Бүгінде аймақтағы әлеуметтік нысандарды жөндеу, оларды толығымен жаңғырту жұмысына баса мән берілуде. Соның бір айғағы — облыс орталығындағы балабақшалардың күрделі жөндеуден өтіп, заманауи мектептердің бой көтеруі. Дертіне дауа іздеген жандарға қолайлы жағдай жасау да назардан тыс қалмайды.
Елу жылда алғаш рет жаңарды
Өткен жылы балабақшаларды кешенді күрделі жөндеуден өткізу бойынша өңірлік бағдарлама бастау алған болатын. Соның аясында облыс орталығындағы №5, №42 және №82 мектепке дейінгі мекемелер адам танымастай өзгерді. Мұндағы жұмыстар былтыр маусымда басталып, жарты жылдың аралығында аяқталған-ды. Ғимараттардың іші-сырты толығымен әрленіп, инженерлік желілері ауыстырылып, аумағы толығымен абаттандырылды. Барлық мекемедегі ойын және оқу аймақтары қайта жарақтандырылып, жиһаздары жаңартылды. Әр балабақша жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камераларымен жабдықталды. Қысқасы, үш балабақша да соңғы үлгідегі мекемелерге толығымен теңестірілді. Мұнда балғындардың тәлім-тәрбие алып, бос уақытын өткізуіне барынша оңтайлы жағдайлар жасалды. Айталық, №5 балабақшада электрмен жабдықтау, кәріз, сумен жабдықтау және жылыту жүйелері қайта салынды. 1981 жылы салынған №42 мектепке дейінгі гимназияның ғимараты мен аумағына күрделі жөндеу жүргізілді. Балалардың талантын ашу үшін музыка залы, бассейн, инклюзия, ағылшын тілі, информатика кабинеттері және тағы басқа арнайы кабинеттер қайта жабдықталды.
Өткен жылдың желтоқсанында жарты ғасырлық мерейтойын атап өткен №82 арнайы балабақшаға да жаңғырту жұмыстары ауқымды түрде жүргізілді. Бұл мекеме көру қабілетінде ақауы бар балаларға арналған. Балабақша ашылғаннан бері мұнда күрделі жөндеу жүргізілген емес. Бұл мекеме тек былтыр жөндеуден өтіп, осы жылдың қаңтар айында есігін қайта ашты.
— Ескі ғимараттан тек қабырғалары ғана қалды. Қалғанының барлығы ауыстырылды. Құрылысшылар барлық бөлмелер мен жылыту жүйелерін жөндеді, сантехника мен электр сымдарын ауыстырды, желдету жүйесін қайта жабдықтады, қасбеттерін, кіру топтарын жаңартты. Аумақта жаңа ойын алаңдары орнатылып, асфальт төселді, — деді №82 балабақшаның басшысы Татьяна Шульга.
Көру қабілетінде бұзылыстары бар балалар үшін ортоптикалық кабинет, бассейн жұмыс істейді. Жөндеуден өткен осы және өзге де балабақшалардың жұмыс барысымен танысқан аймақ басшысы Асайын Байханов мектепке дейінгі білім беру мекемелері әркез жергілікті биліктің назарында екенін атап өтті. Ал аталмыш мекемеге қосымша жабдықтар сатып алу үшін ұжымға 18 млн теңгелік сертификат табыс етті.
— Бүгінгі біздің жасап жатқан ісіміз — бұл біздің болашағымызға, балаларымызға қосқан үлесіміз. Біз олардың тәрбие алатын жағдайларына ерекше мән беруіміз қажет, — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, балабақшаларды жаңғырту жұмыстары биыл да жалғасады.
«Жайлы мектеп» қашан ашылады?
Мектеп оқушылары үшін де жайлы жағдайлар жасалмақ. Облыс орталығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін екі жаңа мектеп салынады. Олардың құрылыс барысын аймақ басшысы Асайын Байханов тексерді.
Облыс әкімі алдымен Достық шағын ауданында салынып жатқан 1200 орындық 3 қабатты оқу орнының құрылыс алаңына барды. Білім ордасын салу барысында барлық заманауи технологиялар мен ең жоғары стандарттар қолданылатын болады. Оқу кабинеттерінен басқа үлкен мәжіліс залы және үш спорт залы көзделген. Мектеп аумағында футбол, баскетбол және хоккей алаңдары, тренажерлар, воркаут, әр түрлі жастағы ойындарға арналған алаңдар, жүгіру жолдары және т.б. орналасады. Қазір құрылыс орнында жертөленің еден плиталарын орнату және 1 қабаттың қабырғаларын кірпішпен қалау жұмыстары жүргізілуде. Жаңа мектептің құрылысын осы жылдың соңына дейін толығымен аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, жаңа шағын ауданда мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған 80 орындық шағын орталықтың құрылысы аяқталуда. Оны ағымдағы жылдың шілде айында ашу жоспарлануда.
