделі өртті өшіріп, өз міндеттерін абыроймен атқаруда.

Үнемі қою түтін мен қызыл жалынның арасында арпалысудан шаршамаған құтқарушының осы жолды таңдауына әкесі ықпал еткен. Яғни, бала кезінде әкесінің өрт сөндіруші болғанын және жұмысына жауапкершілікпен қарайтынына сүйсінген ұл бүгінде сол өнегені өзі жалғастырып, өрт сөндірушілер әулетінің абыройын асқақтатып жүр. Оның осынау кәсіби жолы – әке тәрбиесінен бастау алған арманның, азаматтық борышқа адалдықтың және адам өмірін бәрінен биік қоятын мамандыққа деген құрметтің көрінісі екені сөзсіз.

– Әкемнің өз ісіне шынайы берілгендігі мен үшін үлкен үлгі болды. Оған қарап, мен де қоғамға пайдасы тиетін, ештеңеден қорықпайтын, адамдарды құтқару үшін аянып қалмайтын адал құтқарушы болуды армандадым, – дейді Максим Варзегов.

Осындай қиын да жауапты саланы таңдаған өрт сөндіруші үшін алғашқы жауынгерлік шақырту ұмытылмайтын сәттердің бірі екені белгілі. Максимнің де есінде қалған алғашқы оқиғасы бар. Бір күні күндіз көпқабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатында өрт шыққаны туралы хабар түседі. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер терезелерден будақтап шығып жатқан қою түтінді көреді. Өрт ошағы тамбурдағы берік металл есіктің ар жағында болған. Есікті қаққанмен, ешкім жауап бермейді. Оны жедел ашу да оңайға соқпайды. Ал сырттан автосаты орнатуға электр желілері кедергі келтіреді. Құтқарушы күрделі жағдай кезінде көрші үйдің көмегіне жүгінеді. Сол үйдің балконы арқылы өрт шалған пәтерге кіріп, барлау жұмыстарын жүргізеді. Түтінге толған пәтерден ес-түссіз жатқан адамды табады. Жәбірленуші иіс тиіп, көміртегі тотығынан уланған еді. Өрт сөндірушілер оны шұғыл түрде таза ауаға шығарып, медицина қызметкерлеріне тапсырады. Осылай өрт сөндіріліп, адам да аман қалады.

Максим Варзеговтың айтуынша, мұндай сәттерде эмоцияға берілуге болмайды. Ең бастысы, жағдайды дұрыс бағалап, адам өмірін құтқару үшін күресе білу керек.

Қайсар құтқарушының жадында мәңгі сақталған тағы бір оқиға бар. Бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерден өрт шығады. Бұл үйдің есігі ашық қалғандықтан, түтін жоғары қабаттарға жылдам таралып, тұрғындардың сыртқа шығатын жолын бөгейді. Мұндай жағдайда түтінге қақалған адамдар аман қалудың жолын терезеден іздеуге мәжбүр болады. Максим сол кезде үшінші қабаттың терезесінде қолына екі баланы көтеріп алып, көмекке шақырған әкені көреді. Бұл көріністің артында жақындарының өмірі үшін алаңдаған әкенің жан күйзелісі мен көмекке келген құтқарушыларға артқан үміті тұрды. Өрт сөндіруші үшін осындай сәттер мамандықтың қаншалықты жауапты әрі ауыр екенін сезіндіреді, дейді кейіпкер.

Өрт сөндірушінің жұмысында дене дайындығы, психологиялық тұрақтылық, тәртіп пен жағдайды санаулы секунд ішінде саралай білу аса маңызды рөл атқарады. Бұған қоса жауынгерлік киім мен жабдықтың өзі ондаған килограмм салмақ тартады. Соған қарамастан, мамандар жоғары температура мен қою түтіннің ішінде жұмыс істеуге мәжбүр болады. Мұндай жағдайда әрбір қимылдың ширақтығы мен әр шешімнің дұрыстығы маңызды.  Қателік жасауға мүлдем болмайды, дейді мамандар.

– Біз үшін ең ауыр жағдай – адамдардың қайғы-қасіреті және әріптестеріміздің өмірі мен денсаулығына зиян келгенін көру. Кезекшіліктен кейін үйге аман-есен оралып, жақындарыңды көріп, олардың да жағдайы жақсы екенін білуден асқан бақыт жоқ. Ал атқарылған жұмыстың ең үлкен сыйы – адам өмірінің сақталуы, қауіптің жойылуы және көмегі тиген жандардың алғысы. Осындай сәтте еңбегіңнің еш кетпегенін түсінесің, – дейді құтқарушы.

Әке жолын қуған Максим Варзеговтың өз ісіне деген адалдығы мен кәсіби шеберлігіне әріптестері де дән риза. Бұл қызметтегі ең үлкен жеңіс те, жетістік те – аман қалған адамдар мен адал орындалған борыш, дейді ол.

Н.ШОДЫР.