Соңғы жылдары облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің техникалық әлеуеті едәуір нығайған. Мәселен, заманауи өрт сөндіру көліктері, жедел әрекет ету машиналары, мотопомпалар, әуеден барлау жүргізетін құрылғылар мен жылжымалы штаб кешені қосылған. Ал солардың ішіндегі ерекше техниканың бірі – жергілікті мамандардың «Қалқан-7» ЖШС-імен бірлесіп жасаған робот-өрт сөндірушісі.
Шынжыр табанды жүріс бөлігіне орнатылған бұл робот алдымен адам өміріне қауіп төнетін аумақтарда жұмыс істеуге арналған. Ол мұнай өңдеу кәсіпорындарындағы және өзге де қауіпті нысандардағы өртті сөндіруге көмектеседі. Құрылғы қашықтан басқарылатындықтан, мамандар қатерлі аймаққа тікелей кірмей-ақ оның әрекетін бақылап, қажетті бағытқа бағыттай алады.
– Робот-платформаны арнайы пульт арқылы басқарамыз. Бейнекамерасы өрт ошағындағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Басқару қашықтығы тығыз құрылыс жағдайында 300 метрге дейін, ал ашық жерде бір шақырымға дейін жетеді, – дейді робот операторы Азамат Қанғатов.
Темір көмекші жарылыс қаупі бар, құрылымдардың құлау ықтималдығы жоғары және температурасы шамадан тыс көтерілген ортада жұмыс істей алады. Оның жеке су немесе көбік қоры жоқ. Сондықтан платформа өрт сөндіру көлігіне арнайы жең арқылы жалғанып, сол арқылы су беріледі. Мамандардың айтуынша, құрылғы сегіз сағатқа дейін жұмыс істеуге қабілетті. Мұндай техниканың басты артықшылығы – өрт сөндірушілердің қауіп-қатерге ұшырау ықтималдығын азайтып, тілсіз жаумен күрестің тиімділігін арттыру.
Құтқарушылардың техникалық жабдықталуы тек өртті сөндірумен шектелмейді. Төтенше жағдайлар департаментінің қарамағындағы жылжымалы өрт-техникалық зертхана да маңызды міндет атқарады. Мұнда мамандар өрттің қай жерден басталғанын анықтап, оның шығу себептерін зерттейді. Сонымен қатар, түрлі материалдың өрт қауіптілігіне қатысты көрсеткіштерін тексереді.
Биыл зертхананың мүмкіндігі эндоскопиялық камерамен жабдықталған жаңа кешеннің есебінен кеңейе түскен. Бұл құрылғы көз жетпейтін, қол жетуі қиын қуыстар мен жабдықтардың ішкі бөліктерін тексеруге көмектеседі. Мәселен, қозғалтқыш бөліктері мен пештердің ішін арнайы құралдың көмегімен қарауға болады. Құрылғының жұмыс бөлігі шамамен бес метрге созылады.
– Жаңа құрал мамандарға бұрын тікелей тексеру қиын болған орындарды зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл өрттің шығу себебін анықтау кезінде маңызды деректер алуға көмектеседі, – дейді жылжымалы зертхананың бас маманы Ринат Аутанов.
Өрттің басталған тұсын анықтау үшін мамандар бірнеше зерттеу әдісін қолданады. Соның бірі – құйынды токтар әдісі. Жоғары температураның әсерінен металл бетінде пайда болатын окалина мен оксид қабатының сипаттамалары өлшенеді. Осы мәліметтер арқылы қатты қызған аумақтарды анықтап, жалынның бастапқы таралған жерін нақтылауға болады. Бұдан бөлек, құрылыс конструкцияларының зақымдану тереңдігін өлшейтін арнайы қондырғы, қалдық температураны анықтайтын пирометр және қажетті арақашықтықтарды өлшеуге арналған электронды құралдар пайдаланылады.
Зертхана мамандары газталдағыштардың көмегімен әртүрлі затты, соның ішінде көмірсутектерді анықтайды. Зерттеу нысанына қарай бензин, ацетон және басқа да қосылыстардың бар-жоғы тексеріледі. Индикаторлық түтіктердің түсі өзгеруі де белгілі бір заттың болуын анықтауға мүмкіндік береді. Өрттен кейінгі зерттеудің ұзақтығы оқиғаның ауқымына байланысты. Жеке тұрғын үйдегі өртті тексеруге шамамен бір сағат жұмсалса, ірі ғимаратты зерттеу екі-үш сағатқа немесе одан да ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.
Жылжымалы зертхана Павлодар қаласындағы оқиғалармен қатар, еліміздің өзге өңірлеріндегі ірі әрі қоғамдық резонанс тудырған өрттерге де жіберіледі. Солардың бірі – Астанадағы «Big Шанхай» сауда үйінде болған өрт. Онда жалын шамамен үш мың шаршы метр аумақты шарпыған.
Өрт сөндірушілердің құрал-жабдықтары қатарында электр қуатын үздіксіз қамтамасыз етуге арналған генератор, жарық мұнарасы және ұшқышсыз ұшу аппараты да бар. Әсіресе, орман өрттері кезінде дрондардың көмегі зор. Өйткені мұндай жерлерге арнайы техниканың жетуі қиын, ал кейбір аумақтарда байланыс тұрақсыз болуы мүмкін.
Ұшқышсыз аппараттар Баянауыл сияқты табиғаты күрделі өңірлерде адасып кеткен немесе із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеу кезінде де қолданылады. Әуеден алынған ақпарат адамның орналасқан жерін анықтауға, іздеу бағытын белгілеуге және құтқарушылардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.
