Қоңыр күздің соңы қыстың қамын ойлатпай қоймайды. Әсіресе, баспанасын көмірмен жылытатын тұрғындар үшін қысқы отынның жайын ерте қамдау маңызды. Биыл да Павлодар қаласында қатты отын сатып алуға арналған біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ендеше, бұл қолдауға кімдер үміткер бола алады және оны алу үшін қандай құжаттар қажет? Осы сауалдарға жауап алу үшін Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Жұмағұловқа жүгінген едік.
— Бауыржан Әбдірашитұлы, жаз айларының соңынан бастап қатты отын сатып алуға әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш қабылдау басталған екен. Құжаттарды қашанға дейін тапсыруға болады?
— Қатты отын сатып алуға арналған әлеуметтік көмекке құжаттар жылыту маусымына дайындық кезеңінде қабылданады. Биыл өтініштерді тапсырудың соңғы мерзімі 31 желтоқсанға белгіленген. Сондықтан әлеуметтік қолдауға құқығы бар азаматтар қажетті құжаттарын алдын ала әзірлеп, белгіленген мерзім аяқталғанға дейін өтініш бергені жөн.
— Мемлекеттің қолдауын кімдер көре алады? Нақты қандай санаттағы азаматтардың бұл жәрдемге жүгінуіне болады?
— Павлодар қалалық мәслихатының 2026 жылғы 9 сәуірдегі № 314/41 шешімімен бекітілген қағидаларға сәйкес, қатты отын сатып алуға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Аталған қолдау шарасы халықтың әлеуметтік осал санаттарын қамтиды. Атап айтқанда, көмек алуға барлық топтағы мүгедектігі бар азамат, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар мен көпбалалы аналар үміткер бола алады. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы орташа табысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасыларға да әлеуметтік көмек қарастырылған. Дегенмен, көмек алу үшін белгілі бір талаптар сақталуы керек. Өтініш беруші пешпен жылытылатын жеке тұрғын үйде тұруға және сол мекенжай бойынша тіркелуге тиіс.
Айта кетерлігі, көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар азаматтарға және кәмелетке толмаған мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға әлеуметтік көмек отбасының табыс деңгейіне қарамастан көрсетіледі. Ал өзге санаттағы азаматтардың өтініштері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысына қатысты талаптарды ескере отырып қаралады.
— Көмек алу үшін қандай құжаттар қажет?
— Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші белгіленген құжаттар топтамасын жинақтап, тиісті мекемеге тапсыруы қажет. Алдымен, жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисіндегі электрондық құжат ұсынылады. Бұдан бөлек, өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің табыстары туралы мәліметтер қажет. Алайда табысына қарамастан көмек алуға құқығы бар азаматтар мен отбасыларға бұл талап қолданылмайды. Сондай-ақ, тұрғын үйге меншік құқығын немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі. Егер өтініш беруші тұрғын үйді жалға алып тұрса, нотариаттық тәртіппен куәландырылған жалдау шартын ұсынуы керек. Бұған қоса, тұрғын үйдің пешпен жылытылатынын растайтын құжат та талап етіледі.
Өтінішті қарау барысында ұсынылған құжаттардың толықтығы мен қолданыстағы қағидалардың талаптарға сәйкестігі ескеріледі. Әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім осы мәліметтердің негізінде қабылданады.
— Өтініштерді қайда тапсырады?
— Қатты отын сатып алуға арналған әлеуметтік көмекке өтініш пен қажетті құжаттарды Павлодар қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) тапсыруға болады. Мекенжайы: Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі, 80.
Қысқы кезеңде тұрғын үйлерді жылытуға байланысты шығындар отбасылық бюджетке салмақ түсіретіні белгілі. Осы ретте әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың тұрмыстық жағдайын жеңілдетуге және жылыту маусымына дайындалуына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Сондықтан көмек алуға құқығы бар тұрғындарға құжаттарын уақытылы рәсімдеп, өтініштерін 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін тапсыру ұсынылады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен — Айдана БОРАНБАЕВА.

