Жасыл желекке жанашырлық

Қаз 15, 2026

Табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтау, орманның тыныс-тіршілігін бақылау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасыл желектің келешегіне қамқорлық жасау – орман шаруашылығы қызметкерлерінің басты міндеті. Бұл жауапты жұмысты өмірлік ұстанымына айналдырған жандардың бірі – «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі Бесқарағай филиалы директорының орынбасары – мемлекеттік инспектор Серік Зейноллаұлы Тілеубердинов.

1964 жылдың 27 наурызында дүниеге келген Серік Зейноллаұлының орман шаруашылығы саласындағы еңбек өтілі 35 жылды құрайды. Ол Сібір технологиялық институтының орман шаруашылығы факультетінде білім алып, кәсіби жолын табиғат байлығын қорғау ісімен ұштастырған. Содан бері орманның тыныс-тіршілігін бақылау, оның тұтастығын сақтау және табиғи ресурстарды қорғау бағытындағы жауапты міндеттерді атқарып келеді.

Серік Зейноллаұлының айтуынша, орманшының жұмысы сырт көзге көрінетін бақылау шараларымен ғана шектелмейді. Оның артында күнделікті ізденіс, ұқыптылық, табиғатқа деген сүйіспеншілік және зор жауапкершілік жатыр.

– Орман шаруашылығы қызметкерінің басты міндеті – орманды қорғау, ағаштардың жай-күйін бақылау және табиғи байлықты келешек ұрпаққа аман жеткізу. Біз орман аумағын тұрақты тексеріп, заңсыз ағаш кесудің алдын алу шараларын жүргіземіз. Табиғатқа қамқорлық жасау – күнделікті еңбектен, әрбір іске жауапкершілікпен қараудан басталады, – дейді тәжірибелі маман.

Орман шаруашылығындағы күрделі бағыттардың бірі – өрттің алдын алу. Әсіресе, жаздың аптап ыстығында табиғатқа төнетін қауіп күшейіп, мамандардың қырағылығы мен шапшаң әрекеті айрықша маңызға ие болады. Орман аумағын тұрақты бақылау, өртке қарсы минералды жолақтар жасау және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу – тілсіз жаудың алдын алуға бағытталған маңызды шаралар.

– Өрттің алдын алу оны сөндіруден әлдеқайда маңызды. Сондықтан орман аумағын бақылауда ұстап, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға ерекше көңіл бөлеміз. Табиғат аясында демалған әрбір адам отты қараусыз қалдырмай, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауы керек. Бір сәттік салғырттықтың өзі табиғатқа орны толмас зиян келтіруі мүмкін, – деп атап өтті мемлекеттік инспектор.

Кейіпкеріміздің сөзінше, уақыт талабына сай орман шаруашылығында заманауи технологиялардың мүмкіндігі де кеңінен пайдаланылуда. GPS навигаторлары, байланыс құралдары мен арнайы техникалар орман аумағын тиімді бақылауға, қажетті ақпаратты жедел алмасуға және қауіп-қатерді дер кезінде анықтауға көмектеседі. Дегенмен, қандай техника қолданылса да, маманның тәжірибесі, қырағылығы мен кәсіби біліктілігі басты орында қала береді.

Орманшының еңбегі мезгіл таңдамайды. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан, табиғат тыныштығын күзету – күнделікті міндет. Әсіресе, өрт қаупі жоғары кезеңде әрбір шешім мен әрбір әрекеттің маңызы арта түседі. Мұндай жауапты жұмысты атқару үшін кәсіби біліммен қатар төзімділік, табандылық және өз ісіне деген адалдық қажет.

– Орман шаруашылығында еңбек ету үшін табиғатты шын жүректен сүю керек. Бұл салада жауапкершілік пен шыдамдылықтың орны ерекше. Біздің мақсатымыз – орманды аман сақтау, оның табиғи байлығын келешек ұрпаққа жеткізу. Табиғатқа жасалған әрбір қамқорлықтың өз қайтарымы бар. Бүгінгі еңбегіміз ертеңгі ұрпақтың игілігіне айналса, одан асқан қуаныш жоқ, – дейді Серік Зейноллаұлы.

Орман – халқымыздың ортақ байлығы, табиғаттың баға жетпес қазынасы. Оны қорғау мен сақтау тек орманшылардың ғана емес, әрбір азаматтың парызы. Жасыл желекті аялап, табиғатқа жанашырлық таныту арқылы біз келешек ұрпаққа көркем де таза орта қалдырамыз.

А.БОРАНБАЕВА.