Жеңілдік көрсетіледі

Қаз 22, 2026

Биылғы Республика күні мерекесіне орай облыстың қала, аудан және ауылдарында мәдени-ағартушылық, спорттық, тарихи-танымдық бағыттағы 2000-нан астам іс-шара өткізіледі деп күтілуде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Сәменованың айтуынша, биылғы ұлттық мереке ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында аталып өтеді.

Мерекеге арналған салтанатты жиын 23 қазан күні сағат 15.00-де Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді. Оған Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның солистері мен шығармашылық ұжымдары қатысады. Сонымен қатар, еліміздің танымал әншісі Тұрар арнайы келіп, өнер көрсетеді.

— Республика күнін мерекелеу – еліміздің мемлекеттілігін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, азаматтардың отансүйгіштік сезімін арттыруға және Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған. 20 қазаннан бастап өңірдің мәдениет мекемелерінде әдеби-музыкалық кештер, тақырыптық кітап көрмелері, тарихи және патриоттық сағаттар, дәрістер, кездесулер мен шығармашылық бағдарламалар ұйымдастырылады, – деді Самал Елжасқызы.

Мәдениет сарайының фойе-сінде еліміздің егемендік тарихына арналған «Рухы биік ел – болашағы жарқын Қазақстан» көрмесі ұйымдастырылады. Сол күні сағат 16.00-де Екібастұз қаласындағы «Өнер» мәдениет сарайында және Ақсу қаласындағы С.Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында мерекелік концерттер өтеді. 15–25 қазан аралығында өңірде «Республика және Конституция: жауапты азамат – қуатты мемлекет» атты зияткерлік-ағартушылық апталық өтеді. Оның аясында тақырыптық сабақтар, дәрістер, ашық талқылаулар, пікірсайыстар мен зияткерлік ойындар ұйымдастырылады. 17–25 қазан аралығында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, бокс, дзюдо, жеңіл атлетика және футболдан жарыстар өткізу жоспарланған.

Павлодар облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы сауда саясаты бөлімнің басшысы Талғат Әкімниязовтың айтуынша, мереке қарсаңында өңірде «Republic Day» және «Береке Fest» республикалық акциялары да өтеді. «Береке Fest» акциясына «Greenwich», «Inmart», «Small», «Ваш магазин» және басқа да 28 сауда нысаны қатысады. Онда тұтынушыларға күнделікті сұранысқа ие өнімдерге 30 пайызға дейін жеңілдік ұсынылады. Ал «Republic Day» акциясына 13 сауда нысаны қосылды.

Т.САХАБА.