Тағы бір жаңа заманауи мектеп Гагарин көшесі, 47 мекенжайы бойынша орналасқан Қ.Мақпалеев атындағы №4 мектептің жанында бой көтереді. Оқу орны 600 балаға арналмақ. Мамандар болашақ оқу орнының іргетасын қалау және инженерлік желілерді салу үшін дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығында тағы 3 мектеп салынады. Жобаны іске асырудың екінші кезеңінде Жастар, Усолка және Шығыс шағын аудандарында мектептер салу жоспарда бар. Аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдарға жобаны іске асыруға қатысты барлық мәселені жедел түрде шешуді тапсырды.
Сондай-ақ, №26 мектепте білім беру нысандарын абаттандыру жоспарлары таныстырылды. Былтыр Павлодардың
40 балабақшасының аума-ғындағы 80 мың шаршы шақырым асфальт жабыны толығымен жаңартылған еді. Биыл да дәл осылай ондаған жылдар бойы жаңартылмаған және әбден тозығы жеткен облыс орталығындағы 20 мектептің аумағын абаттандыру жоспарлануда. Жалпы 92,4 мың шаршы метр аумаққа асфальт жабыны төселеді.
Үздік тәжірибе — нәтиже бастауы
Өткен жылдың мамыр айында өңірдің сегіз емханасында үздік тәжірибе орталықтары ашылды. Олардың міндеті ретінде халыққа медициналық, психологиялық және әлеуметтік қызметтер көрсету айқындалды.
«Үздік тәжірибелер орталығы» жобасы — алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жұмысын қайта форматтауға арналған жаңа құрал. Оның басты мақсаты — емханаларға жүгінетін тұрғындар ағынын тиімді реттеу есебінен дәрігерлерге, учаскелік қызметтерге және тіркеу орындарына түсетін жүктемені азайту.
Облыс әкімі Асайын Байханов «Үздік тәжірибелер орталығы» пилоттық жобасының қалай іске асырылып жатқанын тексеріп, оның жұмысында қол жеткізілген оң нәтижелермен танысты. Мәселен, №3 емханада психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер қабылдау жүргізетін фронт-кеңсе жұмыс істейді. Барлық өтініштер «Осында және қазір» қағидаты бойынша қарастырылады. Кеңсенің 2023 жылдың қыркүйегінен бастап осы уақытқа дейінгі жұмысы кезеңінде әлеуметтік қызметкерлер ем алушылардың ішінен 88 адамды қамқорлыққа алды. Бүгінгі таңда 25 адамның сұрақтары толығымен шешімін тапты. Қалғандары бойынша жұмыстар жалғасуда.
Мамандардың табысты жұмысының жарқын мысал-дарының бірі — осы уақытқа дейін қандай да бір мекемеге жүгінбеген 1940 жылы туған ем алушыға зейнетақысын рәсімдеуге жәрдемдесуі. Сондай-ақ, емханада әр түрлі кеңестер алуға болатын 35 жасқа дейінгі пациенттерді қабылдауға арналған жастар орталығы жұмыс істейді. Патронаж қызметінің әмбебап моделі бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Аймақ басшысы Павлодар ауданының емханасында ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі пациенттерге арналған тіркеу орнының, «Дамумед» медициналық ақпараттық жүйесіне қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышының, психологиялық және әлеуметтік көмек бөлімшелерінің, дені сау бала кабинеттерінің жұмысымен танысты. Мұнда жаңа жұмыс форматына барлық медицина қызметкері оқытылды. Жоба барысында санаттар бойынша 5 мыңға жуық әлеуметтік-психологиялық паспорт жасалды. Жұмыстардың нәтижесінде халықтың сенім көрсеткіші жақсарып, профилактикалық жұмыстар белсенді жүргізілуде.
— Үздік тәжірибелер орта-лығын енгізу — медицинаның бірегей бағыттарының бірі. Адамға баса назар аударып, әр отбасыға жекелей көмек көрсету маңызды. Тіпті, қол жеткізілген алғашқы нәтижелер де алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жұмысын қайта форматтауда маңызды дәлел болып табылады, — деп атап өтті өңір басшысы.
Мейірбикелік және цифрлық бекеттерді, тіркеу және колл-орталық сервистерін, онлайн кеңестер сынды жаңа сервистерді облыстың үш қаласындағы тағы тоғыз емханада ашу жоспарлануда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев