Биыл Павлодар облысындағы жоғары оқу орындарына шетелден келген 128 қазақ баласы дайындық курсына қабылданды. Оның ішінде 93 студент Торайғыров университетінде, ал 35 студент Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде білім алып жатыр. Олар бір жылға жуық уақыт дайындықтан өтіп, келесі жылы жоғары оқу орындарына түсуге ниетті.
Сенбі күні Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Болат Заутұлы шетелден білім алуға келген жастармен кездесіп, олардың жағдайымен танысты. Сондай-ақ, жастарға оқу барысына қатысты кеңестерін айтып, елге бейімделу мәселелеріне тоқталды. Айтуынша, биыл Павлодар облысының жоғары оқу орындарына келген қазақ жастарының көбі Моңғолия, Қытай және Өзбекстан елдерінен келген.
– Қазақстанның жоғары оқу орындары жанынан шетелдегі қазақ жастарына арналған Foundation дайындық бағдарламалары 1992 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Торайғыров университетінде бұл бағыт 2014 жылы қолға алынса, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде 1992 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның алғашқы түлектері бүгінде білікті маман атанып, еліміздің әр өңірінде табысты еңбек етіп жүр, — деді ол.
Кездесу барысында Болат Заутұлы жастардың жаңа ортаға тез бейімделуіне қолдау көрсетілетінін атап өтті.
– Атажұртқа келген жастардың ел мен жерді, ата-анасын сағынуы заңды. Дегенмен, олардың Қазақстанға тез бейімделіп, ортаға сіңісіп кетуі үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Атап айтқанда, түрлі іс-шараларға қатыстырып, әр бағыт бойынша байқаулар мен сайыстар ұйымдастырылады. Ал жастар да өз уақыттарын тиімді пайдаланып, университет талабы мен елдің заңына қатаң бағынуға міндетті. Ең алдымен, сабаққа көңіл бөліп, осы бір жылға жетер-жетпес уақытта жақсылап дайындалу керек. Екіншіден, бос уақыттарыңда қаланы аралап, тарихи-мәдени орындармен танысуға кеңес беремін. Дегенмен, сендер әлі Қазақстан азаматтығын алмағандықтан, белгіленген талаптарды сақтап, заңда көзделген шектеулерден аспауға тиіссіңдер. Мәселен, рұқсат етілмеген митингілер мен басқа да саяси жиындарға қатысуға болмайды», – деді Болат Заутұлы.
Сондай-ақ қауымдастық өкілі шетелдегі қазақ диаспорасына қатысты мәліметтерге тоқталды. Оның айтуынша, әлемнің 44 елінде 6 миллионға жуық қазақ тұрады. Ал 34 елде қазақтардың мәдени орталықтары жұмыс істейді.
Кездесу соңында Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы «Прайм» автокешені, «Астау» кафесінің құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер, меценат Кенжебай Қамысбайға «Ұлы көшке – 35 жыл» мерекелік медалі табысталды.
Тілеуберді САХАБА.
